Қ А У Л Ы
2025 жылғы 21 тамыз №6003-25-00-2к/215 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов,
судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов болып,
прокурор О.С.Пернеевтың, талап қоюшы өкілі Е.Т.Турсунгалиевтың, жауапкер өкілдері К.М.Джунусбековтың, Б.Мекенбаевтың және А.Б.Джумановтың қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Маңғыстау облысы әкімдігінің Іс басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) жауапкер «ALASH FOOD INVEST» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - ЖШС-і) мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану, тұрақсыздық айыбын өндіру және келісім шартты бұзу туралы электрондық форматтағы азаматтық іс бойынша шығарылған Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 17 қаңтардағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 наурыздағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) жауапкердің берген кассациялық шағымын қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Басқарма аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны ЖШС-і міндеттемелерін тиісінше орындамағанымен негіздеген.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, ЖШС-і мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылып, мемлекет пайдасына 531 440 теңге тұрақсыздық айыбы және 17 909 теңге мемлекеттік баж алымы өндірілген. Талап қоюдың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған.
ЖШС-і кассациялық шағымында келісім шартпен айқындалған жұмыстардан артық жұмыстар жасағанын, 48 дана радиатордың орнына 108 дана радиатор орнатқанын, Басқарма тарапынан өздерінің құқықтары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін ішінара жоюды, талаптың мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану жөніндегі бөлігін қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде
бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Бірінші және апелляциялық саты соттары Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 272, 293, 386-баптарын және «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12, 45баптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
Анықталғаны, тараптар арасында 2024 жылғы 10 шілдеде №240273/00 облыстық әкімдігі ғимаратының ішкі инженерлік жүйесін қайта құру жұмыстары бойынша жалпы сомасы 21 257 600 теңгені құрайтын шарт жасалған, жұмыстың орындалу мерзімі 2024 жылғы 24 қазан.
ЖШС-і шарт бойынша міндеттемелерін тиісінше орындамаған, бұл жөнінде Басқармамен 2024 жылғы 29 қазанда ескерту хаты жолданған.
Бұл жағдайда жергілікті соттар ЖШС-нің әрекеттеріне дұрыс құқықтық бағасын берген, себебі шарт талаптары айқындалған тәртіпте орындалуы тиіс (АК-тің 272-бабы), мiндеттеменi орындаудан бiржақты бас тартуға жол берілмейді (АК-тің 273-бабы), ЖШС-і міндеттемесін тиісінше орындамағаны үшін айып төлеуі тиіс (АК-тің 293-бабы).
Істің мұндай тұрғысында, яғни ЖШС-і өзінің міндеттемелерін тиісті түрде орындамағанын және шарттың қолданылу мерзімі өтуіне байланысты шартты бұзудың қажеттілігі жоқ екенін ескере отырып, талап қою ішінара қанағаттандырылуға жатады деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.
Кассациялық шағым уәждері жергілікті соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, кассациялық сот
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 17 қаңтардағы шешімі мен Маңғыстау
облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 наурыздағы қаулысы өзгеріссіз, жауапкер «ALASH FOOD INVEST» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Қаулы жария етілген күннен бастап заңды күшіне енеді.
Төрағалық етуші К.Айтжанов
Судьялар Н.Жумагулова
Н.Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.