ВС РК - Постановление от 12.02.2025 по делу 6001-24-00-6ап/646 (Административное)

6001-24-00-6ап/646

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 12 ақпан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев,

судьялар – Ш.Т. Даниярова, Г.К. Нұрбаев болып,

ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Байзақов Сыдық Кудиратовичтің жауапкер жеке сот орындаушысы Рустемова Лаззат Нурлыбековнаға іс-әрекетсіздігін заңсыз деп тану, 2023 жылғы 7 қыркүйектегі шығыс № 314 санды хатын, яғни сот шешімін мәжбүрлі түрде орындау туралы ескертуі мен хабарлау туралы хаты бойынша борышкерге ескертпеу іс-әрекетін заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 6 қарашадағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 26 желтоқсанындағы қаулысына талап қоюшының өкілі берген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

С.К. Байзақов жоғарыда көрсетілген талап арызбен сотқа жүгініп, негіздемесінде, жеке сот орындаушысы (бұдан әрі – ЖСО, жауапкер) Л.Н.Рустемованың даулы әрекеті заң талаптарына сәйкес келмейтіндігімен негіздеген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 6 қарашадағы шешімімен талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 26 желтоқсанындағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі Е.Б. Мырзакулов кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін, құқықтық заң нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсете келе, олардың күшін жойып, талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Сот алқасы кассациялық шағым уәждері мен іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарына қарағанда, сот орындаушысының 2023 жылғы 28 тамыздағы қаулысымен Шымкент қаласы, Қызыл жар шағын ауданы, Гагарин көшесі нөмірсіз үй, кадастр №19-309-101-640 жер телімінде орналасқан ені 6 метр, ұзындығы 30,50 метр құрайтын темір бастырма, бастырмаға кіре берістегі ені 3 метр, биіктігі 2,5 метр темір есік, бастырма астында орналасқан темір тапчан және электр генераторы құрылғысы С.К.Байзақовтың есебінен бұзу, жер телімін босату туралы атқарушылық іс жүргізу қозғалған.

ЖСО Л.Н.Рустемова сот актісінің орындалуын ескерту және тағайындау туралы 2023 жылдың 7 қыркүйегінде № 314 санды хатын жолдап, сондай-ақ талап қоюшыға өз еркімен сот актісін орындауды, сот орындаушының талабын орындамаған жағдайда 2023 жылдың 13 қыркүйегі сағат 11:00-де сот шешімі мәжбүрлі түрде орындалатыны жөнінде ескерткен.

Талап қоюшыға атқарушылық іс жүргізу қозғалғаны жөнінде, сондай-ақ сот шешімін өз еркімен орындау, орындамаған жағдайда оны мәжбүрлеп орындау тағайындалғаны туралы белгілі болған.

Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда, жауапкер сот шешімін орындауға бағытталған әрекеттерді атқарушылық іс жүргізудің шеңберінде жасаған, заң бұзушылықтарға жол бермеген деген тұжырымға келген. Сот алқасы төменгі саты соттарының тұжырымдарымен толық келісіп, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп тапты. Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 27-бабы 1- тармағына сәйкес, атқарушылық іс жүргізуге қатысушылар атқарушылық әрекеттер және мәжбүрлеп орындату шаралары туралы хабархатпен хабарландырылады. Сот орындаушысына не атқарушылық әрекеттер жасалатын жерге шақыру қағазын жіберу арқылы жүзеге асырылады. Сот орындаушысы Заңның 27-бабының 1-тармағының талаптарына сай, талап қоюшыға (борышкер) атқарушылық іс жүргізу бойынша атқарушылық әрекеттер және мәжбүрлеп орындату шаралары туралы хабархатпен хабарландырылғаны анықталған.

ЖСО сот шешімін мәжбүрлеп орындауға тиісті әрекеттер жасаған. Сот алқасы жергілікті соттардың талап арызды қанағаттандырудан бас тартуы заңды әрі негізді деп есептейді, себебі сот орындаушысы заңды күшіне енген сот шешімін мәжбүрлеп орындауға шаралар ұйымдастырып, әрекеттер жасаған.

Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мәнжайлар ауқымын дұрыс айқындаған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған деп санайды.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы талапкер өкілінің кассациялық шағымын қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігінің, АПК-тің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 6 қарашадағы шешімі және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 26 желтоқсанындағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын.

Талап қоюшының өкілі Ерболат Бекзатович Мырзакуловтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б. Дуйсенбаев

Судьялар

Ш.Т. Даниярова

Г.К. Нұрбаев Г.К. Нұрбаев

Көшірмесі дұрыс. Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.