ВС РК - Постановление от 12.07.2024 по делу 6001-23-00-6ап/3422 (Административное)

6001-23-00-6ап/3422

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 12 шілде Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев,

судьялар – Б.Т. Нажмиденов, Г.К. Нұрбаев болып,

талап қоюшы Т[...],

жауапкер өкілі Ә[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында өзінің ашық сот отырысында талап қоюшы Т[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Қызылорда облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) өтінішін қанағаттандырудан бас тарту туралы актісін заңсыз деп танып, күші жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 26 мамырдағы шешіміне және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 24 қазандағы қаулысына жауапкер өкілінің келтірген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Т[...] жоғарыда аталған талап арызбен сотқа жүгініп, негіздемесінде Департаменттің өзіне тиесілі норматив бойынша тұрғын үй жағдайын жақсартудың бас тартуы заң талаптарына қайшы келетінін көрсеткен. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 26 мамырдағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылып, Департаменттің 2023 жылғы 11 қарашадағы әкімшілік актісі заңсыз деп танылып, күші жойылып, Т[...] өтінішін бекітілген тәртіпте қайтадан қарау міндеттелген.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 24 қазандағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер өкілі кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Сот алқасы, жауапкер өкілі Ә[...] кассациялық шағымды қолдаған, талап қоюшы Т[...] шағым уәждерімен келіспеген пікірлерін тыңдап, әкімшілік іс құжаттарын зерттеп, шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келеді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарына қарағанда, талап қоюшы Т[...] 2013 жылғы сәуір айынан 2019 жылдың желтоқсан айы аралығында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне қарасты №2019 әскери бөлімде қызмет атқарған. 2019 жылғы 28 желтоқсанда Т[...] әскери қызметтен запасқа шығып, жеке құрам тізімінен босатылған.

Талап қоюшы әскери бөлімінде қызмет атқару барысында, мемлекеттік тұрғын үй қорынан бөлінген, яғни Қызылорда қаласы 3-іріленген квартал №1-А үй, №[...] пәтерді жекешелендірген.

2022 жылғы 1 қарашада талап қоюшы Департаментке тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында ақшалай өтемақы төлеуді сұраған өтініші қанағаттандырудан бас тартылған.

Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда, талап қоюшының өтінішін қарау барысында жауапкер тарапынан әкімшілік рәсім жүргізу тәртібі сақталмаған деген тұжырымдаған. ӘРПК-нің 4-бабында көрсетілгендей, осы Кодексте қамтылған ұғымдардың мағынасына сәйкес әкімшілік акт дегеніміз - жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім.

Әкімшілік орган ретінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әкімшілік актіні қабылдау, әкімшілік әрекет жасау (әрекетсіздік таныту) жөнінде өкілеттіктер берілген мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы, мемлекеттік заңды тұлға, сондай-ақ өзге ұйым ұғынылады.

Лауазымды адам ретінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әкімшілік актіні қабылдау, әкімшілік әрекет жасау (әрекетсіздік таныту) жөнінде өкілеттіктер берілген адам түсіндіріледі.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2018 жылғы 28 желтоқсандағы № 110/қе бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының тұрғын үй комиссиялары қызметінің қағидаларының 16-17 тармақтарында тұрғын үй комиссиясының шешімі дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен қабылданатыны, оның шешімі, егер оны қатысып отырған мүшелердің үштен екісі қабылдаса заңды деп саналатыны бекітілген.

Яғни, ақшалай өтемақы тағайындау туралы өтініштерді қарау және олар бойынша шешім қабылдау өкілеттігі алқалы әкімшілік орган - ұлттық қауіпсіздік органдарының тұрғын үй комиссияларына берілген.

Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы жергілікті соттардың лауазымды тұлға Департамент басшысының талап қоюшының ақшалай өтемақы тағайындау туралы өтінішін қарауы және ол бойынша ауыртпалық салатын әкімшілік акт қабылдауы заң талаптарына қайшы болып табылады деген тұжырымымен толық келіседі.

Жергілікті соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 26 мамырдағы шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 24 қазандағы қаулысы өзгеріссіз күшінде қалдырылсын.

Жауапкер өкілі О[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б. Дуйсенбаев

Судьялар

Б.Т. Нажмиденов Г.К. Нұрбаев Г.Б. Дуйсенбаев

Көшірмесі дұрыс.

Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.