ҚАУЛЫ
2023 жылғы 25 сәуір 6001-22-00-6ап/2565 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,
судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өміралиев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «ҚАЖ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкер «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына (бұдан әрі – «ҚазАвтоЖол» ҰК) 2022 жылғы 14 ақпандағы бұйрықтың күшін жою, лоттар бойынша алдын ала рұқсат беріп конкурсқа қатыстырған әрекетін заңсыз деп тану, 2021 жылдың 21 желтоқсанындағы жасалған шарттарды жарамсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 30 маусымдағы шешіміне, Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 30 қыркүйектегі ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 30 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған. Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 30 қыркүйектегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, әкімшілік талап қою қайтарылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.
Жауапкер кассациялық шағымға қарсы пікірінде шағымды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Іске қатысушы тараптар немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Істің мән-жайларына қарағанда «ҚазАвтоЖол» ҰК жариялаған республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын орташа жөндеу бойынша жұмыстарды электрондық сатып алу бойынша тендердің 2021 жылдың 3 желтоқсандағы қорытындысымен Серіктестік жеңімпаз болып танылған.
2021 жылдың 21 желтоқсанында тараптармен келісім шарттар жасалған.
2022 жылдың 5 қаңтарында Серіктестік келісім шарттарды бұзу туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК-не хат жолдаған. 2022 жылдың 26 қаңтарында шарт біржақты бұзылған.
2022 жылдың 2 ақпанда «ҚазАвтоЖол» ҰК мен екінші жеңімпаз деп танылған «К[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында шарттар жасалған.
2022 жылдың 14 ақпанында «ҚазАвтоЖол» ҰК Орталықтандырылған сатып алуды бақылау қызметінің №12 бұйрығына сәйкес Серіктестік сатып алудың жозықсыз қатысушылардың тізіміне енгізілген.
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды негізінен қарап шешкен.
Апелляциялық сатыдағы сот шешімнің күшін жойып, талап қоюды қайтарғанда «ҚазАвтоЖол» ҰК-нің тарапынан сатып алуды жүзеге асыру, шарт жасасу жөніндегі барлық даулары осы құқықтық қатынастардың қатысушыларына ғана қатысты және жеке-құқықтық болып табылатыны және осыған байланысты 2022 жылғы 1-ші қаңтардан бастап 2021 жылғы 8 маусымдағы «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы енгізілгенге дейін аталған талап қою әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен мәні бойынша қарауға жатпаған деп дұрыс тұжырым жасаған.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне апелляциялық сот актісінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.
Сондықтан Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 30 қыркүйектегі ұйғарымының күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 30 қыркүйектегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «ҚАЖ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов
Судьялар Ш. Даниярова
Е. Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.