ВС РК - Постановление от 22.04.2025 по делу 6001-25-00-3гп/103 (Гражданское)

6001-25-00-3гп/103

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 22-сәуір Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші - судья Ғ.Ж.Мырзакенің, судьялар М.Т.Балкеннің, М.Г. Боровиктің, талапкердің өкілі - Д.М.Мақсұтбековтің, жауапкердің өкілі - Б.Ш.Сейтекеннің қатысуымен,

ашық сот отырысында мобильді бейнебайланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы «Жосалы кенті әкімінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Мекеме) жауапкер «Энергиянұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Серіктестік), мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24-қазандағы қаулысын қайта қарау туралы Серіктестіктің келтірген өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :

Мекеме сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгінген. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 23-тамыздағы шешімімен Мекеменің талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған. Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24-қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, Мекеменің талап қоюын қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған. Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған.

Өтінішхатта арызданушы істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мән-жайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, нақтыланбағанын көрсетіп, іс бойынша қабылданған апелляциялық сатыдағы сот қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған. Сот алқасы арызданушының өтінішхатты қолдаған түсінігін, өтінішхат уәждерін талқылап, прокурордың қорытындысын тыңдап, электрондық іс-құжаттарын зерделеп, келесідей қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттармен жол берілмеген деген пікірге келуге болады.

Мекеме мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талабын Серіктестіктің шарт бойынша міндеттемесін толық орындамауына негіздеген.

Іс құжаттарынан анықталғандай, 2024 жылғы 28-наурызда тараптардың арасында құрылыспен байланысты емес жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шарт (бұдан әрі - Шарт) жасалған. Серіктестік аталған Шартқа сәйкес Қармақшы ауданы, Жосалы кенті, Рысқұлов көшесін абаттандыру жұмыстарын орындауға міндеттенген. Шарттың құны 31 360 000 теңгені құраған.

Шарттың орындалу мерзімі ол күшіне енгеннен кейін 2 ай ішінде орындалуға тиісті болған. Шарт қазынашылықтың аумақтық органында 2024 жылдың 28-наурызында тіркелген. Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруын Мекеме сотқа жүгінген кезде Серіктестік өзіне жүктелген міндеттемелердің 95 пайызын орындағанын, яғни Мекемеге жағымсыз салдарлар туындамағанын, сол себепті әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттары басшылыққа алынуға жататынын көрсеткен. Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойып, жаңа шешім қабылдап, Шарттың дер кезінде орындалуына ешқандай кедергілердің болмағанын, міндеттердің кеш орындалуының өзі жағымсыз жағдайға жататынын, мерзім 130 күнге кешіктірілгенін тілге тиек еткен.

Кассациялық сатыда іс қарау барысында тараптардың жалпы сомасы 29 миллион теңгеден астам сомаға атқарылған жұмыс актісіне қол қойғаны анықталды. Сондай-ақ, сот талқылауы барысында талапкер Серіктестік тарапынан жұмыс толық орындалғаны және мерзімін бұзғаны үшін айыппұл төленгені туралы түсініктемелер берді.

«Соттардың мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» 2022 жылғы 21 сәуірдегі № 4 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 8-тармағына сәйкес, мемлекеттік сатып алу туралы өнім берушілермен жасалған шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісті түрде орындамаған өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы талап қоюларды қарау кезінде соттар АК-нің 359-бабына сәйкес азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің негізі ретінде өнім берушінің кінәсін және АПК-нің 6-бабының бесінші бөлігіне сәйкес әділдік пен ақылға сыйымдылық өлшемшарттарын негізге ала отырып, Тапсырыс беруші үшін туындаған жағымсыз салдарларды назарға алуы қажет. Шарт тарабына шартты жасасу кезінде үміт артуына құқылы болғанынан едәуір дәрежеде айырылуына келтірген залалды жағымсыз салдарлар деп түсінген жөн (АК-нің 401-бабының 2-тармағы).

Апелляциялық сатыдағы сот істі қарау барысында осы жайттарды ескермеген деген қорытындыға келуге болады.

Жоғарыдағылардың негізінде, сот алқасы апелляциялық сатыдағы сотпен осы істі қарау барысында АПК-нің 224-бабының талаптары сақталмай, іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындамауы және анықтамауы, қолдануға жататын материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауына және істің дұрыс шешілмеуіне әкеп соққан деген қорытындыға келе отырып, іс бойынша қабылданған даулы сот актісін заңды және негізді деп табуға болмайды.

Істің мұндай тұрғысында сот алқасы апелляциялық сот алқасының қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыру туралы түйінге келді.

Алқа, іс бойынша дәлелдемелерді жинауды және қосымша тексеруді талап етпейтінін ескере отырып, даудың мән-жайы толық анықталғанын, алайда апелляциялық сатыдағы сот материалдық құқық нормаларын түсіндіру мен қолдануда қателік жібергенін анықтады.

АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы,

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 24-қазандағы қаулысының күші жойылсын. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 23-тамыздағы шешімі өз күшінде қалдырылсын.

Бюджет қаражатынан «Энергиянұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пайдасына 983 (тоғыз жүз сексен үш) теңге мемлекеттік бажды төлеу бойынша шығыс сомасы өндірілсін.

«Энергиянұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Ғ.Ж.Мырзаке

Судьялар М.Г. Боровик

М.Т. Балкен

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.