ҚАУЛЫ
2024 жылғы 7 қараша 6001-24-00-6ап/1424 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өміралиев болып,
талап қоюшы Е.У.Шимырбаевтың, жауапкер өкілі Э.Танашеваның, мүдделі тұлға Е.Ж.Егембердиевтің, мүдделі тұлғалар:
З.К.Атабаеваның, Л.Ж.Егембердиваның және Б.Ж.Егембердиевтің өкілі Е.К.Садыровтың,
«Жамбыл облысы Байзақ ауданы әкімдігінің жер қатынастар бөлімі» ММ-нің (бұдан әрі – Жер қатынастар бөлімі) өкілі Е.Б.Тұрсынбектің қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Ербол Ускенович Шимырбаевтың жауапкер Жамбыл облысы Байзақ ауданының әкіміне (бұдан әрі – Әкім) 2020 жылғы 1 шілдедегі №275 қаулыны және оның мемлекеттік тіркеуін, Жумабек Егембердиевке уақытша (ұзақ мерзімге, қысқа мерзімге) өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беретін 2020 жылғы 28 қазандағы №999752 санды актіні және оның мемлекеттік тіркеуін заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 20 наурыздағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Жамбыл облысының Байзақ аудандық сотының 2022 жылғы 9 қыркүйектегі шешімімен талап қоюы ішінара қанағаттандырылған.
«Түймекент» өндірістік кооперативінің аумағындағы жалпы көлемі 250,0 гектар, оның ішінде суарылмайтын егістік 150,0 гектар, жайылым 100,0 гектар жер учаскесін Егембердиев Жумабекке уақытша өтеулі ұзақ мерзімді жер пайдалануға берген Әкімнің 2020 жылғы 1 шілдедегі №275 қаулысы және оның мемлекеттік тіркеуі заңсыз деп танылған.
Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 20 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген. Талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігінің күші жойылып, оны қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.
«Түймекент» өндірістік кооперативінің аумағында орналасқан жерге Егембердиев Жумабекке уақытша (ұзақ мерзімге, қысқа мерзімге) өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беретін 28.10.2020 жылғы №999752 санды актіні заңсыз деп тану бөлігінде талап қою қайтарылған. Қалған бөлігінде сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы Е.У.Шимырбаев кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Мүдделі тұлға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облысы филиалының өкілінен істі өзінің қатысуынсыз қарау туралы арызы түсті. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) талап қоюшының кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер мен мүдделі тұлғалардың қарсылығын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша апелляциялық саты соты тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Әкімнің 2020 жылғы 2 сәуірдегі №140 қаулысымен М.Абдиевтің «Ердос» шаруа қожалығын жүргізуге «Түймекент» өндірістік кооперативінің аумағындағы жалпы көлемі 248,81 га, оның ішінде суарылмайтын егістік 120,81 га, жайылым 128,0 га жер учаскелерін Е.У.Шимырбаевқа шаруа қожалығын жүргізу үшін 36 жылға пайдалануға берілген.
Сонымен қатар, Әкімнің 2020 жылғы 1 шілдедегі №275 қаулысымен А.Жумадиловтың «Дос» шаруа қожалығын жүргізуге «Жамбыл» өндірістік кооперативінің аумағындағы жалпы көлемі 250,0 га, оның ішінде суарылмайтын егістік 150,0 га, жайылым 100,0 га жер учаскелерін Ж.Егембердиевке «Ердаулет» шаруа қожалығын жүргізу үшін шаруа қожалығына қосымша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығы 39 жыл мерзімге пайдалануға берілген.
Ж.Егембердиев 2021 жылғы 29 тамызда қайтыс болған.
Мұраға заң бойынша құқық туралы 2022 жылғы 1 сәуірдегі куәлік бойынша Ж.Егембердиевтің мұрагерлері ретінде тең үлеспен З.К.Атабаева, Л.Ж.Егембердиева, Е.Ж.Егембердиев және Б.Ж.Егембердиев танылған. Бірінші сатыдағы сот талап қоюды ішінара қанағаттандырғанда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АҚ-ның мәліметіне сай А.Жумадиловтың атына шаруа қожалығын жүргізу үшін сәйкестендіру құжаты дайындалмағанын, А.Жумадиловтың және М.Абдиевтің меншіктерінде жер телімдері тіркелмегенін. Әкім Е.У.Шимырбаевқа және Ж.Егембердиевке шаруа қожалығын жүргізу үшін жер учаскелерін пайдалануға беруге құқығы болмағандығын және жер учаскелер шаруа қожалығын жүргізу үшін беру конкурс негізінде жүзеге асырылу қажет болғандығын негізге алған.
Апелляциялық сот алқасы бұл тұжырымымен келіспей, жоғарыда аталған шешімді қабылдағанда мынадай негіздерді басшылыққа алған.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 43-бабының 10-бөлігіне сәйкес егер облыстың, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта), ауданның жергiлiктi атқарушы органының және кент, ауыл, ауылдық округ әкiмiнiң жер учаскесiн беру туралы шешiмiнде өзгеше көзделмесе, жер учаскесiнiң нақтылы (белгiлi бiр жердегi) шекарасы белгiленгенге дейiн және құқық белгiлейтiн құжаттар берiлгенге дейiн жер учаскесiн пайдалануға жол берiлмейдi.
Е.У.Шимырбаевқа Әкімнің 2020 жылғы 2 сәуірдегі №140 қаулысының негізінде берілген 114,6726 гектар жер алаңына жер учаскелердің шекаралары мен орналасқан жерлері белгіленіп, 06-087-055-604, 06-087-055605, 06-087-055-606 кадастрлық нөмірлері берілген.
Жердің қалған бөлігіне жер-орналастыру жұмыстары жүргізілмеген, мемлекеттік актілер алынбаған.
Ал Әкімнің 2020 жылғы 1 шілдедегі №275 қаулысы бойынша 250 гектар жер учаскесіне 06-087-055-475 кадастрлық нөмірі беріліп, уақытша (ұзақ мерзімге, қысқа мерзімге) өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беретін 2020 жылғы 28 қазандағы №999752 санды актісі дайындалған.
Талап қоюшының пікірі бойынша 2020 жылғы 2 сәуірдегі №140 қаулысының негізінде берілген 248,81,гектар жер учаскесі 06-087-055-475 кадастрлық нөмірі бар учаскесінде орналасқан.
Апелляциялық сот алқасының отырысында «Азаматтарға арналған үкімет «Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалының маманы А.С.Серікқали түсіндірмесіне сәйкес Е.У.Шимырбаевқа тиесілі 06-087-055-604, 06-087-055605, 06-087-055-606 кадастрлық нөмірлері бар жер учаскелері 06-087-055-475 кадастрлық нөмірі бар учаскесінде орналаспаған. Байзақ ауданы әкімінің 2020 жылғы 2 сәуірдегі №140 қаулысының негізінде берілген жердің қалған бөлігін жер-орналастыру жұмыстары жүргізілмеуіне байланысты орналасқан жері белгісіз.
Қазақстан Республикасының «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» 2007 жылғы 26 шілдедегі Заңының 7-бабының 6-тармағының 1) тармақшасына сәйкес жылжымайтын мүліктің бір ғана сол объектісіне бірнеше құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтарының) арасындағы басымдықтарды белгілеу кезінде мына ережелерді негізге алу қажет осы Заңның 4 және 5-баптарына сәйкес мемлекеттік тіркеуге жататын, құқықтық кадастрда жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары) тіркелмегендердің алдында басымдыққа ие болады.
Талап қоюшымен сотқа ұсынылған оған берілген жер телімінің нақты шекарасын белгілеу және көрсету сызбасы сот алқасымен қабылданбаған, себебі қолданыстағы заңнама талаптары бойынша аталған сызба жер учаскелеріне құқық куәландыратын және сәйкестендіру құжат болып табылмайды. Сонымен қатар, талап қоюшымен сызбаның түпнұсқасы ұсыналмаған, сызбада «Ердос» шаруа қожалығының мөрі басылмаған.
Жер қатынастар бөлімінің талап қоюға келтірген қарсы пікіріне қарағанда Әкімнің 2020 жылғы 2 сәуірдегі №140 қаулысының негізінде жер қатынастар бөлімі мен Е.У.Шимырбаевтың арасында 248,81 га жер беру туралы 2020 жылғы 7 сәуірде № 191 шарт жасалған.
Бұдан басқа, Жер қатынастар бөлімі мен Е.У.Шимырбаевтың арасында 114,6726 га жер беру туралы 2021 жылғы 26 қазанда №694 шарт жасалған. Осы шарт негізінде кадастрлық нөмірлері 06-087-055-604, 06-087-055-605, 06-087-055-606 учаскелерге жер актілері беріліп, 2021 жылғы 27 қазанда мемлекеттік тіркеуден өткен.
Жоғарыда айтылғандай, талап қоюшы 248,81 га жер учаскесіне заңда көзделген мерзімде және тәртіпте сәйкестендіру құжаттарын алмаған.
Ал Ж.Егембердиев болса өзіне берілген жер учаскесіне уақытылы сәйкестендіру құжаттарын заңда белгіленген тәртіппен рәсімдеп алған.
ӘРПК-нің 13-бабына сай әкімшілік рәсімге қатысушының әкімшілік органның, лауазымды адамның қызметіне сенімі Қазақстан Республикасының заңдарында қорғалады.
Әкімшілік орган, лауазымды адам немесе сот Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес теріс деп белгілемейінше, әкімшілік акті, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) заңды және негізді деп есептеледі.
Әкімшілік органның, лауазымды адамның кінәсінен қабылданған заңсыз әкімшілік акт, сондай-ақ әкімшілік органның, лауазымды адамның кінәсінен жасалған заңсыз әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) әкімшілік рәсімге қатысушы үшін ауыртпалық салатын салдарға алып келмейді.
Ж.Егембердиев тарапынан заңсыз әрекеттер жасағаны анықталмаған.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актісінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісінің күшін жоюға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 20 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Ербол Ускенович Шимырбаевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова
Е. Өміралиев
Көшірмесі дұрыс
Судья С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.