6003-25-00-2к/1626
Қ А У Л Ы
2025 жылғы 28 қазан
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,
судьялар В.Е.Тохтарбаева, Л.Б.Мамырбаева,
прокурор Н.Молдахановтың, талап қоюшының өкілі Ғ.О.Әзімбайдың, жауапкерлер К.А.Хизированың қатысуларымен
талап қоюшы Астана қаласының әкімдігі «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкер Камила Алмахановна Хизироваға, Гульзамира Алмахановна Хизироваға, Сакен Алмаханович Хизировқа, Несибели Онгарбаевна Кубековаға, Айзада Копболсыновна Тугелкелсиноваға және кәмелетке толмаған Алихан Сакенович Алмахановға, Қайрат Хизировқа өтемақы төлеу арқылы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы электронды азаматтық істі талап қоюшының Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 23 қаңтардағы шешіміне, Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 наурыздағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкерлердің меншігіндегі жер учаскесін және жылжымайтын мүлікті мемлекет мұқтажы үшін ақшалай өтемақы төлей отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығаруды сұраған.
Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 23 қаңтардағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
К.А.Хизироваға тиесілі Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Сырдария көшесі 58-үй, 2-пәтер, кадастрлық нөмірі 21-318-029- 124, жалпы ауданы 0,0722 га, үлесі 0,0187 га жер учаскесі, 38 618 362 теңге өтемақы төлене отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. Ақшалай өтемақы төленгеннен кейін К.А.Хизирова, Г.А.Хизирова, С.А.Хизиров, Н.О.Кубекова, А.К.Тугелкелсинова және кәмелетке толмаған А.С.Алмаханов пен Қ.Хизиров Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Сырдария көшесі 58-үй, 2-пәтер, кадастрлық нөмірі 21-318-029- 124, жалпы ауданы 0,0722 га, жер учаскесінен және жылжымайтын мүліктен мәжбүрлеп шығарылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 наурыздағы қаулысымен аталған шешім өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мәнжайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, сарапшының қорытындысымен келіспейтінін көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып,
бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертуді, өндірілген 38 618 362 теңге ақшалай төлемді 27 001 753 теңге мөлшеріне дейін азайтуды сұраған.
Кассациялық сот тараптарды, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Астана қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 12 тамыздағы «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) туралы» №510-2652 қаулысы негізінде, Астана қаласы, «Байқоңыр» ауданы, Сырдария көшесі №58 үй, 2- пәтер, кадастрлық нөмірі 21-318-029-124, жалпы ауданы 0,0722 га, «тұрғын үйді пайдалану» нысаналы мақсатымен жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатады.
Қаулыда көрсетілген жер учаскесінің шеңберінде 2011 жылғы 28 маусымдағы сатып алу-сату шарты және жер учаскесіне жеке меншік құқығы актісі негізінде К.А.Хизироваға тиесілі жер учаскесімен онда орналасқан жылжымайтын мүлік енген.
Уәкілетті органмен жауапкерге өтемақы төлеу арқылы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама табысталған және 27 001 753 теңге ақшалай өтемақы ұсынылған.
Алайда, жауапкер өзінің мүліктерін талап қоюшының бағалаған нарықтық құнымен келіспеген.
Осыған байланысты сот ұйғарымымен тағайындалған «Прогресс Консалтинг» ЖШС-нің 2025 жылғы 17 қаңтардағы № С.162-12.24 қорытындысына сәйкес мемлекеттік органда тиісті түрде ресімделген жер учаскесінің нарықтық құны зерттеу кезіндегі жақсартулардың құны ескеріле отырып 38 618 362 теңгеге бағаланған (бұдан әрі - сарапшының қорытындысы).
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының (бұдан әрі –Заң) 1-бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.
Заңның 67-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін
иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.
Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.
Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде сарапшының қорытындысын назарға алған. Өйткені, қорытынды иеліктен шығарылатын жер учаскесінің шынайы нарықтық құнын айқындайтын анық дәлелдеме деп танылған. Бұл сараптама заңдылық пен әділдік өлшемдеріне сәйкес келеді. Сарапшымен сараптама шығын тәсілі және салыстырмалы тәсілімен жүргізіліп, зерттеу кезінде аналогтар пайдаланылған. Соттар бұл әдіс Объектінің нарықтық құнын анықтау кезінде ең сенімді әдіс болып табылатынын назарға алған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған.
Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.
Істің мұндай тұрғысында, соттардың мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алынатын жер учаскесімен мүлік үшін өтемақы мөлшерін 38 618 362 теңге деп анықтауы заңды.
Осыған байланысты талап қоюшының шағымда келтірген уәжі негізсіз, соттардың түйіндеріне қарсы жаңа дәлелдер келтірмеген, көрсетілген уәждері апелляциялық сатыдағы сотпен толығымен негізделген.
Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.
«Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі» туралы Заңның 14бабына сәйкес, бағалаушының дереккөзiн көрсете отырып, бағалау стандарттарына және (немесе) халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес бағалау әдiстерi мен бағалау амалдарын өзі дербес қолдануға құқығы бар. Сарапшының бағалау тәсілдері мен әдістері сот құрылыс-тауартану сараптамасын жүргізу кезінде жылжымайтын мүліктің құнын айқындау әдістемесінің талаптарына сәйкес келеді, оны теріске шығаратын дәлелдемелер ұсынылмаған.
Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 23 қаңтардағы шешімі, Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
Судьялар: В.Е.Тохтарбаева
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.