ВС РК - Постановление от 26.09.2019 по делу 6001-19-00-6КГ/17 (Об административном правонарушении)

6кг-17-19

Қ А У Л Ы

2019 жылғы 26 қыркүйек

Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья А. Қыдырбаева,

судьялар М. Балкен, А. Рахметулин,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің прокуроры Т[...],

əкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға Д[...], оның 2019 жылғы 10 маусымдағы қорғауға хабарлама негізіндегі қорғаушысы А[...] қатысуымен,

кассациялық тəртіппен ашық сот отырысында Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық сотының 2018 жылғы 29 қазандағы жəне Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2018 жылғы 25 желтоқсандағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығымен келіп түскен

Д[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі (бұдан əрі - ӘҚБтК) 633-бабының 2-бөлігі бойынша əкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық сотының 2018 жылғы 29 қазандағы қаулысымен Д[...] ӘҚБтК-нің 633-бабының 2- бөлігімен кінəлі деп танылып, оған 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш, яғни 12 025 теңге мөлшерінде айыппұл салу жазасы тағайындалған.

Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2018 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысымен аталған сот актісі өзгеріссіз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде жəне қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тəртіппен іс бойынша шығарылған сот актілерін қайта қарауды ұсынады.

Наразылықты қолдаған прокурор Т[...], əкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға Д[...], оның қорғаушысы А[...] пікірлерін тыңдап, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы келесі тұжырымға келді.

Жергілікті соттардың қабылдаған қаулылары ӘҚБтК-нің 851бабының 5-бөлігінде көзделген кассациялық тəртіппен қайта қарауға жатады, себебі соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзады.

Әкімшілік іс құжаттарына сəйкес, жүргізуші К[...] 2018 жылғы 19 қыркүйекте сағат 20:00 шамасында Балқаш - Ақтоғай тас жолында мемлекеттік белгісі [...] «Toyota Land Cruiser 150 Prado» маркалы автокөлігімен Д[...] тиесілі 2 сиырды қағып кеткені анықталған. Осы факті бойынша Ақтоғай ауданы Полиция бөлімі Д[...] қатысты ӘҚБтК-нің 633-бабының 2-бөлігімен əкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырып, сотқа қарау үшін жолдаған.

ӘҚБтК-нің 633-бабының 2-бөлігімен көзделген жауапкершілік көлiк құралдарын немесе өзге де мүлiктi бүлдiре отырып, жол-көлiк оқиғасына əкеп соққан автомобиль жолдарына бөлiнген жолақта мал жаю бұзушылығы үшін туындайды.

Жергілікті соттар Д[...] кінəсі істегі дəлелдемелермен толық дəлелденген деген тұжырымға келіп, аталған тұлғаны əкімшілік жауаптылыққа тартқан.

Алайда соттардың əкімшілік жауаптылыққа тарту жөніндегі қаулылары негізсіз жəне заңсыз болып табылады. Себебі ӘҚБтК-тің 691бабына сəйкес, 633-бабында көзделген құқық бұзушылықтар бойынша істерді көлiк жəне коммуникация саласындағы уəкiлеттi орган қарайды. Сəйкесінше мұндай істер бойынша хаттама толтыру тек осы уəкілетті органның құзыретіне кіреді (ӘҚБтК-тің 804-бабының 3-бөлігі).

Алайда соттар полицияның бұл əрекетінің заңдылығына тиісті баға бермеген.

ӘҚБтК-нің 840-бабының 3-тармақшасына сəйкес осы Кодекстiң процестік нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот қаулысының күшiн жоюға не оны өзгертуге жəне қаулы шығаруға негіздер болып табылады. ӘҚБтК-нің 8-бабының 4-бөлігінде əкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уəкiлеттiк берілген соттың, органдардың (лауазымды адамдардың) əкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша іс жүргiзу кезiнде заңды бұзуына жол берiлмейдi жəне заңда белгiленген жауаптылыққа, қабылданған актiлердiң жарамсыз деп танылуына жəне олардың күшiнiң жойылуына əкеп соғады деп көзделген.

Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 851-бабын басшылыққа алып, мамандандырылған сот алқасы,

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Қарағанды облысы Ақтоғай аудандық сотының 2018 жылғы 29 қазандадағы жəне Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2018 жылғы 25 желтоқсандағы қаулыларының күші жойылып, əкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу тоқтатылсын. Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

А. Қыдырбаева

Судьялар

М. Балкен

А. Рахметулин

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.