№6001-23-00-6ап/2527
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 25 сәуір Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Ғ.Ө.Әлжанов, судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова,
жауапкердің өкілі Ж[...] қатысуымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Д[...] жауапкерлер Жамбыл облысы, [...] әкіміне, Байзақ ауданы Сарыкемер ауылдық округінің әкіміне шешімдерді заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Жамбыл облысы Байзақ аудандық сотының 2023 жылғы 7 маусымдағы ұйғарымы мен Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 17 шілдедегі ұйғарымына талап қоюшының өкілі А[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Жамбыл облысы Байзақ аудандық сотының 2023 жылғы 7 маусымдағы ұйғарымымен талап қою кері қайтарылған.
Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 17 шілдедегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
ӘРПК-ні Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен іс құжаттарын зерттеп, жауапкер өкілінің пікірін тыңдап, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс. АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
ӘРПК-тің 136-бабының бесінші бөлігінің талабына сай құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері әкімшілік актіде қозғалатын, әкімшілік рәсімге қатыспаған адам әкімшілік актінің қабылданғаны туралы адам білген немесе білуі мүмкін болған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ ол қабылданған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей сотқа талап қоюды беруге құқылы.
Іс материалдарынан анықталғандай, даулы әкімшілік актілер Ш[...] қатысты қабылданған.
Талап қоюшы даулы актілер бойынша әкімшілік рәсіміне қатыспаған адам болып табылады, сонымен қатар талап қоюшы үшін актілерді даулау туралы мерзімі аяқталған.
Соттар талап қоюды кері қайтарып, заңда көрсетілген бір жылдық мерзім түпкілікті болып табылатындығын көрсетіп, осы мерзімнің өтуі талап қоюды беруге арналған мерзімді қалпына келтіруден бас тарту туралы дұрыс тұжырымға келген.
Соттардың бұл тұжырымдары іс материалдарымен негізделген.
ӘРПК-нің 138 бабы екінші тармағы 15) тармақшасына сәйкес, сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай. Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І: Жамбыл облысы Байзақ аудандық сотының 2023 жылғы 7 маусымдағы ұйғарымы мен Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 17 шілдедегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының өкілі А[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Ғ. Әлжанов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.