ҚАУЛЫ
2026 жылғы 6 қаңтар №6003-25-00-2к/3548 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, В.Е.Тохтарбаева, прокурор А.Камашевтің, талап қоюшының өкілі Г.А.Азимбайдың қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы
талап қоюшы Астана қаласының әкімдігі атынан «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі -Мекеме) жауапкерлер Жанулша Алимсейтоваға, Арман Оразбекович Алимсеитовқа, Арлан Оразбекович Алемсейтовқа, Гульмира Кумаркызы Бойчиноваға, Дагмара Ельтаевна Аймульдиноваға, Асылхан Өмірбекұлы Төлеміске, Карина Нуржановна Төлемісоваға, Аружан Санжаровна Амирбековаға, Асанали Ақанұлы Алимсейтовқа, Ақтілек Ақанұлы Алимсейтовқа, Ақниет Ақанұлы Алимсейтовқа, Томирис Армановна Бойчиноваға, Акжигит Аканулы Алимсейтовқа ақшалай өтемақы төлене отырып, жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) және шығару туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 23 қаңтардағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 сәуірдегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Мекеме жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 23 қаңтардағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Ж.Алимсейтованың меншік құқығына тиесілі, Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Сырдария көшесі №51 үй, кадастрлық № 21-318-029-414, жалпы ауданы 0,0600 га жер учаскесі онда орналасқан жылжымайтын мүлiк объектiлерiмен бірге 75 404 652 теңге ақшалай өтемақы төлеумен мәжбүрлеп иеліктен шығарылған.
Ақшалай өтемақы төлегеннен кейін жауапкерлер Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Сырдария көшесі №51 үй мекен-жайдағы тұрғын үйден шығарылуға міндеттелген.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз, талап қоюшының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында қабылданған сот актілерімен келіспей, оларды өзгертіп, жауапкерге мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесі үшін сотпен өндірілген 75 704 652 теңге өтемақыны «Дом оценки» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі -ЖШС) 2024 жылғы 28 тамыздағы №0337/24-ASTANA мүлікті бағалау туралы есебі бойынша 57 002 391 теңге мөлшерінде анықтауды сұраған.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін, прокурордың сот актілері заңды деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттары мен кассациялық шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі негіздерге байланысты дауланып отырған сот актілерін күшінде қалдыру қажет деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 3-тармағына сай, соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды. Заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 188бабының тармағында меншiк құқығының мерзiмi шексiз екені, мүлiкке меншiк құқығы осы Кодексте көзделген негiздер бойынша ғана ықтиярсыз тоқтатылуы мүмкiн екені көрсетілген.
АК-нің 255-бабының 1-тармағына сай мемлекеттiк органның меншiк иесiнен мүлiктi алып қоюға тiкелей бағытталмаған шешiмiне, соның iшiнде меншiк иесiне тиесiлi үй, өзге де қора-қопсы, құрылыстар немесе өсiмдiктер бар жер учаскесiн алып қою туралы шешiмiне байланысты қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығының заң құжаттарымен белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана меншiк иесiне құны тең мүлiк берiп және өзге де келтiрiлген залалдарын өтей отырып немесе меншiк құқығының тоқтатылуынан келтiрiлген залалдарын толық көлемiнде өтей отырып тоқтатылуына жол берiледi.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 84-бабының 1-тармағына сәйкес жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен мүлiктің тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 1 бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару - жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда
және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.
Заңның 67-бабының 2, 3 - тармақтарында мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалатыны қарастырылған. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы осы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.
Азаматтық істің құжаттарына қарағанда, Астана қаласы әкімдігінің 2024 жылдың 12 тамыздағы № 510-2652 қаулысына сәйкес Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Сырдария көшесі, С. Сейфулин көшесінен Ә. Жангельдин көшесіне дейінгі мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 1,1357 га жер учаскесі «Сырдария көшесі» объектісінің іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу үшін, мемлекет мұқтаждығына мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатады.
Алынатын жер учаскесінің шегіне Ж.Алимсеитоваға 2015 жылдың 24 ақпанындағы заң бойынша мұраға құқық куәлігі негізінде меншік құқығына тиесілі Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Сырдария көшесі №51 үй, кадастрлық №21-318-029-414, жалпы ауданы 0,0600 га жер учаскесі және ол жерде орналасқан мүліктер енеді.
Жауапкер Ж.Алимсеитоваға көрсетілген жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылуға жататындығы туралы хабарлама тапсырылған.
Алайда, жауапкер жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға қарсы болмағанымен, талап қоюшымен ұсынылған 57 002 391 теңге мөлшеріндегі жер учаскесі мен ондағы орналасқан жылжымайтын мүліктің нарықтық құнымен келіспеген.
Бірінші сатыдағы сотта істі қарау барысында тағайындалған «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынның филиалының Сот сараптамасының ғылыми-практикалық орталығының 2025 жылғы 17 қаңтардағы қорытындысына сәйкес алып қою нысанының ондағы тіркелген және тіркелмеген ғимараттар, жеміс және басқа ағаштармен қосқандағы жалпы нарықтық құны 75 404 652 теңгеге бағаланған.
Бірінші сатыдағы сот аталған сараптама қорытындысын орынды негізге алған және өтемақы мөлшерін дұрыс айқындаған.Себебі, сараптама істі қарау кезінде өткізілген. Сараптама Әділет министрлігінің 2012 жылғы 28 маусымдағы №249 бұйрығымен бекітілген «Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесін
немесе өзге де жылжымайтын мүлікті бағалау» бағалау стандартына сәйкес келеді.
Сот талап қоюшымен ұсынылған «НОК Дом оценки» ЖШС-нің бағалау есебінде құрылыстардың тозуының 53-60 пайызға дейінгі жоғары коэффициентін негізсіз қолданғанына дұрыс назар аударған.
Ал сот сараптамасында зерттеу объектісінің барлық құрылымдарының жағдайы ескеріліп, 30 пайыздан 40 пайызға дейін тозу коэффициенттері дұрыс қолданылған.
Сонымен қатар, «НОК Дом оценки» ЖШС-нің бағалау есебі жасалғаннан бері 6 айдан астам уақыт өткендіктен, бұл есеп іс бойынша дәлелдеме ретінде сотпен орынды қабылданбаған.
Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымында келтірген уәждері дәйексіз, олар жергілікті соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.
Талап қоюшының іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа
алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 23 қаңтардағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: Л.Мамырбаева
В.Тохтарбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.