ВС РК - Постановление от 11.07.2024 по делу 6001-24-00-6ап/10 (Административное)

6001-24-00-6ап/10

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 11 шілде Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – С.Ү. Баймаханов, Г.К. Нұрбаев болып,

жауапкер өкілі Б[...] қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы М[...] жауапкер «Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма) тұрғын үйге мұқтаждар кезегінен шығару туралы 2021 жылғы 22 маусымдағы №03-03/103 бұйрығын заңсыз деп тану және тұрғын үйге мұқтаждар кезегіне қалпына келтіруді міндеттеу туралы талап арызы бойынша қабылданған

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 22 тамыздағы шешіміне және Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 қарашадағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

М[...] жоғарыда көрсетілген талап арызбен сотқа жүгініп, негіздемесінде 2014 жылдың 22 шілдесінде тұрғын үйге мұқтаждар кезегіне тұрғанын, алайда Басқарманың 2021 жылғы 22 маусымдағы бұйрығы негізінде заңсыз кезектен шығарылып тасталғанын көрсеткен.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 22 тамыздағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылып, Басқарманың талап қоюшыны тұрғын үйге мұқтаждар кезегінен шығару Бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Басқармаға талап қоюшы М[...] 2014 жылғы 22 шілдесінен бастап «Жетім балалар» санаты бойынша тұрғын үй кезегіне қою міндеттелген.

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 қарашадағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз күшінде қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін көрсете келе, олардың күшін жойып, талап арызды толық көлемде қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Жауапкер өкілі Б[...] кассациялық шағым уәждерін қолдаған пікірін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарына қарағанда, М[...] 2014 жылғы 22 шілдесінен бастап «Жетім балалар» санаты бойынша тұрғын үй кезегіне қойылған, 2016 жылдың 16 шілдесінде тұрмысқа шығып, некеден кәмелетке толмаған екі балалы болған.

2019 жылғы 26 ақпандағы сатып алу - сату келісім шарты бойынша талап қоюшының жұбайы М[...] Астана қаласы, [...] мекен-жай бойынша тұрғын үй алып, оны 2021 жылдың 10 қыркүйегінде сатып алу-сату келісімшарты негізінде сатып жіберген.

Осыған орай, Басқарманың 2021 жылғы 22 маусымдағы №03-03/103 бұйрығымен М[...] тұрғын үйге мұқтаждар кезегінен шығарылып тасталған.

Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда, тұрғынжайға мұқтаж деп танылған жетім балалар тұрғынжай алғанға дейін есептен шығарылуға жатпайды деп тұжырымдаған.

Сот алқасы төменгі саты соттарының тұжырымдарымен толық келісіп, кассациялық шағым қанағаттандырылусыз қалдырылуға жатады деп тапты.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 67-бабының 1-тармағының 1-1) тармақшасына сәйкес, коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайлар немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайлар тұрғын үйге мұқтаж және есепте тұрған жетiм балаларға пайдалануына беріледі.

Заңның 73-бабының 1-тармағының талаптары бойынша осы Заңда белгіленген тәртіппен тұрғынжайға мұқтаж деп танылған және тұрғынжай алғанға дейін есепке қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өңірлерге қоныс аудару тәртібімен Қазақстан Республикасының азаматтығын алған қандастар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, толық емес отбасылар, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар есептен шығарып тасталуға жатпайды.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, М[...] 2014 жылғы 22 шілдесінен бастап «Жетім балалар» санаты бойынша тұрғын үй кезегіне қойылған, ал жоғарыда көрсетілген заң нормаларына сәйкес тұрғынжайға мұқтаж деп танылған жетім балалар мемлекеттен өздеріне тиесілі тұрғынжай алғанға дейін есептен шығарылуға жатпайды.

Істің мұндай тұрғысында, жергілікті соттардың талап арызды толық көлемде қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымдары заңды әрі негізді болып табылады.

Сот алқасы, төменгі саты соттарымен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған деп санайды.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігінің, АПК-тің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 22 тамыздағы шешімі, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 15 қарашадағы қаулысы өзгеріссіз күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б. Дуйсенбаев

Судьялар

С.Ү. Баймаханов Г.К. Нұрбаев Г.Б. Дуйсенбаев

Көшірмесі дұрыс. Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.