6001-22-00-6ап/1063
ҚАУЛЫ
4 қазан 2022 жыл Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Г.Б. Дуйсенбаевтың,
судьялар Ж.Б. Ермағамбетованың, Д.А. Токмурзинаның,
талап қоюшының өкілі К[...],
жауапкер өкілі М[...],
мүдделі тұлға М[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында мобильді бейне-конференц байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «№2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-нің (бұдан әрі – Әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы) жауапкер «Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы» ММ-не (бұдан әрі – Еңбек инспекциясы) нұсқаманы заңсыз деп тану туралы талап қою арызымен қозғалған әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 27 қаңтардағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағыммен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :
Әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы еңбек заңнамасы талаптарының бұзушылықтарын жою туралы 2021 жылғы 8 қарашадағы нұсқаманы заңсыз деп тану туралы Еңбек инспекциясына талап қою арызымен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 27 қаңтардағы шешімімен талапкердің талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерінің күшін жойып, талап қою арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұрап, оны соттармен істің мән-жайларына дұрыс баға берілмегендігімен, материалдық және процесстік құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанымен негіздеген.
Жауапкер кассациялық шағымға берген қарсылығында дауланып отырған сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер өкілінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірлерін, мүдделі тұлға өкілінің түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 бабына сай, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Р. М[...] қызметтер көрсету орталығында 2020 жылдың 6 қазанында №337 бұйрықпен дәрігер-терапевт қызметіне қабылданған.
Әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының 2021 жылғы 12 қазандағы №379 бұйрығымен М[...] Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 52-бабының 1-тармағының 17) және 21) тармақшасына сәйкес еңбек шарты бұзылып, жұмыстан босатылған.
М[...] арызы негізінде, Еңбек инспекциясы Әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына жоспардан тыс тексеру жүргізіп, 2021 жылдың 8 қарашадағы тексеру қорытындысы бойынша акті түзіліп, талап қоюшыға Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасы талаптарының бұзушылықтарын жою туралы №02РУ-12 нұсқама (әрі қарай - Нұсқама) берілген. Дауланып отырылған Нұсқамаға сай, М[...] қарапайым дәрігер қызметін атқаруы Еңбек кодексінің талаптарына қайшы келмейтіндіктен, талап қоюшының 2021 жылғы 12 қазандағы №379 бұйрығымен М[...] еңбек шартын бұзуы және аталған бұйрықтың қызметкерге тиісті түрде табыс етілмегені, еңбек заңнамасына сәйкес келмейтіндіктен бұл әрекеттер еңбек заңнамасының талаптарына сәйкестендірілу қажет екендігі көрсетілген. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар, жауапкердің Н[...] көрсетілген тұжырымдарын негізді деп санап, талап қоюды заңды және негізді қанағаттандырусыз қалдырған.
Себебі, Еңбек кодексінің 52-бабының 1-тармағының 17) тармақшасына сай, жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша егер төлнұсқа құжаттар немесе мәліметтер еңбек шартын жасасудан немесе басқа жұмысқа ауысудан бас тартуға негіз болатын болса, еңбек шартын жасасу не басқа жұмысқа ауыстыру кезінде жұмыскер жұмыс берушіге көрінеу жалған құжаттар немесе мәліметтер ұсынған жағдайда бұзылуы мүмкін.
Сонымен қатар, осы Кодекстің 52-бабының 1-тармағының 21) тармақшасында жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыскер заңды күшіне енген сот актісіне сәйкес одан әрі жұмыс істеу мүмкіндігін жоятын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған жағдайда бұзылуы мүмкінкіндігі көрсетілген.
Яғни, жоғарыда көрсетілген Еңбек кодексінің талаптарына сай, жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмыскермен еңбек шарты, соңғының еңбек шартын жасаудан бас тартуға негіз болатын көрінеу жалған құжаттар мен немесе мәліметтерді ұсынуы, сондай-ақ сот актісіне сәйкес оның одан әрі жұмыс жасау мүмкіндігін жоятын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық орын алған жағдайда ғана бұзылуы мүмкін.
Соттармен анықталғандай, Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының 2018 жылғы 29 қарашадағы үкімімен М[...] Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігімен (бұдан әрі – ҚК) кінәлі деп танылып, оған 9 000 000 теңге айыппұл түріндегі жазасы тағайындалған және ҚК-тің 50-бабының 2-бөлігінің талаптары қолданылып, мемлекеттік қызметте, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде, оның ведомстволарында, мемлекеттік ұйымдарда және жарғылық капиталында мемлекет үлесі елу пайыздан асатын ұйымдарда, оның ішінде акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтерде, ұлттық холдингтерде, ұлттық компанияларда, ұлттық даму институттарында, дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы өздеріне тиесілі олардың еншілес ұйымдарында, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы аталған еншілес ұйымдарға тиесілі заңды тұлғаларда лауазымдарды атқаруға өмір бойына айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалған.
Сот үкіміне қарағанда, М[...] Шымкент қалалық №4 емханасының бас дәрігерінің міндетін атқарушы лауазымында, яғни мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға теңестірілген қызметте бола тұра, өзі басшылық етіп отырған мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынға Б[...] фельдшер немесе аға мейірбеке қызметіне жұмысқа қабылдау үшін өзінің қызметтік өкілеттілігін пайдаланып, айтарлықтай мөлшерде 300 000 теңге пара алғаны үшін сотталған. Яғни, сот үкіміне сәйкес сотталушы лауазымдық қызметті атқару кезіндегі қылмыстық әрекеті үшін сотталған, ал дәрігерлік қызметпен айналысу құқынан айырылмаған, бұл жағдай оның қатардағы кәсіби дәрігер ретінде жұмыс істеуіне кедергі келтірмейді.
Сот алқасы жергілікті соттардың, талап қоюшымен М[...] сот үкіміне сай мемлекеттік ұйымдарда кез-келген лауазымда жұмыс істеуге құқығы болмаған деген уәждерін негізсіз және қате жасалған деген тұжырымдарымен келіседі, ал дауланып отырған жауапкердің Н[...] М[...] бұзылған құқығын қалпына келтіреді.
Сонымен қатар, мүдделі тұлға М[...] жұмыс берушіге, халыққа қызмет көрсету орталығынан алынған «соттылығы жоқ» деген анықтама тапсырған.
Көрсетілген анықтама мүдделі тұлғаға М[...] жасақталмаған, ол оған ешқандай түзетулер енгізбеген. Демек мүделі тұлға тарапынан жұмыс берушіге көрінеу жалған құжаттар немесе мәліметтер ұсынылмаған.
Бұдан басқа «соттылығы жоқ» деген анықтаманы берген «Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Шымкент қаласы бойыша басқармасы мемлекеттік мекемесінің аға прокуроры С.Т. Сыздықов сот үкімі орындалғанын, сол себепті ҚК-нің 79 бабына сай, М[...] соттылығы 2018 жылы 25 желтоқсанда жойылғанын, сондықтан заңды түрде 2018-2021 жылдар аралығында М[...] соттылығы жоғы туралы 9 рет анықтама берілгенін көрсеткен.
Жоғарыда көрсетілген жағдайлар толығымен талап қоюшымен дауланып отырған жауапкермен берілген нұсқаманың заңдылығын, ал талап қоюшының мүдделі тұлға М[...] еңбек шартын бұзу туралы бұйрығының заңсыздығын дәлелдейді.
Сот алқасы іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың қабылдаған сот актілері заңды, ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сонымен қатар, жергілікті соттармен талап қоюшының талап қоюда және шағымдарында көрсетілген барлық уәждеріне заңдық тұрғыдан баға беріліп, іс құжаттары және дәлелдемелер толық зерттелген. Талап қоюшының зерттелген дәлдемелермен негізделген сот тұжырымдасымен келіспеуі, заңды қабылданған сот актілерін бұзуға негіз болып табылмайды. Істің бұл тұрғысында бірінші сатыдағы сот шешімі және апелляциялық сот алқасының қаулысы күшінде қалдырылуға, ал талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылудан бас тартылуға жатады.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 27 қаңтардағы шешімі және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «№2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г. Дуйсенбаев
Ж. Ермағамбетова
Судьялар
Д. Токмурзина
Көшірмесі дұрыс
Судья
Д. Токмурзина
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.