Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 13.05.2026 по делу 6003-26-00-2к/485 (Гражданское)

6003-26-00-2к/485

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 13 мамыр

Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында төрағалық етуші Л.Б.Мамырбаева, судьялар А.К.Тлеубаева, А.О.Тогумбетова, прокурор Қ[...], талап қоюшының өкілі Н[...], жауапкердің өкілі Қ[...], үшінші түлғаның өкілі Қ[...] қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитеті Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бүдан әрі – Департамент) жауапкер «Р[...]» шаруа қожалығынан жер учаскесін заңнама талаптарын бұза отырып пайдаланғаны үшін мәжбүрлеп алып қою туралы азаматтық істі талап қоюшының Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 20 мамырдағы шешіміне және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 тамыздағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап, АНЫҚТАДЫ:

Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 тамыздағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 20 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды толықтай қанағаттандыру туралы шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот тараптарды тыңдап, шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттар мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген.

Іс құжаттарына қарағанда, Сырдария ауданы әкімдігінің 2004 жылғы 29 желтоқсандағы №299 қаулысымен «Р[...]» шаруа қожалығының мүшелеріне Сырдария ауданы Ақжарма ауылдық округі № 2 ауыспалы егістігі кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесіндегі жалпы көлемі – 1590 гектар, оның ішінде егістігі – 1272 гектар, басқа алқаптар – 318 гектар бөлінбейтін жер учаскесінің ішінен жалпы көлемі – 59,0 гектар, оның ішінде: егістігі – 47,0 гектар, басқа алқаптар – 12,0 гектар жер үлесіне 49 жыл мерзімге ортақ үлестік уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы қосымшаға сәйкес табысталған.

Осы қаулымен «Р[...]» шаруа қожалығы мүшелеріне ортақ үлестік меншікке негізделген жай серіктестік түріндегі шаруа қожалығын жүргізу

үшін барлығы 105,0 га, оның ішінде жайылымдық 72,0 га, басқа алқаптар 33,0 га жер учаскесіне 49 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы қосымшаға сай табысталған.

Сырдария ауданы әкімдігінің 25 қаңтар 2022 жылғы №20 қаулысымен Сырдария ауданы Ақжарма ауылдық округі № 2 ауыспалы егістігі кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесінен №2 ауыспалы егістіктің №4 танабынан жалпы көлемі 12,4 га егістік жер учаскесі 2030 жылдың 11 қарашасына дейінгі мерзімге ортақ үлестік жер пайдалану құқығындағы жер учаскесі қайта табысталған.

Бөлінбейтін жер учаскесінде жер үлесін жалға беру туралы 2022 жылғы 20 сәуірдегі №59 шартқа сай, «Р[...]» шаруа қожалығына С[...] ауданы Ақжарма ауылдық округіндегі жерінен кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесінен 16,58 га, оның ішінде 12,4 га егістік, 4,18 га басқа алқаптар жер учаскесі 2030 жылдың 11 қарашасына дейін жалға берілген.

Сырдария ауданы әкімдігінің 2019 жылғы 24 қазандағы № 234 және 2025 жылғы 18 сәуірдегі №90 қаулыларымен Сырдария ауданы инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жерде дақылдарды кезектестiру (ротациялау) схемасы бекітілген. Талап қоюшымен жауапкер тарапынан инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жерде дақылдарды кезектестiру (ротациялау) схемасының бұзылғаны анықталған.

Атап айтқанда, 2023 жылы жауапкер №2 ауыспалы егістік жер учаскесінің 4-танабына жоңышқа дақылының орнына 47,0 га күріш дақылын орналастырған.

Соған орай, талап қоюшымен 2023 жылғы 27 шілдеде 1 жыл мерзімге бұзушылықтарды жою туралы № 170 нұсқама қабылданған және шаруашылық басшысы Қ[...] ӘҚБтК-нің 338-бабымен кінәлі деп танылып, оған ескерту жазасы тағайындалған.

Алайда, жауапкер 2024 жылы ротация схемасын бұзып, №2 ауыспалы егістік жер учаскесінің 4-танабына жоңышқа орнына 47,0 га күріш дақылын орналастырған.

Осыған байланысты Сырдария аудандық сотының 2024 жылғы 30 қыркүйектегі қаулысымен «Р[...]» шаруа қожалығы ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, әкімшілік айыппұл салынған.

Талап қоюшы жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы талап қоюмен сотқа жүгініп, жауапкер жер учаскесін Қазақстан Республикасының жер заңнамасын бірнеше рет бұза отырып пайдаланғаны және егістік жерлерге ротация сақталмай, ұтымсыз пайдалануға жол беріп, нұсқама берілгеннен кейін бір жыл ішінде тиісті шаралар қолданбағанын, жер учаскесін ұтымсыз пайдаланып отыруына байланысты мәжбүрлеп алып қоюды сұраған.

Бірінші сатыдағы сотпен жауапкердің егістік жер учаскелеріне 2023 және 2024 жылы 47,0 га егістік жер учаскесіне жоңышқа дақылын орналастырудың

орнына күріш дақылын орналастырып, дақылдарды кезектестiру схемасын бұзғаны, ал 2025 жылы ротация схемасын сақтағаны анықталған.

Алайда, жауапкердің 2023 және 2024 жылы дақылдарды кезектестіру схемасын бұзуы экологиялық залалға алып келгені тиісті дәлелдемелермен расталмаған.

Сондай-ақ, 2023 және 2024 жылы 47,0 гектар егістік жер учаскесінде дақылдарды кезектестiру схемасын бұзғаны үшін шаруа қожалығынан 75,58 гектар жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою шаруа қожалығы мүшелерінің отбасының күнкөрісіне тікелей әсер етеді.

Яғни, жауапкер 2023 жылы және 2024 жылы егістік жер учаскесіне жоңышқа дақылын орналастырудың орнына күріш дақылын орналастырып, дақылдарды кезектестiру схемасын бұзған, ал 2025 жылға ротация схемасы сақталуда.

Кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар зерттемеген дәлелдемелер негізінде заңды күшіне енген сот актісін өзгертуге немесе жоюға құқылы емес.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген. Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

Талап қоюшының шағымдағы басқа уәждері соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Талап қоюшы өкілінің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі, дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.

Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 20 мамырдағы шешімі және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Л.Мамырбаева

Судьялар:

А.Тоғымбетова

А.Тлеубаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.