6001-22-00-6ап/508
2022 жылғы 6 қазан
Қ А У Л Ы
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Баймаханов С.У.,
судьялар – Дуйсенбаев Г.Б., Нұрбаев Г.К.,
талап қоюшы Б[...],
жауапкерлердің өкілдері Н[...], Ш[...]
қатысуларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Б[...] жауапкерлер «Сырдария аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне, «Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық перинаталдық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынға бекітілген халық тіркеліміндегі ер баланың қайтыс болғандығы туралы жазбаны жоюды міндеттеу туралы талап қою арызымен түскен әкімшілік ісі бойынша,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 30 қыркүйектегі шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 21 қаңтардағы қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Б[...] жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгініп, жауапкерлердің қателіктерінің негізінде «Бекітілген халық тіркелімі» ақпараттық жүйесінде ер баласы Мадиярдың қайтыс болған деген жалған ақпарат шығып тұрғанын негіздеген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 30 қыркүйектегі шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 21 қаңтардағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жаупапкер өкілі кассациялық шағымында сот актілерінің күшін жойып, талап арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұрап, оны соттармен істің мән-жайларына дұрыс баға берілмегендігімен, материалдық және процесстік құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанымен негіздеген.
Жауапкер өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, талап қоюшының сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 бабына сай, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Б[...] 2021 жылғы 19 сәуірде П[...] орталықта егіз ер және қыз бала босанған.
П[...] орталық балалардың тууын «Азаматтық хал актілерін тіркеу пункті» ақпараттық жүйесіне (бұдан әрі-АХАЖ АЖ) тіркеу үшін ер балаға №3243 (электрондық №[...]) және қыз балаға №3244 (электрондық №[...]) туу туралы медициналық куәліктер толтырған.
2021 жылғы 20 сәуірде қыз бала қайтыс болған.
АХАТ бөлімімен 2021 жылғы 22 сәуірде балалардың тууы туралы акт жазбалары жасалып, ер баланы Т[...], ал қыз баланы Т[...] деп АХАЖ АЖ жүйесіне тіркеген.
2021 жылғы 22 сәуірде АХАЖ АЖ жүйесіне Т[...] қайтыс болуы туралы акт жазбасы жасалған.
Денсаулық сақтау жүйесінің «Бекітілген халық тіркелімі» (бұдан әріБХТ) ақпараттық жүйесінде Т[...] 2021 жылдың 20 сәуірінде қайтыс болғаны туралы мәліметтер тіркелген.
Талап қоюшы тірі баласының қайтыс болғаны туралы ақпаратпен келіспей, аталған мәліметті жоюды міндеттеу туралы сотқа жүгінген.
Бірінші саты сотының 2021 жылғы 30 қыркүйектегі шешіммен талап қоюшының талабы ішінара қанағаттандырылып, «Сырдария аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» КММ-нің 2021 жылғы 19 сәуірде туған Т[...] және Т[...] тууын тіркеу әрекеттері заңсыз деп танылған.
Апелляциялық алқа соты бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келісіп, шешімді өзгеріссіз қалдырған.
Сот алқасы жергілікті соттардың тұжырымдарымен төменде көрсетілген негіздермен келіседі.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2011 жылғы 5 ақпандағы № 7 бұйрығымен бекітілген Амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының қызметі туралы ереженің (бұдан әрі – Ереже) «Бекітілген халық тіркелімі» порталын жүргізу жөніндегі 3-қосымшасында келтірген түсіндірмеге сай «Бекітілген халық тіркелімі» порталы – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесінің міндеттерін орындау үшін талап етілетін жеке тұлғалар туралы көптеген деректерді сақтауға арналған ақпараттық жинақтардың жиынтығы болып табылады.
Осы 3-қосымшаның 7-тармағында құрылымында перинаталдық орталығы (перзентханалық бөлімше) бар денсаулық сақтау ұйымының жауапты адамы бала туғаннан кейін 1 тәуліктен кешіктірмей БХТ порталында №907 бұйрықпен бекітілген нысандағы туу туралы медициналық куәлікті тіркеуді, сондай-ақ ата-аналары туралы мәліметтерді (оның ішінде білім деңгейі және отбасының табыс көзі туралы мәліметтер) енгізуді жүзеге асыратыны көрсетілген.
Сотпен анықталғандай, талап қоюшы П[...] орталықта 2021 жылғы 19 сәуірде егіз бала босанғаннан кейін, балалардың тууын тіркеу үшін бірінші туған ер балаға электрондық №[...], екінші туған қыз балаға №[...] электрондық туу туралы медициналық куәліктер толтырған, соған сәйкес балалардың туылу ретіне сай оларға қатысты мәліметтерді БХТ жүйесіне енгізген, яғни БХТ жүйесінде бірінші туған ер бала, екінші туған қыз бала екені көрсетілген.
Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы №112 бұйрығымен бекітілген Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді ұйымдастыру, азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер енгізу, қалпына келтіру, күшін жою қағидаларында келтірілген түсіндірмеге сәйкес «АХАЖ тіркеу пункті» ақпараттық жүйесі (бұдан әрі - АХАЖ АЖ) - азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуге, сондай-ақ жеке тұлғалардың жеке деректерін құрайтын мәліметтерді қамтитын электрондық нысанда өзгерістер, түзетулер, толықтырулар енгізу, күшін жою және қалпына келтіруге арналған ақпараттық жүйе.
Іске тіркелген 2021 жылғы 22 сәуірдегі №10-639-21-0000228 туу туралы акт жазбасы Т[...] қатысты жасалып, осы жазбаның 8 қатарындағы баланың туғанын дәлелдейтін құжаттар туралы мәліметтер П[...] орталықтың 2021 жылғы 20 сәуірдегі №[...] туу туралы медициналық куәлігі (қыз баланың куәлігі) негізінде толтырылған.
Ал 2021 жылғы 22 сәуірдегі №10-639-21-0000229 туу туралы акт жазбасы Т[...] жасалып, осы жазбаның 8- қатарындағы баланың туғанын дәлелдейтін құжаттар туралы мәліметтер П[...] орталықтың 2021 жылғы 20 сәуірдегі №[...] туу туралы медициналық куәлігі (ұл баланың куәлігі) негізінде толтырылған.
П[...] орталық баланың туу туралы медициналық куәлігінде баланың туған күні, айы-жылын, жынысын, туған уақытын, баланың тууы ретіне, салмағына және бойына қатысты мәліметтерді толтырады. Іс бойынша нақ осы мәліметтер П[...] орталықпен БХТ ақпараттық жүйесіне енгізілген, алайда АХАТ Бөлімі балалардың туу туралы акт жазбасын жасау барысында электрондық түрдегі туу туралы медициналық куәліктерді ауыстырып, тіркеген.
Туу туралы куәлік рәсімделгеннен кейін БХТ порталындағы баланың тегі мен аты АХАЖ АЖ базасымен интеграцияға байланысты автоматты түрде ауысқан.
Нәтижесінде БХТ ақпараттық жүйесінде ер баланың мәліметтерінде қыз баланың аты-жөні, ал қыз баланың мәліметтерінде ер баланың аты-жөні туралы мәліметтер және Т[...] 2021 жылғы 20 сәуірде қайтыс болғаны туралы жазба шыққан.
ӘРПК-нің 129-бабы 2-бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілгендей әрекет жасау туралы талап қою бойынша дәлелдеу ауыртпалығын - сұратылып отырған әрекет жасаудан (әрекетсіздік танытудан) бас тарту үшін негіз болып табылған фактілер бөлігінде жауапкер көтереді.
Алайда «Сырдария аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» КММ-сі туу туралы акт жазбасындағы қателіктердің өздері тарапынан орын алмағанын дәлелдей алмады.
Сот алқасы іс бойынша анықталған мән-жайларға баға бере отырып, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың қабылдаған сот актілері заңды әрі негізді деп санайды.
Жауапкер өкілінің кассациялық шағымында келтірген, яғни жергілікті соттар істің мән-жайларына біржақты қарады деген уәждерін, сот алқасы негіссіз деп санайды, себебі олар жалпылама көрсетіліп, қандайда бір дәлелдемелермен бекітілмеген.
Жоғарыда аталғандар негізінде төмеңгі саты соттары тарапынан материалдық және процестік заңның нормаларын қолдануда қателіктерге жол бермегенін ескеріп, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгеріс енгізуге негіздер жоқ деп санайды.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 30 қыркүйектегі шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 21 қаңтардағы қаулысы өзгеріссіз, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Г.Дуйсенбаев Г.Нұрбаев
Көшірмесі дұрыс Судья
Г.Нұрбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.