Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 16.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/3202 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

№ 6003-25-00-2к/3202

2026 жылғы 16 ақпан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші - судья К.С.Манакаева,

судьялар Д.Д. Махметова, А.К.Айкенова,

талап қоюшының өкілдері О.С. Жұмаберген, А.Р.Сағындыков

жауапкерлер Ж.М.Курмашева, А.Д.Насиев, К.Ж.Узакбаева, олардың өкілі Т.Н.Хамитов, жауапкерлер М.О.Бисенов, А.Ғ.Махамбеттің

қатысуларымен,

бейнеконференц байланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында Атырау облысы прокурорының Жаннат Мирболатовна Курмашеваға, Мирбек Орунбасарович Бисеновке, Асылбек Джасманбетович Насиевке, Куралай Жилкибаевна Узакбаеваға, Азат Ғаниұлы Махамбетке құмар ойын бизнесін ұйымдастыру арқылы тапқан табыс сомасын мемлекет кірісіне өндіру жөніндегі талап қоюы бойынша Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,

Атырау облысы прокуроры сотқа Ж.М.Курмашеваға, М.О. Бисеновке, А.Д.Насиевке, К.Ж.Узакбаеваға және А.Ғ.Махамбетке ортақ тәртіппен 839 092 920 теңге мөлшеріндегі құмар ойын бизнесін ұйымдастыру арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған кірісті кінәлі адамнан өндіріп алу және қылмыстық жолмен жиналған негізсіз баюдың нәтижесі ретінде тапқан табысын мемлекет пайдасына өндіру туралы талап қоюымен, оны толықтыру арқылы, жүгінген.

Атырау қалалық сотының 2024 жылғы 23 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Жауапкерлерден мемлекет кірісіне ортақтасқан тәртіппен құмар ойын бизнесін ұйымдастыру арқылы тапқан 839 092 920 теңге табыс сомасы және үлестік тәртіппен 25 172 787 теңге мемлекеттік баж сомасы (әрқайсысынан 5 034 557 теңгеден) мемлекеттік баж өндірілген.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, Атырау облысы прокурорының талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.

Атырау облысы прокуроры кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, алқа қаулысының күшін жойып, шешімді өзгеріссіз қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот іс құжаттарын зерделеп, іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін тыңдап, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі

  • АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Сот алқасымен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталды. АПК-нің 224-бабына сәйкес сот шешiмi заңды және негiздi болуға тиiс. «Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі №5 нормативтік қаулысының (бұдан әрі-нормативтік қаулы) 5-тармағына сәйкес шешiм процестік құқық нормалары сақтала отырып, осы құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестiкте шығарылғанда немесе қажетті жағдайларда ұқсас қатынасты реттейтiн заңды қолдануға негізделгенде, не азаматтық заңнаманың жалпы негіздері мен мағынасын және адалдық, ақылға сыйымдылық пен әділеттілік талаптарын (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 5-бабы және АПК-нің 6- бабы) негізге алғанда, заңды болып табылады.

Осы іс үшiн маңызы бар, сот зерттеген дәлелдемелермен расталған, олардың қатыстылығы, жарамдылығы және анықтығы туралы заң талаптарына сай келуін қанағаттандыратын немесе дәлелдеудi қажет етпейтiн жалпыға мәлiм мән-жайлар мен дауды шешу үшiн жеткiлiктi болатын фактілер көрсетілген шешім негiздi болып саналады.

Дауланып отырған сот актісі аталған заң талаптарына сай келмейді.

Атырау қаласының №2 сотының 2023 жылғы 11 желтоқсандағы үкімімен Ж.М.Курмашева, К.Ж.Узакбаева, А.Д.Насиев, А.Ғ.Махамбет Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 307-бабы 3- бөлігінің 2) тармағымен, М.О.Бисенов ҚК-нің 307-бабы 3-бөлігінің 2)тармағымен, ҚК-нің 287-бабаның 2-бөлігімен кінәлі деп танылған.

Талап қоюшы сотқа талап қоюымен жүгініп, онда Ж.М.Курмашевадан, М.О. Бисеновтен, А.Д.Насиевтен, К.Ж.Узакбаевадан, А.Ғ.Махамбеттен әрқайсысынан тең үлеспен мемлекет пайдасына 839 092 920 теңге мөлшерінде құмар ойын бизнесін ұйымдастыру арқылы тапқан табыстарын мемлекет кірісіне өндіруді сұраған.

Бірінші сатыдағы сот шешімін «Соттардың экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылық істер бойынша заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысына, ҚК-нің 48-бабының 1-бөлігіне, АПК-нін 76-бабы 3-бөлігіне сілтеме жасап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жауапкерлерге азаматтық талап қойылмаған, алайда талап қоюшының АПК-нің 33-бабына сай азаматтық сот ісін жүргізу тәртібі негізінде талап қоюмен жүгіну құқығы көзделгенімен негіздеген.

Апелляциялық сот бұл тұжырыммен келіспей, істің мән-жайларын саралап, прокурор қазіргі талап қоюымен нақтысында жауапкерлерге қосымша жаза қолдануды талап еткен, олардың қылмыстық құқық бұзушылық

жасаумен алынған кірісі мемлекет кірісіне азаматтық іс жүргізу тәртібімен айналдыруға жатпайды деп талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдаған.

Сот үкімінде А.Д.Насиевтің, К.Ж.Узакбаеваның және А.Ғ.Махамбеттің меншігінде қылмыстық жолмен табылған не қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлік анықталмауына байланысты оларға мүлікті тәркілеу түріндегі қосымша жаза тағайындалмайтыны көрсетілген.

Апелляциялық соттың түжырымы бойынша, сот үкімінің АПК-нің 76бабының 3-бөлігінің тәртібіне сәйкес жауапкерлер А.Д.Насиевтің, К.Ж.Узакбаеваның және А.Ғ.Махамбеттің құмар ойын бизнесін ұйымдастыру арқылы табыс таппағаны туралы факт бойынша преюдициальды маңызы бар, яғни олардың қылмыстық жолмен жиналған негізсіз баюдың орын алмағанына дәлелдеме болады, бұл жайлар қайтадан дәлелденуге жатпайды.

Сондықтан прокурордың А.Д.Насиевке, К.Ж.Узакбаеваға және А.Ғ.Махамбетке талап қоюының негіздемесі заңды күшіне енген сот үкімімен анықталған мән-жайларға қарама-қайшы келеді, бұндай жағдайда оларға талап негізсіз қойылған болып табылады.

Соттың бұл түжымдарымен кассациялық сот келіспейді.

АПК-нің 13-бабының 1-бөлігінде азаматтық істер бойынша сот төрелігі барлық адамдардың заң мен сот алдындағы теңдігі негізінде жүзеге асырылатыны қарастырылған.

Нормативтік қаулының 11-тармағына сәйкес, сот шешімін шығарған тараптың дәлелдері мен дәлелдемелерін шешімде біржақты ұсынуға жол берілмейді.

Сот екінші тараптың дәлелдерін қабылдамаған және сол тарап сілтеме жасалған материалдық құқық нормаларын қолданбаған негіздерді көрсетуге міндетті.

АПК-нің 412-бабына сәйкес апелляциялық сатыдағы сот істе бар және осы Кодекстің 413-бабы екінші бөлігінің талаптарына сәйкес ұсынылған материалдар бойынша істің нақты мән-жайларының анықталуының, материалдық құқық нормаларының қолданылуы мен түсіндірілуінің дұрыстығын, сондай-ақ істі қарау мен шешу кезінде азаматтық процестік заң нормаларының сақталуын тексереді.

АПК-нің 412-бабының 4-бөлімінде кассациялық сатыдағы сот, сот актілерінде көрсетілмеген, не ол жоққа шығармаған мән-жайларды белгілеуге немесе дәлелденген деп есептеуге құқылы емес.

Іс құжаттарын зерделеу барысында апелляциялық сатыдағы соты тарапынан қылмыстық істі сұратып, сот отырысында оның құжаттары зерттелмегені анықталды.

Жоғарыда көрсетілген мән-жайлар сот алқасының түжымдары мерзімінен бұрын жасалғанын көрсетеді, сот алқасы даудың мәніне, нысаны мен мазмұнына тереңдемей, істі үстірт қарағанын байқатады.

Бұл тұрғыда, сот іс үшін маңызы бар мән-жайлар анықталмаған,

тұжырымдары жарамды және анық, дауды шешу үшін жеткілікті дәлелдемелер жиынтығымен расталмаған, болжамдарға негізделген.

Апелляциялық сот тарапынан елеулі заң бұзушылықтарға жол берілгендіктен, іс бойынша дауланған сот актісін заңды және негізді деп тануға болмайды.

Істің мұндай тұрғысында кассациялық сот апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының күші жойылуға, азаматтық іс апелляциялық сотқа қайта қарауға жіберілуге жатады деген тұжырымға келеді.

Істі қайта қараған кезде сот тараптардың дәлелдерін мұқият зерттеуі, әрбір тарап өз талаптары мен қарсылықтарын растау үшін ұсыну тиіс дәлелдемелерді анықтауы, істегі барлық дәлелдемелердің толық және объективті зерттелуін қамтамасыз етіп, заңды және негізді шешім қабылдауы қажет.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 3)-тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 сәуірдегі қаулысының күші жойылсын.

Іс Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына өзге сот құрамында жаңадан қарауға жіберілсін.

Кассациялық шағым ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші К.С. Манакаева

судьялар Д.Д. Махметова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.