Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 10.03.2026 по делу 6003-25-00-2к/5056 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/5056

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 10 наурыз Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып, талап қоюшы өкілі А.С.Оразбаевтың,

жауапкер өкілдері М.К.Буркитбековтың, Р.А.Бисекешованың қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 қазандағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен,

талап қоюшы Руслан Мұханбеткерейұлы Маңғыбаевтың жауапкер «ТеңізСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тәртіптік жаза қолдану, еңбек шартын бұзу туралы бұйрықтарды заңсыз деп тану, бұрынғы жұмысына қайта орналастыру, бос жүруге мәжбүр болған бүкіл уақыты үшін жалақысын өндіру туралы электрондық азаматтық ісін қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Түпқараған аудандық сотының 2025 жылғы 30 маусымдағы шешімімен Р.М.Маңғыбаевтың аталған талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Бірінші сатыдағы сотпен талап қоюдың қанағаттандырусыз қалдырылуы, талап қоюшының тәртіптік жазасы бола тұра еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз қайталап орындамағаны, онымен еңбек шартын бұзуға негіз болып табылатынына негізделген.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 қазандағы қаулысымен, сот шешімінің күші жойылып, жауапкер «ТеңізСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Баутин филиалының (бұдан әрі - Серіктестік) 2024 жылғы 30 қыркүйектегі №218, 11 қазандағы №240 және 29 қазандағы №261 бұйрықтары заңсыз деп танылып күші жойылған.

Р.М.Маңғыбаев Серіктестіктің өндірістік-техникалық қызметінің бас механигі жұмысына қайта орналастырылып, оның пайдасына мәжбүрлі түрде бос жүрген уақытына орташа жалақысы 4 736 707 теңге өндірілген. Сот шығындары бөлінген.

Іс бойынша жаңа шешім шығарылуына апелляциялық сатыдағы соттың талап қоюшының қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны сотта өз дәлелін таппағаны және тәртіптік жаза қолдану тәртібі бұзылғаны туралы тұжырымға келуі негіз болған.

Жауапкер кассациялық шағымында, сотпен материалдық құқық нормаларының бұзылуына, сот актісінде баяндалған сот түйіндерінің істің мән-жайларына сәйкес келмеуіне, қайталап тәртіптік теріс қылық жасалғаны іс құжаттарымен расталуына байланысты, бірінші сатыдағы соттың шешімін қалпына келтіруді сұраған.

Талап қоюшы кассациялық шағымға байланысты пікірінде, оның уәждерімен келіспей, негізі ретінде сілтеме жасаған мән-жайлары сотта зерттелген дәлелдемелер жиынтығымен жоққа шығарылғандықтан, шағым берілген сот актісін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде апелляциялық сатыдағы сот актiсінің заңдылығын тексерiп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi тұрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сотпен іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 1- бабының 1-тармағының 76) тармақшасына сәйкес тәртіптік теріс қылықжұмыскердің өз еңбек міндеттерін құқыққа қарсы, кінәлілікпен орындамауы немесе тиісінше орындамауы, сондай-ақ еңбек тәртібін бұзу болып табылады.

Тараптар арасында дау туындағанда қолданыста болған «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 6 қазандағы № 9 нормативтік қаулысының 16 – тармағының талабына сәйкес, сот Кодекстің 52-бабы 1-тармағының 16) тармақшасында көзделген негіз бойынша жұмыстан шығарылған адамды бұрынғы жұмысына қайта алу туралы талап қоюды шешу кезінде жұмыскердің бұрын сол үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылған теріс қылық жасаған-жасамағаны, осы тәртіптік жазаны қолданудың заңнамалық актілерде белгіленген тәртібі мен мерзімдерінің сақталғансақталмағаны, жұмыскердің еңбек міндеттерін дәлелді себептерсіз қайталап орындамау немесе қайталап тиісінше орындамау белгісінің бар-жоғы туралы дәлелдемелерді зерттеуге міндетті.

Егер сот істі қарау кезінде адамды бұрын жасалған теріс қылығы үшін тәртіптік жауаптылыққа тарту заңнаманы бұза отырып жүргізілгенін анықтаса, онда қайталану белгісі алып тасталып, талап қоюшы бұрынғы жұмысына қайта алынуға тиіс.

Қайталануды айқындау кезінде жұмыскерде, оның бірінші теріс қылыққа ұқсас қандай тәртіптік теріс қылықты қайталап жасағанына немесе басқа тәртіптік теріс қылық жасағанына қарамастан, тәртіптік жазаның қолданылу кезеңінде оның түрлерінің (ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс) біреуінің бар болуын басшылыққа алу қажет. Еңбек шартын бұзудың негізінде жұмыскерге еңбек міндеттерін дәлелді себептерсіз қайталап орындамағаны немесе қайталап тиісінше орындамағаны үшін тәртіптік жаза қолдану көзделген.

Бұл ретте сот жұмыскердің Еңбек кодексінің 65-бабында көзделген тәртіппен тәртіптік жауаптылыққа тартылған бұрын жасалған тәртіптік теріс қылығы болған кезде ғана еңбек шартын осы негіз бойынша бұзуға мүмкін болатынын назарда ұстауы тиіс.

Р.М.Маңғыбаев Серіктестікте 2008 жылғы 25 ақпанда өндірістіктехникалық қызметіне слесарь-механик болып жұмысқа қабылданып, 2014 жылғы 10 қарашада өндірістік-техникалық қызметінің бас механигі жұмысына ауыстырылған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Р.М.Маңғыбаевқа 2024 жылғы 13 қыркүйекте, сағат 16:10-шамасында өндірістік жұмыс орнында қорғаныш дулыға мен арнайы аяқ киімсіз жүргені үшін, Серіктестіктің 2024 жылғы 30 қыркүйектегі №218 бұйрығымен «сөгіс» түріндегі тәртіптік жазасы жарияланған.

Оған дәлел ретінде Т.Бердалиев, А.Тулегенов және М.Б.Ханыевтардың қолдары қойылған, 2024 жылғы 13 қыркүйекте жасалған актісі негіз болған.

Алайда, актіге қол қойған Т.Е.Бердалиев пен А.Тулегенов түсініктерінде Р.М.Маңғыбаевтың жұмыс орнында қорғаныш дулыға мен арнайы аяқ киімсіз жүргенін нақты көрмегендерін көрсеткен.

Одан бөлек, Р.М.Маңғыбаевқа тәртіптік жаза қолдануда Кодектің 65бабының 2-тармағының талаптарының бұзылуына жол беріліп, жұмыскерден жазбаша нысанда немесе электронды құжат нысанында түсініктеме беру туралы талап рәсімделмеген, тек түсініктеме беруден бас тартқаны жөніндегі актісін жасаумен шектелген.

Яғни, Р.М.Маңғыбаевқа тәртіптік жаза қолдануда еңбек заңнамасының талаптарының бұзылуына жол берілген және негіз болған мән-жайлар жеткілікті дәлелдермен расталмаған.

Сонымен бірге, сол күні сағат 15:20-шамасында Серіктестіктің теңіздегі мұнай операцияларын қолдану базасы айлағында электр дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу барысында қысқа тұйықталудан электр сымының тұтанып өрт шығу оқиғасы орын алған.

Орын алған оқиғаға қатысты жүргізілген қызметтік тергеу комиссиясының есебімен Р.М.Маңғыбаевтың еңбек қауіпсіздігі және еңбек қорғау нормаларын өрескел бұзғаны, от жұмыстарын қауіпсіз жүргізу жөніндегі іс-шараларды орындамағаны және орындаушының жұмысына жеке бақылау жүргізбегені анықталып, оған 2024 жылғы 11 қазандағы №240 бұйрықпен «қатаң сөгіс» түрінде тәртіптік жазасы қолданылған.

Алайда, қызметтік тергеу комиссиясының есебіне қарағанда электр сымының қысқа тұйықталуының себептері, оған Р.М.Маңғыбаевтың тікелей кінәлі әрекеттері немесе әрекетсіздігі анықталмаған, тек жалпылама лауазымдық нұсқаулығының талаптарына сілтеме жасалып, кінәлілігіне қатысты тұжырымдар жасалған.

Өз кезегінде, жалпыға бірдей белгілі электр сымының қысқа тұйықталуы күтпеген жағдай болып табылады.

Жалпы, сотта анықталған мән-жайларға қарағанда жұмыс берушімен бір күнде, бір сағаттың ішінде орын алған оқиғалар екі бөлек қаралып, олар бойынша Р.М.Маңғыбаевқа екі бөлек тәртіптік жазасы қолданылған.

Жұмыс берушімен Р.М.Маңғыбаевқа 2024 жылғы 16 қазанда Серіктестіктің 2024 жылға сатып алуға көзделген және «1С» жүйесіне енгізілген барлық қосалқы бөлшектердің негіздемелері мен техникалық ерекшеліктерін, бюджеттік өтінімді қалыптастыру кезінде сатып алулар және келісім-шарттар департаментіне «1С» жүйесі арқылы ұсынылған барлық алынған коммерциялық ұсыныстарды ұсыну тапсырылған.

Аталған тапсырма орындалмағандықтан Серіктестіктің 2024 жылғы 29 қазандағы №261 бұйрығымен Р.М.Маңғыбаевпен еңбек шарты бұзылған.

Бірінші сатыдағы сотымен қолданылған бұл тәртіптік жазаның заңдылығы, бас механиктің лауазымдық нұсқаулығының 3.10 – тармағында көзделген міндеттердің орындалмауына негізделген.

Алайда, нұсқаулықтың бұл тармағында бас механикке Серіктестіктің құрылыс кезінде және жөндеуден кейін жаңа жабдықтың уақытылы пайдалануға берілуін бақылау; жабдықты, шикізатты, материалдар мен қосалқы бөлшектерді сатып алуға жіберілген қаражаттың жұмсалуын, белгіленбеген жабдықты сақтау қағидаларының сақталуын және консервациялау сапасын бақылау міндеттері көзделген, яғни оған ұсыну емес, бақылау, сақтау функциялары жүктелген.

Қалыптасқан жағдайда, Р.М.Маңғыбаевтың аталған жұмыстарды орындауға мүмкіндігі болмаған.

Өз кезегінде, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әріАК) 8-бабының талабы бойынша, азаматтар мен заңды тұлғалардың басқа тұлғаға зиян келтiруге, құқықты өзге нысандарда теріс пайдалануға, сондай-ақ құқықты оның мақсатына қайшы келетiндей етiп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттерiне жол берiлмейдi. Бұл талаптар сақталмаған жағдайда сот адамға тиесілі оның құқығын қорғаудан бас тарта алады.

Бұл тұрғыда кассациялық сатыдағы соты, апелляциялық сатыдағы сотының Р.М.Маңғыбаевтың әрекетінде еңбек шартын бұзуға негіз болып табылатын - тәртіптік жазасы бар жұмыскердің еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз қайталап орындамау белгілерінің анықталмағаны жөніндегі тұжырымдарымен келіседі.

Негізгі талап қанағаттандырылғандықтан, Кодекстің 161-бабының талаптарына сәйкес талап қоюдың қалған бөлігі де дұрыс қанағаттандырылған.

Кодекстің 4-бабына сәйкес адам мен азаматтың еңбек саласындағы құқықтарының шектелуіне жол бермеу Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының қағидаттарының бірі болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдары жан-жақты зерттелген дәлелдемелерге және тараптардың арасында туындаған құқықтық қатынасқа қолдануға жататын тиісті материалдық құқық нормаларына негізделген.

Сондықтан шағым берілген қаулы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 қазандағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Джаппарова

Судьялар Н.Ормаханов

А.Есдаулетов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.