ВС РК - Постановление от 29.09.2016 по делу 6001-16-00-6АП/84 (Об административном правонарушении)

№ 6ап-84-16

ҚАУЛЫ

2016 жылғы 29 қыркүйек Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Т.Қ.Баратбеков,

судьялар М.Т.Балкен, Н.Ө.Жолдасбеков,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің бастығы Ч[...],

шағым беруші Ж[...] қатысуымен кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2016 жылғы 20 сәуірдегі және Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2016 жылғы 13 мамырдағы қаулыларына келтірілген наразылығымен түскен

Ж[...] Индер аудандық Ішкі істер бөлімінің (бұдан әрі - ІІБ) 2016 жылғы 4 сәуірдегі 06 №240310 санды әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамасын заңсыз деп тану, күшін жою туралы істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2016 жылғы 20 сәуірдегі қаулысымен Ж[...] Индер аудандық ІІБ-нің жол патрульдік полиция (бұдан әрі - ЖПП) аға сержанты М[...] 2016 жылғы 4 сәуірдегі № 240310 санды әкімшілік құқық бұзушылық туралы толтырған хаттамасын заңсыз деп тану туралы шағымы қанағаттандырылған.

ЖПП - нің аға сержанты М[...] әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасаған әрекеті заңсыз деп танылған және оның 2016 жылғы 4 сәуірде сериясы 06 №240310 санды әкімшілік құқық бұзушылық туралы жасаған хаттамасының күші жойылған.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2016 жылғы 13 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.

Бас Прокурордың орынбасары наразылығында іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың қаулыларымен келіспей, олардың күшін жоюды, Ж[...] шағымын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа қаулы қабылдауды сұраған.

Наразылықты қуаттаған прокурор Ч[...], керісінше қанағаттандырусыз қалдыру туралы Ж[...] қарсылығын тыңдап, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы прокурордың наразылығы төмендегі негіздермен қанағаттандыруға жатады деген тұжырымға келді.

Іс құжаттарынан анықталғандай, 2016 жылғы 4 сәуірде шамамен сағат 18:08-де Ж[...], өзінің басқаруындағы «Toyota Rav-4» маркалы мемлекеттік

тіркеу нөмірі [...] көлік құралын Атырау – Орал тас жолы 45 шақырым тұсында алкогольдік масаң күйінде басқарған.

Махамбет аудандық орталық ауруханасының №234 санды медициналық куәландыру қорытындысы (әрі қарай - №234 қорытындысы) бойынша алкогольден жеңіл дәрежедегі мас күйінде болғандығы анықталған.

Қазақстан Республикасының Жол жүру қағидаларының 2.4.2-тармағының талабын бұзып, алкогольдік масаң күйінде автокөлікті басқарған деп Ж[...] қатысты Қазақстан Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 608-бабының 1-бөлігімен ЖПП-нің аға сержанты М[...] 2016 жылғы 4 сәуірде 06 №240310 санды әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама (әрі қарай - хаттама) толтырған. 2016 жылғы 20 сәуірдегі Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен Ж[...] шағымы қанағаттандырылып, хаттаманың күші жойылған.

Бірінші сатыдағы сот №234 қорытындысын жасау барысында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің 2003 жылғы 11 маусым №466 бұйрығымен бекітілген Психикалық белсенді зат пайдалану фактісін және мас болу жағдайын анықтау тәртібі туралы нұсқаулығының (әрі қарай-нұсқаулық) талаптары толық орындалмай, клиникалық деректер толық зерттелмеген, алкогольдің және басқа да психикалық белсенді заттардың үрлеген ауада және ағзадағы биологиялық ортада болуы анықталмаған, биологиялық күйі қаны зерттелмеген, ауа арнайы құралмен тексерілмеген, сондықтан Ж[...] медициналық куәландыру өткізу кезінде мас күйінде болды деп қорытынды жасауға толық және біржақты негіз жоқ, Ж[...] мастық күйінің клиникалық сипатының көрсеткіштері бір-біріне қарама-қайшы келетінін, сонымен қатар Ж[...] көлік құралын басқармастан «Нитроминт» дозаланған тіл астылық аэрозоль шашқан, бұл дәріден алкогольдің иісі сезіледі деп тұжырымдаған.

Апелляциялық сатыдағы сот алқасы аталған тұжырыммен келісіп сот қаулысын өзгеріссіз қалдырған.

Алайда, жергілікті соттар, нұсқаулықтың 17-тармағында мастық күйінің клиникалық сипаты дәрігердің күдігін туғызса немесе куәландырылатын адам куәландыру қорытындысын мақұлдамағанда, ол адамның дем алатын ауасы мен биологиялық күйі (зәр, қан, түкірік) тексеріледі делінген талабын ескермеген.

Сонымен қатар, нұсқаулықтың 28-тармағында медициналық куәландыруға (алғашқы, қайта) жолдау, оны жүргізу және оның қорытындысымен келіспеген жағдайларда азаматтар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, жұмыс істейтін ұйымның, мекеменің лауазымдық, медициналық қызметкерінің іс-әрекеттеріне сот тәртібі бойынша шағым жасауларына болады делінген.

Іс құжаттарына тіркелген №234 қорытындысынан Ж[...] биологиялық ортасында – түкірігінде алко скрин арқылы тексеру барысында 0,2% алкоголь анықталып, алкогольдік мас күйі жеңіл дәрежелі деген корытынды берілген. Аталған қорытындымен Ж[...] танысып, қарсылық білдірмей қолын койған. Сонымен қатар, келіспеген жағдайда нұсқаулықтың 27, 28-тармақтарына сәйкес екі сағаттың ішінде қайта медициналық куәландыру өтуге, ал оның қорытындысымен де келіспеген жағдайда шағым келтіру құқығын пайдаланбаған.

Сонымен қатар, жергілікті соттардың, Ж[...] шыққан алкогольдің иісі тек оның құрамында алкоголь бар Нитроминт тіл астылық аэрозоль дәрісін пайдаланғандығын ғана растайды деген тұжырымы да негізсіз, себебі соңғының медициналық куәландыру барысында аэрозоль дәрісін қабылдағанын айтпаған, керісінше жарты шөлмек сыра ішкенін және қандай да бір аурумен ауырмайтынын көрсеткен.

ӘҚБтК-нің 803-бабының 1,2) тармақшаларына сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттаманы оған уәкiлеттiк берілген лауазымды адам жазбаша нысанда жасайды және әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамада әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың жасалған орны, уақыты мен мәнi, iстi шешу үшiн қажетт өзге де мәлiметтер көрсетiледi, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау фактiсiн растайтын құжаттар қоса беріледі. Дауланып отырған хаттама аталған ӘҚБтК-нің 803-бабына толығымен сәйкес толтырылған.

Мұндай жағдайда, мамандандырылған сот алқасы жергілікті соттардың Ж[...] қатысты әкімшілік өндірісті қысқарту туралы қабылдаған сот актілері бұзылуға жатады деген прокурордың наразылықта келтірген уәждерімен толық келіседі.

ӘҚБтК-нің 840-бабының 1) тармақшасына сәйкес, судьяның әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыда жазылған iстiң нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің наразылықты қарау кезiнде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуi әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулының күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылады.

Сондықтан, Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2016 жылғы 20 сәуірдегі және Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2016 жылғы 13 мамырдағы Ж[...] қатысты қабылданған қаулылары заңсыз болғандықтан күші жойылуға жатады.

Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 840-бабының 1) тармақшасын, 851-бабын басшылыққа алып, мамандандырылған сот алқасы,

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Ж[...] қатысты әкімшілік өндірісті қысқарту туралы Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2016 жылғы 20 сәуірдегі және Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2016 жылғы 13 мамырдағы қаулыларының күші жойылып, іс бойынша іс жүргізу қайта қалпына келтірілсін.

Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына өзге құрамда қайта қарау үшін жіберілсін.

Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Т.Баратбеков

Судьялар

М.Балкен

Н.Жолдасбеков

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.