ҚАУЛЫ
2024 жылғы 7 қараша 6001-24-00-6ап/1927 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өмірәлиев болып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры Н.Молдахановтың,
жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» РММ-нің (бұдан әрі – Департамент) өкілдері Н.М.Құсейновтың, К.Ш.Утеуованың қатысуларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Ai-Naz LTD» ЖШС-нің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкерлер Департаментке, «Ақтөбе қаласының мемлекеттік сатып алулар бөлімі» ММ-не (бұдан әрі – Мекеме), «Ақтөбе қаласының экономика және қаржы бөлімі» ММ-не (бұдан әрі – Экономика және қаржы бөлімі) 2023 жылғы 12 желтоқсандағы №151010000-4-6-259823 санды камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаның күшін жою, 2023 жылғы 28 желтоқсандағы №62634272-ОК2 лот бойынша қабылданған №10950862-ОК1 қорытындылар туралы хаттамасын заңсыз деп танып, күшін жою, мемлекеттік сатып алу туралы «ТехноСервис KZ» ЖШС-мен жасалған 2024 жылғы 11 қаңтардағы №1 шартты заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 9 ақпандағы шешімі мен жеке ұйғарымына, Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 наурыздағы қаулысы мен 2024 жылғы 24 мамырдағы ұйғарымына жауапкер Департаменттің кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 9 ақпандағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.
Департаменттің 2023 жылғы 12 желтоқсандағы №151010000-4-6-259823 санды камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаның (бұдан әрі – Хабарлама) күші жойылған.
Мекемемен 2023 жылғы 28 желтоқсандағы №62634272-ОК2 лот бойынша қабылданған №10950862-ОК1 қорытындылар туралы хаттамасын заңсыз деп танылып, күші жойылған. Экономика және қаржы бөлімімен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы «ТехноСервис KZ» ЖШС-мен жасалған 2024 жылғы 11 қантардағы №1 шарты заңсыз деп танылған.
Сондай-ақ осы сотпен анықталған бұзушылықтар бойынша Департаментке қатысты анықталған заң бұзушылықтар бойынша тексеру мен шаралар қабылдау үшін жеке ұйғарым қабылданған.
Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 наурыздағы қаулысы мен 2024 жылғы 24 мамырдағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың шешімі мен жеке ұйғарымы күшінде қалдырылған.
Департамент кассациялық шағымдарында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы жауапкер өкілдерінің кассациялық шағымдарды қолдаған пікірін, прокурордың сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Экономика және қаржы бөлімінің тапсырысымен 2023 жылғы 2 қарашада Мекемемен «Ақтөбе қаласының коммуналдық меншікке жекелеген негіздер бойынша айналдырылған (түскен) темекі бұйымдарын әкету және жою жөніндегі қызметтер» мемлекеттік сатып алуы жарияланған.
Сатып алудың 2023 жылғы 21 қарашадағы №10706791 қорытындылар туралы хаттамасына сай Серіктестік жеңімпаз болып танылған.
«ТехноСервис KZ» ЖШС-нің шағымы бойынша Департаментпен камералдық Хабарлама қабылданған. Осы Хабарламаны Мекеме орындап, Серіктестікті біліктілік талаптарына сәйкес келмегендіктен конкурсқа жібермеген.
2023 жылғы 28 желтоқсандағы мемлекеттік сатып алудың қорытындыларының хаттамасына сәйкес жеңімпаз болып «ТехноСервис KZ» ЖШС-гі танылып, онымен мемлекеттік сатып алу шарты жасалған.
Серіктестік Хабарламамен және 2023 жылғы 28 желтоқсандағы мемлекеттік сатып алудың қорытындыларымен келіспей сотқа жүгінген.
Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.
Конкурстық құжаттаманың 7 қосымшасында сатып алынатын қауіпсіз қалдықтар (мүлік) материалдарды шығару бойынша қызмет көрсету үшін бірнеше біліктілік талаптары, оның ішінде қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының қызметтерін ұсынуға арналған шарттың болуы қойылған. Департамент Хабарламасында талап қоюшы өтінімінде «Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының қызметтерін ұсынуға арналған шарттың болуы» материалдық ресурсын ұсынған. Алайда, полигонның меншік құқығын растайтын құжаттарды ұсынбаған деп есептеген.
Іс құжаттарына қарағанда Серіктестік конкурстық құжаттамаға сәйкес «Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының қызметтерін ұсынуға арналған шарттың болуы» материалдық ресурсы ретінде 2023 жылдың 3 қарашадағы №215 «Табыс Ақтөбе» ЖШС-мен жасалған тұрмыстық қатты қалдықтарды қабылдау және жою бойынша қызметтер көрсету үшін келісімді ұсынған.
Келісімнің мәнінен полигонның талап қоюшыға жалға берілмегені, қатты тұрмыстық қалдықтарды қабылдау және шығару бойынша қызмет көрсету үшін жасалғаны көрінеді.
Бұдан басқа, апелляциялық алқа сотында «Ақтөбе қаласының тұрғы үйкоммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі бұл полигонның Ақтөбеде жалғыз және өздеріне ғана тиесілі екенін, басқа полигонның жоқ екенін түсіндірген. Полигон Тапсырыс берушілермен келісім-шартқа отыратын «Табыс Актобе» ЖШС-нің басқаруына уақытша берілген.
Ұйымдастырушы тарапынан меншік құқығын растайтын құжаттар талап етілмеген.
Бұдан басқа, жеңімпаз болып танылған «ТехноСервис KZ» ЖШС-де материалдық ресурсты растайтын құжаттама ретінде «Табыс Ақтөбе» ЖШСмен жасасқан тұрмыстық қатты қалдықтарды қабылдау және жою бойынша қызметтер көрсету үшін жасалған келісімді ғана ұсынған. Департамент талап қоюшының ұсынған құжаттарын жеткілікті, дұрыстығына қарамастан формальды түрде даулы Хабарламаны қабылдап, нәтижесінде Серіктестік конкурсқа заңсыз жіберілмеген.
Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-нің 270-бабына сәйкес заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны жіберуге құқылы, ал егер бұзушылыққа мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілер тарапынан жол берілсе, сот жеке ұйғарым шығарады және оны басқару функцияларын атқаратын тиісті ұйымдарға, лауазымды немесе өзге де тұлғаларға жібереді, олар өздері қолданған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.
Бірінші сатыдағы соттың жеке ұйғарымы және оны күшінде қалдырған апелляциялық сатыдағы соттың ұйғарымы жоғарыда көрсетілген нормаларға сай қабылданған.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағымдар иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 9 ақпандағы шешімі мен жеке ұйғарымы, Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 наурыздағы қаулысы мен ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» РММ-нің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс Судья
С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.