КСАД РК - Постановление от 22.10.2025 по делу 6003-25-00-4к/2173 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 22 қазан №6003-25-00-4к/2173 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев,

судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов,

жауапкердің өкілі З.А. Сырбаеваның, мүдделі тұлға «Ақтөбе қаласы «Алматы» ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Әкімнің аппараты) өкілі М.А. Ажибаевтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «ART Stroy NS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкер «Ақтөбе қалалық мемлекеттік сатып алу бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Бөлім) қатысты мемлекеттік сатып алу туралы қорытынды хаттамасының күшін жою, мемлекеттік сатып алу шартын жарамсыз деп тану, ашық конкурсқа қатысуға міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2025 жылғы 5 мамырдағы шешімі мен Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) 2025 жылғы 17 маусымдағы қаулысына жауапкер берген кассациялық шағым бойынша әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы конкурстық өтінімді негізсіз себептермен қабылданбағанымен негіздеп, аталған әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгінген. МАӘС-тің 2025 жылғы 5 мамырдағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. 2025 жылғы 3 наурыздағы №74674372-ОК1 лоты бойынша қорытынды хаттаманының күші жойылған. 2025 жылғы 4 наурыздағы №27 мемлекеттік сатып алу шарты жарамсыз деп танылған. Бөлімге бұзушылықты жою міндеттелген.

ӘІжСА-ның 2025 жылғы 17 маусымдағы қаулысымен МАӘС-тің шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Кассациялық шағымда жауапкер сот актілерінің күшін жоюды және талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Талап қоюшының өкілінен сот отырысына бейнеконференцбайланыс режимінде қосылу туралы өтінішхат түсті. Алайда, аталған өтінішхат қанағаттандыруға жатпайды, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында тараптардың міндетті түрде жеке қатысуымен қарауға тағайындалған, бұл жөнінде іс жүргізуге қатысушылардың барлығы алдын ала хабардар етілген. Көрсетілген мән-жай соттың кассациялық сатысында сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды. Осыған байланысты, іс оның қатысуынсыз қаралды. Әкімшілік іске қатысушы өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты мен форматы туралы тиісті түрде хабардар етілгеніне қарамастан, сот отырысына келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлім етпеген.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Кассациялық шағымның уәждерін талқылап, іс материалдарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалап, кассациялық сот келесі қорытындыға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер ӘРПК-де өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сай заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтарға төмен тұрған соттар жол бермеген.

Іс бойынша анықталған мән-жайлардан анықталғандай, Бөліммен 2025 жылғы 10 ақпанда «Ақтөбе қаласы «Астана» ауданы аумағындағы кәріз, арықтар және су құбыры құдықтары күтіп ұстау қызметтері 2-аумақ» бойынша №13719087-ОК3 конкурс жарияланған.

Тапсырыс беруші – Әкімінің аппараты болып табылады. Конкурстық құжаттамаға 8-қосымшада әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптарының ішінде:

  • 2 бірлік вакуумдық машина;

  • 1 бірлік «Инженерлік техникалық жұмысшы» біліктілік аттестатының бар учаске шебері болуы тиіс.

Дауланып отырған қорытындылар туралы 2025 жылғы 3 наурыздағы № 13719087-ОК3 хаттамаға сәйкес, № 74674372-ОК1 лот бойынша жеңімпаз ретінде «DAMU LIFE» ЖШС, екінші орын алған әлеуетті өнім беруші ретінде «Ажар Актобе» ЖШС айқындалған.

Серіктестіктің өтінімі материалдық және еңбек ресурстары бойынша қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келмегендіктен қабылданбаған. Атап айтқанда:

  • К.Б. Бекболатовтан жалға алынған вакуумдық көлікке орнатылған жабдықтың бар-жоғы туралы мәліметтер ұсынылмаған;

  • учаске шеберіне қатысты «инженерлік-техникалық қызметкер» біліктілік аттестаты қоса тіркелмеген (қоса тіркелген құжат – учаске бастығының біліктілік аттестаты).

2025 жылғы 4 наурызда Әкім аппараты мен «DAMU LIFE» ЖШС арасында көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы №27 шарт жасалған.

Төмен тұрған соттар дауды шешіп, талапты қанағаттандыру кезінде Серіктестіктің конкурсқа қатысуға берген өтінімін негізсіз себептермен қабылдамау орын алған және оның біліктілік талаптарына сәйкес келетіндігі жөнінде қорытындыға келген.

«Мемлекеттiк сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Заң) 11-бабы 1-бөлігінің 4) тармақшасына сәйкес, әлеуетті өнім берушілерге және (немесе) тартылатын қосалқы мердігерлерге (бірлесіп орындаушыларға) мынадай біліктілік талаптары қойылады: 4) шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті материалдық, еңбек және қаржы ресурстарының болуы, сондай-ақ жұмыскерлер алдында жалақы төлеу бойынша мерзімі өткен берешектің болмауы.

Заңның 11-бабының 4-тармағына сай, әлеуетті өнім берушінің және (немесе) тартылатын қосалқы мердігердің (бірлесіп орындаушының) осы бапта белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігі тапсырыс берушіге, ұйымдастырушыға, бірыңғай ұйымдастырушыға осы Заңда және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген тиісті құжаттарды ұсыну арқылы не Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы расталады.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2024 жылғы 9 қазандағы № 687 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының (бұдан әрі – Қағида) 71-тармағына сәйкес, конкурс тәсілімен мемлекеттік сатып алу шеңберінде шарттық міндеттемелерді орындау үшін қажетті материалдық және еңбек ресурстары осы Қағидаларға сәйкес біліктілік талаптарында көрсетіледі.

Кассациялық сот ұсынылған дәлелдемелерді бағалап, шығарылған сот актілерінің заңдылығын анықтап, олардың негізіне алынған мән-жайлар талапты қанағаттандыру туралы соттардың қорытындыларымен келіседі.

Іс материалдарынан анықталғандай, Серіктестік мемлекеттік сатып алуға қатысып, материалдық ресурстардың бар екендігін растау мақсатында 2 бірлік вакуумдық көлікті ұсынған, олардың бірі — К.Б. Бекболатовтан жалға алынған «КАМАЗ 52315 КО 505А» маркалы, мемлекеттік тіркеу нөмірі 086 FKA 06 көлік құралы болып табылады.

Конкурстық комиссия Серіктестіктің өтінімін қабылдамай, көлік құралын тіркеу туралы куәлікте оның құрамында орнатылған жабдықтың бар екендігін айқындайтын қажетті мәліметтердің жоқтығын көрсеткен.

Алайда, төмен тұрған соттармен анықталғандай, аталған «КАМАЗ 52315 КО 505А» маркалы көлік вакуумдық машинаға жатады, ол жарылғыш және жанғыш заттар құрамында жоқ сұйық қалдықтарды вакуумдық тәсілмен сору, тасымалдау және түсіру үшін арналған. Арнайы жабдықтың құрамына екі цистерна, вакуумдық-қысымдық жүйесі бар сорғы, шлангты беру мен жинау тетігі, пневматикалық және электрлік жүйелер кіреді.

Әкімшілік полиция өкілдері де бұл мән-жайды растап, көрсетілген материалдық ресурс вакуумдық машинаға жататынын мәлімдеген. Еңбек ресурсы ретінде көрсетілген Н.А. Амирбеков конкурстық құжаттамада көзделген талаптарға толық сәйкес келеді. Оның біліктілік аттестаты бар, оған «учаске бастығы» мамандығы бойынша аттестатталған инженерлік-техникалық қызметкер мәртебесі берілген. 2022 жылғы 30 маусымдағы №BD 00021362900 дипломына сәйкес, оған 6В-07311 – «Құрылыс» мамандығы бойынша техника және технология саласының бакалавры дәрежесі берілген.

Жоғарыда көрсетілген құжаттар тізбесі Н.А. Амирбековтың еңбек ресурстарының тарапынан қойылған талаптарға сәйкестігін растайды.

АПК-нің 426 және 452-баптарына сәйкес, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты шағым қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін АПК-да көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағымның уәждері мазмұны, мәні және мақсаты жағынан бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда келтірілген уәждерге ұқсас болып табылады. Аталған уәждер апелляциялық сатыдағы сотта қаралып, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа уәждер келтірілмеген.

Іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталып, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына немесе дұрыс қолданылмауына жол берілмегендіктен, кассациялық сот сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ деп санайды.

Осы мән-жайларды ексере отырып, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігі мен АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 5 мамырдағы шешімі мен Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Д. Әбдіғалиев

Судьялар

Г. Ыдырысова

М. Қасымов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.