ВС РК - Постановление от 17.01.2023 по делу 6001-22-00-6ап/1349 (Административное)

№6001-22-00-6ап/1349

Қ А У Л Ы

2023 жылғы 17 қаңтар Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Қайыпжан С.Ү.,

судьялар Токмурзина Д.А., Ермағамбетова Ж.Б. болып,

талап қоюшы «К[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры (бұдан әрі - «К[...]» ЖШС, Серіктестік) -У[...],

жауапкер «Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша Экология департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент, жауапкер) өкілі Б[...],

мүдделі тұлға «СРМ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі - О[...],

мүдделі тұлға «Су құбыры және канализация басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын өкілі - П[...],

мүдделі тұлға «Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілі - С[...],

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры К[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейне-конференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында Серіктестіктің Департаментке 2021 жылғы 6 мамырдағы №03-05/566 санды нұсқаманы заңсыз деп тану және күшін жою туралы талап қою арызы бойынша қабылданған

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 15 ақпанындағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 1 маусымындағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Серіктестік сотқа аталған әкімшілік талап қою арызымен жүгініп, 2021 жылғы 6 мамырдағы №03-05/566 санды нұсқаманы заңсыз деп тануды және күшін жоюды сұраған.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 15 ақпандағы шешімімен Серіктестіктің талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 1 маусымдағы қаулысымен сот шешімі өзгерісіз қалдырылған.

Талап қоюшы сот актілерімен келіспей, кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар істің мән-жайларына дұрыс баға бермегенін, материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер және мүдделі тұлға өкілдерінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы түсініктерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабына сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Осы іс бойынша жергілікті соттармен процестік құқық нормаларын бұзуға жол берілген.

Департамент Қазақстан Республикасы Экология кодексінің (бұдан әрі - Экология кодексі) 110-бабын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 27 маусымдағы №535 Қаулысымен бекітілген «Қоршаған ортаны ластаудан келтірілген залалды экономикалық бағалау ережесін бекіту туралы» Ережесін негізге алып, қоршаған ортаға келтірілген залалдың мөлшері 6 943 490 теңге деп есептеген.

Сонымен, Департамент Серіктестікке келтірілген залалды мемлекетке төлеу жөнінде 2021 жылғы 6 мамырда нұсқама берген. Серіктестік нұсқамамен келіспей, залал үшінші тұлғалармен келтірілгенін, әкімшілік жауапқа бұрынғы басшы тартылғанын, соттың шешімімен Серіктестіктің қызметі тоқтатылғанын көрсетіп, нұсқаманы заңсыз деп тану және күшін жою туралы талап қоюмен жүгінген.

Жергілікті соттар талап қою арызын қанағаттандырудан бас тарта отырып, соттың күшіне енген шешімі негізінде талап қоюшының меншігіндегі кәріз жүйесінен уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен талап қоюшыға берілген жер учаскесіне ағынды суларды өз бетінше құю нәтижесінде экологиялық залал келтірілгендіктен, шағым келтіріліп отырған нұсқама заңды түрде шығарылды деген қорытындыға келген. Алайда сот сатыларының тұжырымдары негізсіз.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар шешім қабылдау кезінде талап қоюшының шағымында келтірілмеген, бірақ шағым беріліп отырған сот актілерінің заңдылығына әсер еткен іс жүргізу құқығы нормаларының бұзуылуына жол берген.

Сот Серіктестіктің талап қою арызы әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды деген негіз бойынша қараусыз қайтаруы керек еді.

ӘРПК-нің 102-бабының 2-тармағына сәйкес, соттарда әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен ӘРПК көздеген жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар қаралады.

ӘРПК - нің 4-бабы 1-бөлігінің 9) тармақшаларына сәйкес, әкімшілік талап қою - жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарды, бостандықтарды немесе заңды мүдделерді қорғау және қалпына келтіру мақсатында сотқа берілген талап.

2007 жылдың 9 қаңтарында қабылданған Қазақстан Республикасының Экология кодексінің 117 - бабының 1-тармағына сәйкес, лауазымды адамдар жеке және заңды тұлғаларға Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар шығаруға, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзу салдарынан қоршаған ортаға келтiрiлген залал мөлшерiн айқындауға немесе анықтауға қатысуға, залалды өтеу туралы нұсқама шығаруға және сотқа талап арыз ұсынуға құқылы.

Осылайша, талап қоюшының қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу туралы берген талабы жария-құқықтық қатынастарда қабылданған әкімшілік акт болып табылмайды, талап қоюшыға ешқандай міндет жүктемейді. Бұл нұсқама табиғат пайдаланушыға қоршаған ортаға келтірілген залалды ерікті түрде өтеуге мүмкіндік бере отырып, наразылық сипатында болған.

Талап қоюшы залалды өтеуден бас тартқан жағдайда, Департамент сотқа табиғат пайдаланушыға келтірілген залалды өндіріп алу туралы талап қою арызын беруге құқылы. Қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу туралы талап қою арызын қарау кезінде талап қоюшы қойылған талаптарға қарсы дәлелдер мен дәлелдемелер келтіруге құқылы.

Әкімшілік акт әкімшілік органдар мен лауазымды тұлғалардың басқару қызметінің негізгі сыртқы нысаны болып табылады. Ол - жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын, билік және міндетті сипатқа ие, билік өкілеттіктері берілген, әкімшілік органның біржақты шешімі. Шағым беріліп отырған нұсқама экологиялық заңнаманы бұзушылықтарын жою туралы нұсқамадан айырмашылығы Серіктестік үшін жағымсыз салдары жоқ, талап қоюшының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асырмайды. Тиісінше, бұл жағдайда бұзылған немесе дауланып отырған құқықтар мен бостандықтарды, заңды мүдделерді қорғау және қалпына келтіру қажеттілігі туындамайды. Жоғарыда аталған фактілерге сүйене отырып, сот алқасы бұл нұсқама талап қоюшы үшін тікелей салдары бар әкімшілік акт болып табылмайды деген қорытындыға келеді. Көрсетілген нұсқамамен келіспеген жағдайда, оны талап қоюшының орындамауы сотқа талап қою арызымен жүгіну мүмкіндігін береді, бұл ӘРПК-нің 3-бабы 7-бөлігінің тәртібімен әкімшілік сот ісін жүргізудің мәні болып табылмайды.

Баяндалғандардың негізінде сот алқасы сот актілерінің күші жойылуға, ал мәлімделген талап қою арызы ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасы негізінде Серіктестікке қайтарылуға жатады

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 108-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес мемлекеттік баждың төленген сомасы талап қою арызы немесе өзге де өтініш (шағым) қайтарылған немесе оны қабылдаудан бас тартылған жағдайда қайтарылуға жатады. Талап қою арызы берілген кезде Серіктестікпен 14585 теңге мөлшерінде төленген мемлекеттік баж мемлекеттік бюджеттен талап қоюшының пайдасына қайтарылуға жатады. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 6) тармақшасын, ӘРПК-нің 138-бабы 2- бөлігінің 11) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шымкент қаласының әкімшілік істер жөніндегі сотының 2022 жылғы 15 ақпандағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 1 маусымдағы қаулысының күші жойылсын.

Талап қоюшы «К[...]» ЖШС-нің «Қазақстан Республикасы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша Экология департаменті» РММ-не 2021 жылғы 6 мамырдағы №03-05/566 санды нұсқаманы заңсыз деп тану және күшін жою туралы талап қою арызы қайтарылсын.

Талап қоюшы «К[...]» ЖШС-нің пайдасына мемлекеттік бюджет есебінен сот шығыны 14585 (он төрт мың бес жүз сексен бес) теңге қайтарылсын.

Талап қоюшы «К[...]» ЖШС-нің кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Н. Қайыпжан Судьялар Д. Токмурзина Ж. Ермағамбетова

Көшірмесі дұрыс Судья

Ж. Ермағамбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.