6001-24-00-3гп/200
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 22 мамыр Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: алқа төрағасы Н.К.Шәріпов,
судьялар Ш.С.Иманиязова, А.С.Савинова талап қоюшының өкілі К[...],
жауапкерлердің өкілдері О[...], Т[...] , аудармашы М[...] қатысуымен, мобилді бейнеконференцбайланыс арқылы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Ж[...] жауапкерлер «Номад Иншуранс» Сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамына (бұдан әрі – АҚ) және «Евразия» Сақтандыру компаниясы» АҚ-на сақтандыру төлемін жүргізуден бас тарту шешімін заңсыз деп тану және сақтандыру төлемін жүргізуді міндеттеу туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Алматы қаласы Алмалы ауданының №2 аудандық сотының 2023 жылғы 14 тамыздағы шешіміне және Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 30 қазандағы қаулысына талап қоюшы Ж[...] өкілі К[...] келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Ж[...] жауапкерлер «Номад Иншуранс» Сақтандыру компаниясы» АҚ-на және «Евразия» Сақтандыру компаниясы» АҚ-на сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.
Алматы қаласы Алмалы ауданының №2 аудандық сотының 2023 жылғы 14 тамыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 30 қазандағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхатта арыз беруші істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылуына байланысты азаматтық іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім шығаруды сұраған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) өтінішхат уәждерін талқылап, іс бойынша талап қоюшы өкілінің өтінішхаттағы уәждерін қолдаған түсінігін, жауапкерлер өкілдерінің өтінішхатқа қарсы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын тексеріп, мынадай тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша сот сатылары мұндай заң бұзушылықтарға жол берген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2018 жылғы 23 шілдеде 01 сағат 05 минут шамасында, С[...] өзінің басқаруындағы «Lexus [...]» маркалы, тіркеу нөмірі [...] автокөлігімен Тараз қаласы, [...] бойында, «Екі жұлдыз» дәмханасының тұсында, кәмелетке толмаған талап қоюшы Ж[...] соғып кеткен. Содан, Ж[...] жоғарыда аталған автокөліктің соққысынан, жолдың қарама-қарсы бағытына шығып кеткен кезінде, Ю[...] өзінің басқаруындағы маркасы «[...]», тіркеу нөмірі [...] автокөлігімен оны соғып кетіп, жол-көлік оқиғасын жасаған.
Талап қоюшы Ж[...] жол-көлік оқиғасы салдарынан алған дене жарақаттарынан кейін, 2019 жылғы 15 қаңтарда «бала-мүгедек үшінші топ» мүгедектігі белгіленген.
Ж[...] С[...] азаматтық-құқықтық жауапкершілігі «Номад Иншуранс» Сақтандыру компаниясы» АҚ-да 2018 жылғы 25 сәуірде сақтандырылған.
Ал, жүргізуші Ю[...] азаматтық-құқықтық жауапкершілігі «Евразия» Сақтандыру компаниясы» АҚ-да 2018 жылғы 10 шілдеде сақтандырылған.
Аталған сақтандыру полистардың колдану мерзімі сәйкесінше 2019 жылғы 25 сәуірде және 2019 жылғы 10 шілдеде аяқталған.
2023 жылғы 20 ақпандағы «Номад Иншуранс» Сақтандыру компаниясы» АҚ-на талап қоюшы 500 АЕК сақтандыру төлемін алу үшін арызданған, бірақ оған 2023 жылғы 20 ақпандағы №430-23 хатымен сақтандыру төлемі жүргізілуден бас тартылған.
2023 жылғы 14 наурыздағы «Евразия» Сақтандыру компаниясы» АҚ-на талап қоюшы 500 АЕК сақтандыру төлемін алу үшін арызданған, оған 2023 жылғы 14 наурыздағы №20-05/2387 хатымен сақтандыру төлемі жүргізілуден бас тартылған.
Жергілікті соттар Ж[...] сотқа 2023 жылғы 4 мамырда, яғни сақтандыру жағдайы басталған күннен бастап бес жылдан астам уақыт өткен соң жүгінгеніне, оның тарапынан өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат болмағанына және жауапкер тарапынан талап қоюдың ескіру мерзімін қолдану туралы өтінішхаты түсуіне байланысты, талап қоюшының талабын қанағаттандырусыз қалдырған.
Алайда, сот сатыларының бұл тұжырымдары заң талаптарына қайшы келеді.
Іс құжаттарына қарағанда, сақтандыру төлемін жүргізуден бас тарту туралы жауапкерлердің шешімдері 2023 жылғы 20 ақпанда және 2023 жылғы 14 наурызда талап қоюшыға белгілі болған, сондықтан ол құқығының бұзылғандығын сол уақытта білген.
«Сақтандыру шарттарынан туындайтын даулар бойынша сот практикасы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 6 қазандағы № 8 нормативтік қаулысының (бұдан әрі – нормативтік қаулы) 4-бөлігіне сәйкес сақтандыру шарттарынан туындайтын талаптарға жалпы талап қою мерзімі – үш жыл қолданылады. Бұл мерзім пайда алушыға немесе сақтанушыға (сақтандырылған адамға) оның құқықтарының бұзылғаны - сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тарту немесе оның мөлшерін азайту туралы шешім қабылдағаны туралы белгілі болған кезден бастап, ал шешім қабылданбаған болса – сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін заңмен немесе шартпен белгіленген мерзім аяқталған сәттен бастап есептеледі. Кері талап тәртібімен сақтандырушының сақтанушыға талап қоюы үшін үш жылғы мерзім сақтандыру төлемі жүзеге асырылған сәттен бастап есептеледі.
Олай болса, жергілікті соттардың нормативтік қаулыда реттелген талап қоюдың ескіру мерзімін дұрыс қолданбағаны анықталып отыр.
«Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабының 1-тармағына сәйкес әрбiр жәбiрленушiнiң өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн және ол 3 тобы мүгедектікке алып келсе, 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сақтандыру сомасы төленеді.
Осы заң нормасының 3-тармағына сай сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн есептеу үшiн Қазақстан Республикасының заң актiсiне сәйкес белгiленген сақтандыру төлемi жүзеге асырылған күнгi айлық есептiк көрсеткiш пайдалынады.
Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша бірінші соққы жүргізуші С[...] автокөлігінен орын алғандықтан, сақтандыру төлемі оның азаматтық-құқықтық жауапкершілігі сақтандырылған «Номад Иншуранс» Сақтандыру компаниясы» АҚ-нан өндірілуге жатады.
Сақтандыру төлем 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 3450 теңге х 500 = 1 725 000 теңге құрайды.
Сот алқасы жоғарыдағылардың негізінде, жергілікті соттар іс бойынша материалдық құқық нормаларының бұзылуына жол берген деп санайды.
Істің мұндай тұрғысында қабылданған сот актілерін «Номад Иншуранс» Сақтандыру компаниясы» АҚ-на қатысты бөлігін заңды және негізді деп тануға болмайды, осыған орай олар өзгертіліп, осы бөлігінде күші жойылып,
іс бойынша талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды қажет етеді.
Талап қоюшының өтінішхаты ішінара қанағаттандырылуға жатады.
Бұдан басқа, АПК-нің 109-бабының 1-бөліміне сәйкес сот, өзінің пайдасына шешім шығарылған тарапқа іс бойынша жұмсалған барлық сот шығыстарын басқа тараптан алып береді.
Талап қоюшының мемлекеттік баж төлемдеріне байланысты жалпы шығындары 33 300 теңге өндірілуге жатады. Сонымен қатар, талап қоюшының өкіліне заң көмегі үшін төленген ақы 150 000 теңге тиісті құжаттармен дәлелденбеген, сондықтан өтеуге жатпайды.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Алматы қаласы Алмалы ауданының №2 аудандық сотының 2023 жылғы 14 тамыздағы шешімі және Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 30 қазандағы қаулысы өзгертілсін.
Сот актілерінің «Номад Иншуранс» Сақтандыру компаниясы» АҚ-на қатысты бөлігінің күші жойылып, бұл бөлігінде талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдансын.
«Номад Иншуранс» Сақтандыру компаниясы» АҚ-ның 2023 жылғы 20 ақпандағы №430-23 хатымен сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тартуы заңсыз деп танылсын.
«Номад Иншуранс» Сақтандыру компаниясы» АҚ-нан Ж[...] пайдасына 1 725 000 (бір миллион жеті жүз жиырма бес мың) теңге өндірілсін.
«Номад Иншуранс» Сақтандыру компаниясы» АҚ-нан Ж[...] пайдасына 33 300 (отыз үш мың үш жүз) теңге сот шығындары өндірілсін.
Талап қоюшы өкілінің өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Н. Шәріпов
Судьялар Ш. Иманиязова
А. Савинова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.