ҚАУЛЫ
2026 жылғы 12 наурыз №6003-25-00-4к/2821 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот құрамында:
төрағалық етуші – судья Ә. Назарова,
судьялар М. Қасымов, Д. Нұрлыбаева болып,
жауапкердің өкілі Д. Елеубектің, Р.Ажибековтың қатысумен ашық сот отырысында
талап қоюшы Азиза Абдимажитовна Гулметованың жауапкерлер Сайрам ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысы Амангелді Ордабекұлы Жунисбековке, сектор менгерушісі Рамазан Нурлыбекұлы Ажибековке, Сайрам аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бахадир Абдиганиевич Олжаевқа, «Аманат» партиясының Сайрам аудандық филиалының төрағасы Куаныш Адирбекович Сыздиковқа, бақылау комиссиясының мүшесі Серик Изетуллаевич Ибадуллаевқа, Сайрам аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Батырбек Кадирбекович Серикбаевқа, Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасының Сайрам аудандық филиалының директоры Галымжан Турсыналиевич Байболовқа, Сайрам аудандық кәсіподақ ұйымдары қоғамдық бірлестігінің үйлестіру кеңесінің төрағасы Шафкат Турсынмахаммадович Эргашевке жер учаскесіне құқық беруден бас тарту тұжырымын, жер комиссиясының хаттамалық шешімін заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік талап қоюы бойынша қабылданған
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 27 ақпандағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 шілдедегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап, АНЫҚТАДЫ:
А. Гулметова жоғарыда аталған әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгінген. Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 27 ақпандағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, жаңа шешім шығаруды сұрайды.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Кассациялық сот жауапкердің өкілі Д. Елеубекті, Р.Ажибековті тыңдап, кассациялық шағымның уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, төмендегі негіздерге байланысты дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс материалдарынан анықталғандай, «Сайрам аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Сәулет бөлімі) 2022 жылғы 28 маусымдағы ЖТ-2022-01930466 хатына сәйкес А.Гулметованың өз бетінше салған тұрғын үйі Қарасу ауылының бас жоспарына сәйкес елді мекен ішінде жеке тұрғын үйлер құрылысы үшін берілген аумақта орналасқан, жеке тұрғын үйлерді дамыту және салу схемасы бойынша қызыл сызыққа түспеген, тұрғын үй орналасқан жер - №631 жер учаскесі, жер учаскесінің үшінші тұлғаларға берілгені жөнінде мәлімет жоқ, себебі жер учаскесі Қарасу ауылдық округі әкімімен (бұдан әрі - Әкім) табысталған.
Сайрам ауданының әкімі орынбасарының 2022 жылғы 8 шілдедегі ЖТ2022-01930842 хатына сәйкес А.Гулметова көрсеткен тұрғын үй орналасқан аумақ қызыл сызықта орналаспаған, басқа жер учаскесіне кірмеген, үшінші тұлғаларға берілмеген, елді мекен аумағында орналасқан, жер учаскесінің мақсаты тұрғын үй салуға арналған, Сайрам аудандық жер комиссиясының (бұдан әрі - Жер комиссиясы) 2022 жылғы 26 мамырдағы қорытындысымен А.Гулметоваға жер учаскесіне құқық беруге келісім берілмеген, Әкімнің 2022 жылғы 27 мамырдағы №224 шешімімен жер учаскесін беруден бас тартылған.
Талап қоюшының арызы бойынша жер учаскесіне далалық зерттеу жүргізілген.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының Сайрам аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің 2023 жылғы 26 маусымдағы далалық зерттеу актісіне сәйкес жер учаскесі қоршалмаған және бір қабатты тұрғын үй орналасқан, Қарасу ауылының Жаңа құрылыс көшесіндегі тұрғын үйлердің орналасу схемасына сәйкес №631 жер учаскесіне сәйкестендіру актісі рәсімделмеген. 2022 жылғы 24 қарашада А.Гулметова Әкімге жүгініп, Қарасу ауылы, Жаңақұрылыс көшесі н/ж мекенжайда тұрғын үй орналасқан алаңы 0,10 га жер учаскесін меншік құқығымен беруді сұраған.
Арыз Жер комиссиясында қаралып, 2022 жылғы 23 қарашадағы №33/26 хаттамалық шешіммен жер учаскесін беруге келісім берілмеген.
Әкім өз бетінше тұрғызылған тұрғын үй орналасқан жер учаскесін беруден бас тарту туралы 2022 жылғы 5 желтоқсандағы №498 шешім қабылдаған.
Талап қоюшы А.Гулметова сотқа жүгініп, ауылдың бұрынғы әкімі осы жер учаскесін көрсетіп, тұрғын үйдің құрылысын салуға рұқсат берген соң сол жерге тұрғын үйдің құрылысын жүргізгенін, тұрғын үй кезегінде тұрғанын, көп балалы ана болып табылатынын көрсетіп, Жер комиссиясының хаттамалық шешімін және Әкімнің шешімін заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған.
Соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан кезде мына мәнжайларды ескергені негізді.
Бұрын талап қоюшы осындай талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 26 қаңтардағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Соттың шешімінде талап қоюшының жерді өз бетінше игеріп, тұрғын үй құрылысын жүргізгені, жер алу кезегі келмегені, Жер комиссиясы өз бетінше салынған құрылысқа сот арқылы меншік құқығы танылатынын түсіндіргені, талап қоюшының жер учаскесінің елді мекен шегінде орналасқаны, үшінші тұлғалардың жерімен беттеспейтіні, үйдің құрылысы нормаларға сәйкес келетіні туралы уәждері азаматтық тәртіппен өз бетінше салынған құрылысқа меншік құқығын тану туралы талаппен жүгінгенде баға берілетін мән-жайлар болып табылатындықтан, бұл уәждерді сот қабылдамайтыны, құрылыс салуға рұқсат берген тұлғаның ауыл әкімі еместігі, әкім болып қызмет атқармайтын тұлғаның айтуы бойынша өз бетінше иеленген жер учаскесін кезексіз беру туралы талап жер алуға кезекте тұрған ауыл тұрғындарына қатысты әділетсіз болатыны көрсетілген.
Талап қоюшы соттың шешіміне апелляциялық шағым бермеген, шешім заңды күшіне 2023 жылғы 3 сәуірде енген.
2024 жылғы 19 қарашада талап қоюшы А.Гулметова Әкімге қайта жүгініп, Қарасу ауылының бұрынғы әкімі Е.С.Бекбердиевтің «бекітіп беремін» деген мәлімдемесі бойынша өзі көрсетіп белгілеп берген Қарасу елді мекені, Жаңақұрылыс көшесінде орналасқан алаңы 0,1 га жер учаскесіне тұрғын үй құрылысын жүргізіп, тұрғын үйді ашық, ұдайы пайдаланып, бес қызымен бірге тұрып келетінін, бірақ жер учаскесіне және онда орналасқан тұрғын үйге құқық белгілейтін құжаттар рәсімделмегенін, мемлекеттік органдардан тиісті жауаптар алғанын, Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі - Жер кодексі) 43, 52-баптарына сәйкес жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй құрылысына қызмет көрсететін жер учаскесін бекітіп беретінін, тұрғын үй мен оған қызмет көрсететін жер бір-бірімен ажыратылмайтынын, тұрғын үйге коммуналдық қызмет қосылғанын көрсетіп, Қарасу елді мекені, Жаңақұрылыс көшесінде орналасқан ені 9,0 метр, ұзындығы 14,0 метр жеке тұрғын үйіне қызмет көрсететін, алаңы 0,1 га жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен бекітіп беруді сұраған.
Арыз Жер комиссиясына қарау үшін жолданған.
Сәулет бөлімінің 2024 жылғы 25 қарашадағы №3336 хатымен сұратылған жер учаскесі Қарасу ауылының Бас жоспарына сәйкес аз қабатты тұрғын үйлер аумағында орналасқан.
Жер комиссиясының 2024 жылғы 29 қарашадағы №35/22 қорытындысымен Жер кодексінің 52-бабына сәйкес жер учаскесін беруден бас тартылатыны туралы хаттамалық шешім қабылданған. Әкімнің 2024 жылғы 3 желтоқсандағы №ЖТ-2024-06024341 хатымен жер комиссиясының қорытындысы жолданып, жер учаскесі арнаулы есепке сәйкес табысталатыны хабарланған.
Сотта анықталғандай, талап қоюшы Қарасу ауылы, Жаңақұрылыс көшесі н/ж мекенжайда тұрғын үй орналасқан алаңы 0,10 га жер учаскесін өз бетінше игеріп, тұрғын үй құрылысын жүргізгені, жер алу кезегі келмеген.
Талап қоюшының даулы әкімшілік актілер шығарылған жер учаскесіне қатысты қандай да бір құқығы жоқ.
Жергілікті соттар қабылдаған шешімнің негіздері мен уәждерін қолдануға жататын заңның нақты нормаларын келтіре отырып, егжей-тегжейлі баяндаған.
Соттардың қорытындылары іс бойынша белгіленген мән-жайлар мен заң талаптарына сәйкес келеді және істе бар дәлелдемелермен расталады.
Сондықтан, сот актілерін өзгертуге немесе олардың күшін жоюға негіз жоқ.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланып отырған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа уәждер мен негіздемелер келтірілмеген.
Талап қоюшының сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін өзгертуге немесе олардың күшін жоюға негіз бола алмайды.
Мұндай жағдайда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 27 ақпандағы шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Азиза Абдимажитовна Гулметованың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Ә. Назарова
Судьялар
М. Қасымов
Д. Нұрлыбаева
⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.