ВС РК - Постановление от 24.11.2022 по делу 6001-22-00-6ап/1079 (Административное)

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 24 қараша 6001-22-00-6ап/1079 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өміралиев болып,

талап қоюшы К[...] өкілі Ж[...],

жауапкерлер Шымкент қаласының әкімінің және «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (ММ) өкілі У[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында мобильді бейне-конференцбайланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы К[...] жауапкерлер Шымкент қаласының әкімдігіне, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» ММ-не әкімнің қаулысына өзгеріс енгізуді міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 3 ақпандағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 сәуірдегі қаулысына К[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 3 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 сәуірдегі қаулысымен сот актісі күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкерлер өкілінің шағыммен келіспеген пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Талап қою арызында баяндалған мән-жайларға қарағанда К[...] жеке меншігінде қосалқы шаруашылық жүргізу үшін берілген алаңы 0,1106 га және асхана құрылысын салу үшін берілген алаңы 0,0513 га жер учаскелері болған. Ол 2014 жылғы 30 шілдеде Шымкент қаласының әкімінің атына өтініш түсіріп, аталған екі жер учаскесін біріктіріп, нысаналы мақсатын мектепке дейінгі шағын орталық және ақысыз автотұрақ ұйымдастыруға өзгертуді сұраған.

Шымкент қаласының әкімінің 2014 жылғы 14 қарашадағы №2460 қаулысымен К[...] жер учаскелері біріктіріліп, нысаналы мақсаты өзгертілген:

-алаңы 0,1255 га жер учаскесіне мектепке дейінгі шағын орталық етіп қайта құрылымдау үшін жеке меншік құқығы беріліп;

-алаңы 0,0364 га бөлігі құрылыс салу құқығынсыз, қоршаусыз ақысыз автотұрақ ұйымдастыру үшін 5 жылға уақытша жер пайдалану құқығы беріліп, өзгертілген;

-бұдан басқа, қосымша сұратылған алаңы 0,0103 га жер учаскесіне мектепке дейінгі шағын орталықты пайдалануға жеке меншік құқығы берілген.

Сотта анықталғандай әкім қаулысы негізінде 2014 жылғы 5 желтоқсанда аталған жер учаскелеріне тиісті сәйкестендіру құжаттары алынып, тіркеуден өткізілген.

К[...] талап қою арызында өзінің жеке меншігінде болған екі жер учаскесін біріктіргенде алаңы 0,0364 га жер учаскесіне жеке меншік құқығы жойылып, оған уақытша жер пайдалану құқығы рәсімделгені заңсыз екендігін көрсетіп, қаулыға түзету енгізуді сұраған.

Соттар талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыруын атқарушы органның жер учаскесіне құқық беру туралы өз шешімін онда көрсетілген талаптар орындалғаннан кейін, яғни тұлға жер учаскесіне мемлекеттік акті алғаннан кейін, өзгертуге құқы болмайды деп негіздеген.

Жергілікті соттардың бұл тұжырымы қате болып табылады.

Даулы болып отырған жер учаскелеріне қатысты К[...] қойып отырған талабы үшінші тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін бұзбайды.

ӘРПК-нің 91 бабының төртінші бөлігіне сай шағым әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға беріледі. Әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды адам шағым келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді. Бұл ретте әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік орган, лауазымды адам, егер ол үш жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын қолайлы әкімшілік акт қабылдаса, әкімшілік әрекет жасаса, шағымды қарайтын органға шағымды жібермеуге құқылы.

Яғни, аталған заң нормасында атқарушы органның шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын қолайлы әкімшілік акт қабылдауға құқылы екендігі тікелей көзделген.

АПК-нің 451-бабының бесінші бөлігінің 8) тармақшасына сәйкес кассациялық сатыдағы сот бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттардың шешімін, ұйғарымын, қаулысын өзгертеді немесе бiрiншi сатыдағы сот шешімінің, ұйғарымының, қаулысының немесе апелляциялық сатыдағы сот қаулысының, ұйғарымының күшін толық не бір бөлігінде жоя отырып, егер істің мән-жайын бірінші немесе апелляциялық сатыдағы сот толық және дұрыс анықтаған, бірақ материалдық құқық нормаларын қолдануда қателік жіберілген болса, істі жаңадан қарауға жібермей жаңа сот актісін шығарады.

Қаралып отырған іс бойынша жергілікті соттар материалдық құқық нормаларын қолдануда қателік жіберген. Бірақ соттар істің мән-жайын толық және дұрыс анықтамағандықтан кассациялық сатыдағы сот бұл кемшіліктерді жоймай жаңа шешім қабылдауға болмайды деп есептейді.

Соттар дауланып отырған әкім қаулысына дейін, сондай-ақ одан кейін К[...] жер учаскелеріне жеке меншік құқығын куәландыратын дәлелдемелерді зерттемеген. Осы мән-жайларды бекітетін құжаттар іске тіркелмеген.

Сондықтан іс апелляциялық саты сотына жаңадан қарауға жолдануға жатады. Істі жаңадан қарағанда жоғарыда аталған кемшіліктерді жойып, дау бойынша негізді және заңды шешім қабылдау қажет.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік колексінің 451-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 28 сәуірдегі қаулысының күші жойылсын. Іс осы сот алқасында жаңадан қарауға жолдансын.

Талап қоюшы К[...] кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші С.Баймаханов Судьялар Ш.Даниярова Е.Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.