Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 06.01.2026 по делу 6003-25-00-2к/3544 (Гражданское)

6003-25-00-2к/3544

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 6 қаңтар

Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,

судьялар В.Е.Тохтарбаева, Л.Б.Мамырбаева,

прокурор А.Камашевтің, талап қоюшының өкілі Ғ.Ө.Әзімбайдың, жауапкер М.С. Кенжибулатованың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Астана қаласының әкімдігі «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер Майра Сулейменовна Кенжибулатоваға, кәмелетке толмаған Рамазан Бегалыевич Кенжибулатовқа, Нурмуханбет Сулейменович Кенжибулатовқа өтемақы төлеу арқылы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы электронды азаматтық істі талап қоюшының Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 22 қаңтардағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 сәуірдегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкерлердің меншігіндегі жер учаскесін және жылжымайтын мүлікті мемлекет мұқтажы үшін ақшалай өтемақы төлей отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығаруды сұраған.

Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 22 қаңтардағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған. М.С.Кенжибулатоваға тиесілі Астана қаласы, «Сарыарқа» ауданы, Потанин көшесі, № 1б үй мекенжайында орналасқан, кадастрлық № 21-319-015-197, жалпы ауданы 0,0500 га жер учаскесіне 33 021 427 теңгені теңге ақшалай өтемақы төлеу арқылы М.С.Кенжибулатованы, Н.С.Кенжибулатовты, кәмлеттік жасқа толмаған Р.Б.Кенжибулатовты мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. Сот шығыстары туралы мәселесі шешілген.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мәнжайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, сарапшының қорытындысымен келіспейтінін көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертуді, өндірілген 33 021 427 теңге ақшалай төлемді 26 163 246 теңге мөлшеріне дейін азайтуды сұраған.

Кассациялық сот тараптарды, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Астана қаласы әкімдігінің «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) туралы» 2022 жылғы 17 мамырдағы №510-1459 қаулысына сәйкес Астана қаласы, «Сарыарқа» Керегетас және Г.Потанин көшелері қиылысы ауданы мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 1,8875 га, жер учаскесін сатып алу арқылы «Мектеп» объектісінің іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу үшін, мемлекет мұқтаждығына мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатады.

Астана қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 19 ақпандағы №510-440, қаулысына сәйкес Астана қаласы әкімдігінің кейбір қаулыларына өзгерістер енгізілген.

Қаулыда көрсетілген жер учаскесінің шегіне М.С.Кенжибулатоваға 2009 жылғы 23 қыркүйектегі сатып алу-сату шарты және 2010 жылғы 3 сәуірдегі жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін актінің негізінде Астана қаласы, Г.Потанин көшесі, 1Б-үй, кадастрлық № 21-319-015-197, жалпы ауданы 0,0500 га, жер учаскесі (бұдан әрі – жер учаскесі) мен онда орналасқан жылжымайтын мүлік енген.

Уәкілетті органмен жауапкерге өтемақы төлеу арқылы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама табысталған және 26 163 246 теңге ақшалай өтемақы ұсынылған.

Алайда, жауапкер өзінің мүліктерін талап қоюшының бағалаған нарықтық құнымен келіспеген.

Осыған байланысты сот ұйғарымымен тағайындалған «Прогресс Консалтинг» ЖШС-нің 2025 жылғы 13 қаңтардағы № С.146-12.24 қорытындысына сәйкес даулы жер учаскесінің және ондағы меншік құқығы тиісті түрде ресімделген және мемлекеттік органда тіркелген құрылыстардың, орналасқан жақсартулар мен көпжылдық екпелердің құнын ескере отырып, заңда көзделген барлық сараптама жүргізу талаптарына сәйкес анықталған нарықтық құны 32 617 332 теңгеге бағаланған. Құрылыс материалдарының нарықтық құны ретінде көрсетілген мемлеккеттік органда тиісті түрде ресімделмеген және тіркелмеген жылжымайтын мүліктің құны 404 095 теңгені құраған (бұдан әрі - сарапшының қорытындысы).

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының (бұдан әрі –Заң) 1-бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.

Заңның 67-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.

Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.

Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде сарапшының қорытындысын назарға алған. Өйткені, қорытынды иеліктен шығарылатын жер учаскесінің шынайы нарықтық құнын айқындайтын анық дәлелдеме деп танылған. Бұл сараптама заңдылық пен әділдік өлшемдеріне сәйкес келеді. Сарапшымен сараптама шығын тәсілі және салыстырмалы тәсілімен жүргізіліп, зерттеу кезінде аналогтар пайдаланылған. Соттар бұл әдіс Объектінің нарықтық құнын анықтау кезінде ең сенімді әдіс болып табылатынын назарға алған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған.

Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.

Істің мұндай тұрғысында, соттардың мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алынатын жер учаскесі мен мүлік үшін өтемақы мөлшерін 33 021 427 теңге деп анықтауы заңды.

Осыған байланысты талап қоюшының шағымдағы уәжі негізсіз, соттардың түйіндеріне қарсы жаңа дәлелдер келтірмеген, көрсетілген уәждері апелляциялық сатыдағы сотпен толығымен негізделген.

Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Талап қоюшы өтемақыны шығын және салыстырмалы тәсілдерін қолдану барысында орта есеппен анықтаған мүліктің құнына ғана сүйеніп анықтауды сұрайды. Сарапшының қорытындысы жылжымайтын мүліктің нарықтық

құнын айқындау кезінде шығыс және салыстырмалы тәсілдерін пайдаланған. Жылжымайтын мүліктің түпкілікті құны оның жиынтық көрсеткішін шығару және нәтижелерін келісу жолымен айқындалған.

«Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі» туралы Заңның 14бабына сәйкес, бағалаушының дереккөзiн көрсете отырып, бағалау стандарттарына және (немесе) халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес бағалау әдiстерi мен бағалау амалдарын өзі дербес қолдануға құқығы бар.

Сарапшының бағалау тәсілдері мен әдістері сот құрылыс-тауартану сараптамасын жүргізу кезінде жылжымайтын мүліктің құнын айқындау әдістемесінің талаптарына сәйкес келеді, оны теріске шығаратын дәлелдемелер талап қоюшымен ұсынылмаған.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 22 қаңтардағы және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

Судьялар: В.Е.Тохтарбаева

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.