6001-21-00-3гп/335
ҚАУЛЫ
2021 жылғы 18 тамыз
Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші Б.Ж.Тоқтарова, судьялар Г.Қ.Жүсіпбекова, А.Ә.Сапарова, талап қоюшы Б[...], оның өкілі И[...],
жауапкер Б[...] өкілі М[...] қатысуларымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында бейнеконференцбайланысы арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы Б[...] жауапкерлер Е[...], Б[...] ерлізайыптылардың ортақ мүлкін бөлу және негізсіз баюдың салдарынан туындаған ақшаны қайтару туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 12 мамырдағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы жауапкер Б[...] келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Б[...] жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгініп, оны келесі уәждермен негіздеген.
Б[...] жауапкер Е[...] заңды некеде тұрған кезеңде Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Тассай тұрғын алабы, № 226 орамда орналасқан № 126 мекенжайындағы, кадастрлық № [...] жер учаскесін (бұдан әрі – жер учаскесі) 5 000 000 теңгеге сатып алған. Сонымен қатар, жауапкер Б[...] тұрғын үйіне күрделі жөндеу жұмыстары мен оған жиһаздарды және жер учаскесін сатып алуға ерлізайыптылардың ортақ мүлкі болып табылатын қаражатынан 19 907 660 теңге жұмсалған. Сол жұмсалған қаражаттың 9 953 830 теңгесі өзіне тиесілі екенін көрсетіп, 5 000 000 теңгенің орнына жер учаскесін өзіне қалдырып, үлестің 4 953 830 теңгесін жауапкерлерден ақшалай өндіруді сұраған.
Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотының 2021 жылғы 9 ақпандағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған. Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 12 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, Б[...] талап қою арызының жауапкер Б[...] негізсіз баюдың салдарынан туындаған ақшаны қайтару туралы қанағаттандырудан бас тарту бөлігінің күші жойылып, талап қою арызын ішінара қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған. Ж[...][...] талап қоюшы Б[...] пайдасына негізсіз баюдың құны ретінде 3 826 565 теңге өңдірілген.
Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
А[...][...] өтінішхатында іс бойынша апелляциялық сот алқасымен қабылданған қаулымен келіспей, материалдық және процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанын, соттың тұжырымы істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, дау айтылған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Б[...] өкілі И[...] өтінішхатқа жолдаған қарсы пікірінде, апелляциялық сот алқасымен істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының дұрыс қолданғанын көрсетіп, дауланып отырған сот актісін күшінде қалдыруды сұраған.
Сот алқасы, Б[...] өкілі М[...] өтінішхатты қолдаған түсінігін, Б[...] және оның өкілі И[...] өтінішхатқа қарсылығын тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, дауланып отырған сот актісі төмендегі негіздерге байланысты өзгеріссіз, өтінішхат қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық сот алқасымен жол берілмеген.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 953-бабының 1-тармағына сай заңдармен немесе мәмiлемен белгiленген негiздерсiз мүлiктi басқа тұлғаның (жәбiрленушiнiң) есебiнен иеленiп алған немесе жинаған тұлға (сатып алушы), осы Кодекстің 960-бабында көзделген жағдайлардан басқа ретте, негiзсiз иеленiп алынған немесе жинақталған мүлiктi (негiзсiз баю) алдыңғысына қайтаруға мiндеттi.
АК-нің 956-бабының 1-тармағына сай негiзсiз алынған немесе жинақталған мүлiктi заттай қайтарып беру мүмкін болмаған жағдайда мүлікті иеленуші жәбiрленушiге осы мүлiктiң оны алған кездегi нақты құнын өтеуi, сондай-ақ егер мүлiктi иеленушi оның құнын баюдың негiзсiздiгi туралы бiлгеннен кейiн дереу өтемесе, мүлiк құнының кейiнгi өзгеруi арқылы келтiрiлген шығындарды өтеуге тиiс.
Іс құжаттарынан анықталғандай, жауапкер Б[...] 2017 жылғы 23 желтоқсандағы сатып алу-сату шартымен Шымкент қаласы, Тассай тұрғын үй алабы, кадастрлық №[...] санды, № 201/2 жер учаскесін сатып алып, аталған жер учаскесіне тұрғын үй салған.
Талап қоюшы Б[...] мен жауапкер Е[...] 2020 жылғы 26 наурызда некеге тұрған.
Некеге тұрғаннан кейін, Б[...] жұбайы Е[...] анасы жауапкер Б[...] жоғарыда көрсетілген тұрғын үйіне қажетті жалпы құны 3 826 565 теңгені құрайтын жиһаздар мен басқа да тұрғын үйге қажетті жабдықтар сатып алып, осы үйге орналастырған.
Бұл іс құжаттарына тіркелген 2020 жылғы 3 сәуірдегі, 7, 15, 25 мамырдағы, 28 маусымдағы, 20, 30 шілдедегі, 3, 4, 5, 21 тамыздағы, 12 қыркүйектегі, 4 қазандағы жалпы құны 3 826 565 теңгені құрайтын жиһаздар мен басқа да тұрғын үйге қажетті жабдықтардың жүкқұжаттарымен расталады.
Аталған жүкқұжаттарына сәйкес оларға Б[...] тапсырыс берген және төлемді жасаған.
Сонымен қатар, Б[...] жоғарыда аталған жүкқұжаттары бойынша жиһаздар мен басқа да жабдықтардың өзіне тиесілі жер учаскесінде салынған тұрғын үйге жеткізілгенін, сол тұрғын үйге жайғастырылып қойылғанын және орнатылғанын теріске шығармаған.
Бұл мүліктердің өз қаражаттарына сатып алғаны туралы жауапкерлердің уәждерін апелляциялық сатыдағы сот тиісті дәлелдердің ұсынылмауына байланысты дұрыс негізсіз деп таныған.
Мұндай жағдайда апелляциялық сатыдағы сот, бірінші сатыдағы сот шешімінің талап қоюшы Б[...] жауапкер Б[...] негізсіз баюдың салдарынан туындаған ақшаны қайтару туралы талабын қанағаттандырудан бас тарту жөніндегі бөлігінің күшін жойып, бұл бөлігінде талап қою арызын қанағаттандыру туралы дұрыс шешім қабылдаған.
Апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымымен келіспей, өтінішхат авторы үйдің ішкі жиһаздары мен басқа да жабдықтарына жеке кәсіпкерлікпен айналысатын немересі Д[...] ақша бергенін, сонымен қатар, талап қоюшы үйден [...] жылғы 20 қыркүйекте біржола кеткенін, аталған факті Б[...] мен Е[...] араларындағы неке бұзу туралы талап қою арызы бойынша қабылданған Қаратау аудандық сотының 2020 жылғы 11 қарашадағы шешімінде көрсетілгенін, яғни Б[...] 2020 жылғы 4 қазанда жиһаздар мен басқа да тұрғын үйге қажетті жабдықтарды сатып алып, жауапкердің үйіне алып келгендігі жалған екендігін көрсеткен.
Алайда, бұл уәждері негізсіз, себебі сот отырыстарында Б[...] ақшаны немересі Д[...] бергенін растап бере алмаған. Сонымен қатар, талап қоюшы Б[...] өкілі – И[...] 2021 жылдың 3 тамызындағы «Евролюкс-3» дүкеніне сұраныс хатының жауабына сәйкес талап қоюшы 2020 жылдың 4 қазанында аталған дүкенге келіп, 2020 жылдың 22 мамырында тауарларды сатып алғанын растайтын құжат беруді сұраған.
«Евролюкс-3» дүкені Б[...] 600 765 теңгеге тауар сатып алғанын растайтын құжат жазып, мөр басып берген, бірақ құжаттың
телнұсқасын берген күн, яғни 2020 жылдың 4 қазаны деп қате көрсетілген, шын мәнінде тауардың сатылған күні 2020 жылдың 22 мамыры.
Істің бұл тұрғысында, апелляциялық сатыдағы сот анықталған мән-жайларға, оның қатыстылығы, жарамдылығы, анықтығын ескере отырып, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығына азаматтық істі шешу үшін жеткіліктігі тұрғысынан дұрыс баға берген.
Мұндай жағдайда, кассациялық сот алқасы, осы сотпен істің мән-жайы дұрыс анықталып, сот актісі қолданылуға тиіс материалдық құқық нормаларына сәйкестікте шығарылғандықтан, дау айтылған сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ деп санайды.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 12 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Ж[...][...] өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Б. Тоқтарова
Г. Жүсіпбекова
Судьялар
А. Сапарова
Көшірмесі дұрыс. Судья Г. Жүсіпбекова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.