6001-20-00-3гп/224
Қ А У Л Ы
2020 жылғы 13 қазан Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа төрағасы М.Таймерденов, судьялар Н.О.Сисенова, Н.Қ.Сұлтанов, талапкердің өкілдері Қ[...] және Б[...], жауапкердің өкілі А[...] қатысуымен,
ашық сот отырысында мобильдік және бейнеконференц байланыс арқылы талап қоюшы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік копорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Қоғам) «КK[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – Серіктекстік) мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушы деп тану туралы талабымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 30 қаңтардағы шешімін және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 13 мамырдағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Қоғамының келтірген өтінішхатымен түскен азаматтық ісің қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Қоғам жауапкерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану талап қою арызымен сотқа жүгініп, талабын тараптардың арасында жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарты бойынша жауапкердің міндеттемесін орындамағанымен негіздеген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 30 қаңтардағы шешімімен Қоғамның талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 13 мамырдағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған. Өтінішхатта Қоғам жергілікті соттар істі қарау барысында іс үшін маңызы бар мән-жайлардың ауқымын дұрыс айқындамағанын және анықтамағанын, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол бергендігін көрсете отырып, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып Қоғамның талап арызын қанағаттандыруды сұраған.
Өтінішті қолдаған талапкердің өкілдері Қ[...] және Б[...] пікірін, жауапкердің өкілі А[...] қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегі негіздер бойынша келесі қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп
соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Іс бойынша жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Іс материалдарынан анықталғандай, 2019 жылдың 17 сәуірінде тараптар арасында жалпы құны 39 200 теңгеге «журнал» тауарын (бұдан әрі – тауар) мемлекеттік сатып алу туралы келісім шарт жасалынған.
Аталған шарттың ажырымас бөлігі болып табылатын 1 қосымшасына сәйкес сатып алынатын тауарды Қоғамның (тапсырыс беруші) өтінімі негізінде Серіктестік (өнім беруші) өтінімді веб-портал арқылы алған күннен бастап 16 күнтізбелік күн ішінде жеткізуге міндеттелген.
Тапсырыс беруші 2019 жылдың 14 қарашасында тауарды жеткізу туралы өтінімін веб-порталға ілген. Алайда Серіктестік 16 күнтізбелік күн мерзімінде тауарды жеткізбей келісім шарттың 1.1, 1.2 және 5.4 тармақтарын орындамаған.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 12-бабының 4-тармағының 3) тармақшасына сәйкес өздерімен жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісінше орындамаған өнім берушілердің тізбесін қалыптастырады, осыған орай Қоғам Серіктестікті мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатусышы деп тану туралы талап арызын сотқа берген.
Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандырусыз қалдыра отырып, Заңның 12-бабының 4-тармағының 3-бөлігіне сілтеме жасап, тапсырыс берушінің шарт бойынша өнім берушінің міндеттемелерін орындамаған жағдайда 30 күнтізбелік күннен кешіктірмей сотқа жүгінуге міндетті екендігін көрсетіп, тараптар арасындағы келісім шарт 2019 жылдың 17 сәуірінде жасақталып, өнім беруші тауарды 16 күнтізбелік күн мерзімінде, яғни 2019 жылдың 4 мамырына дейін жеткізбегендіктен, Қоғам сотқа жүгіну мерзімін өткізіп алып, тек 2019 жылдың 10 желтоқсанында талап арызын сотқа берген деп көрсеткен.
Алайда, тауарды жеткізу мерзімі келісім шарт жасалған уақыттан емес, Қоғам тауарды жеткізу туралы өтінімді веб-порталға ілгеннен 16 күнтізбелік күн өткеннен кейін есептелуге тиіс, мұндай міндеттеме тараптар арасында жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шартта көзделген. Сондықтан талап қоюшы сотқа жүгіну мерзімін бұзбаған.
Сотта анықтағандай, жауапкер шарт бойынша өз міндеттемелерін
бүгінгі күнге дейін орындамаған.
Шарттың 3.1-тармағынын 1) тармақшасына сай өнім беруші өзіне алған міндеттемелердің толық және тиесілі орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.
Заңының 12-бабының 4-бөлімінің 3-тармағына сәйкес мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне мемлекеттік сатып алу туралы өздерімен жасасқан шарт бойынша міндеттемелерін орындамаған не тиісті дәрежеде орындамаған өнім берушілер және мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасудан жалтарған әлеуетті өнім берушілер енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодекстің 272-бабына сәйкес мiндеттеме - мiндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиiсiнше және уақытылы орындалуға тиiс.
Мұндай жағдайда, жауапкер шарт бойынша міндеттемелерін орындамағаны үшін мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылуға жатады.
Жоғарыда көрсетілген негіздерге байланысты дауланып отырған сот актілерін заңды әрі негізді деп тануға болмайды.
Сот алқасы жергілікті соттар азаматтық даудың мән-жайы толық, жанжақты анықталғанын, бірақ материалдық заңнамаларды қолдануда елеулі қателіктер жіберілгенін ескере отырып, сот актілерінің күшін жойып, іс бойынша Қоғамның талап арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауға құқықтық негіздер бар деген қорытындыға келеді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 30 қаңтардағы шешімінің және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 13 мамырдағы қаулысының күші жойылсын.
Іс бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік копорациясы» Коммерциялық емес акционерлік қоғамының талап арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдансын.
«КK[...]» Жауапкершілігі шектеулі серіктестік мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушы деп танылсын. «КK[...]» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен мемлекет пайдасына 694 (алты жұз тоқсан төрт) теңге 50 (елу) тиын мемлекеттік баж өндірілсін.
Талап қоюшының өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші: М. Таймерденов
Судьялар:
Н. Сисенова
Н. Сұлтанов
Көшірмесі дұрыс,
Судья:
Н. Сисенова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.