КСАД РК - Постановление от 19.11.2025 по делу 6003-25-00-4к/1854 (Административное)

№ 6399-2500-4к/1854

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 19 қараша

Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құрамында: – төрағалық етуші судья Е.Б. Тулеев., судьялар – Р.М. Айнакұлова, Г.Б.Дуйсенбаев, талапкер өкілі Д.Ж.Сақтағанов., жауапкер өкілі А.А.Қонақбаеваның қатысуларымен

ашық сот отырысында талап қоюшы Умирбек Мукатаевич Джумагуловтың жауапкер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) «Заңды тұлғалар» мемлекеттік деректер базасынан басшысы туралы мәліметті алып тастауды міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 6 наурыздағы шешіміне, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 маусымдағы қаулысына жауапкер өкілінің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы У.М.Джумагулов жауапкер Мемлекеттік корпорацияға жоғарыда көрсетілген талап арызбен сотқа жүгініп, негіздемесінде 2014 жылдың 19 мамырынан «Қазақстан-Чехиялық технологиялық орталығы» ЖШС-нің (бұдан әрі – Серіктестік) басшысы қызметін атқармайтынын. Тиісті құжаттарды, атап айтқанда жалпы жиналыс хаттамасымен бұйрықты тіркеуші орган, яғни Әділет басқармасына және Мемлекеттік корпорацияға уақытылы жолдағанымен осы күнге дейін мемлекеттік деректер базасында мекеме басшысы ретінде негіссіз тіркеуде тұрғанын көрсеткен.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 6 наурыздағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылып, Мемлекеттік корпорацияға «Заңды тұлғалар» мемлекеттік деректер базасынан Умирбек Мукатаевич Джумагуловты «Қазақстан-Чехиялық технологиялық орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы деген мәліметті алып тастау міндеттелген.

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер өкілі Қонақбаева А.А. кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жергілікті соттардың сот актілерімен келіспейтінін, себебі іс біржақты қаралғанын, құқықтық заң нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсете келе, олардың күшін жойып, талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Кассациялық сот жауапкер өкілі А.А.Қонақбаеваның шағымды қолдаған пікірін, талап қоюшының өкілі Д.Ж.Сақтағановтың қарсы уәждерін тыңдап, іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 449-бабының екінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде кассациялық шағымның немесе наразылықтың шегiнен шығуға және шағым жасалған, наразылық келтірілген сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.

ӘРПК-нің 5-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

«Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5- 1-бабына сәйкес «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы осы Заңға сәйкес коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді (қайта тіркеуді), олардың қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркеуді, олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді (қайта тіркеуді) және есептік тіркеуден шығаруды; бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімін жүргізеді.

Іс құжаттарына қарағанда, мемлекеттік деректер базасында талап қоюшы У.М. Джумагулов 2014 жылғы 28 сәуірінен бастап Серіктестіктің басшысы ретінде тіркеліп, 2014 жылғы 19 мамырдағы № 37-к бұйрығы негізінде еңбек шарты бұзылған.

Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының 2014 жылғы 23 желтоқсандағы шешімінен Серіктестіктен У.М.Джумагуловтың пайдасына 833 244 теңге еңбек ақысы өндірілген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикадық сотының 2023 жылғы 10 наурыздағы шешімімен Серіктестік банкрот деп танылған.

Мемлекеттік корпорация, талап қоюшы У.М.Джумагуловтың өтінішін қанағаттандырудан бас тартып, негіздемесінде жаңа басшы туралы мәліметті енгізбей, бұрынғы басшы туралы мәліметті алып тастау құзіреттерінде жоқ екендігі жөнінде хабарлаған.

Жергілікті соттар, талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда ӘРПК-нің 10-12-баптарын басшылыққа алып, заңды күшіне енген сот шешімімен 2014 жылғы 19 мамырынан бастап У.М.Джумагулов пен Серіктестік арасында еңбек қатынастары тоқтатылғанын, сол уақыттан бері ол Серіктестіктің атқарушы органы (басшысы) болып табылмайтынын және жауапкер мен мүдделі тұлға өкілдері тіркеу ісінде талап қоюшының Серіктестіктің басшысы емес екендігі туралы хабарлама, бұйрық бола тұра, осы уақытқа дейін базаға тиісті түзетулер енгізілмегендігі туралы нақты дәлелдер келтірмегенін негізге алған.

Сонымен қатар, Серіктестіктің 2014 жылғы 15 қазандағы №1 бұйрығына және жалпы жиналыс хаттамасына сәйкес бас директор қызметіне А.Джакупов тағайындалса, 2015 жылғы 4 қарашадағы № 1 бұйрығына сәйкес С.Бекибаева бас директор болып тағайындалғанын, ал Салық органының мәліметіне сай Серіктестіктің 2015 жылғы 3 тоқсанға қосымша құн салығы бойынша есептілік мекеме басшысы С.Бекибаевамен 2016 жылдың 6 маусымында электронды түрде тапсырылғанын ескерген.

Істің мұндай тұрғысында кассациялық сот төменгі саты соттарының тұжырымдарымен толық келісіп, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп тапты, себебі жергілікті соттардың талап арызды қанағаттандыруы заңды әрі негізді, Мемлекеттік корпорацияның іс-әрекетінің салдарынан талап қоюшының құқықтары мен бостандықтары бұзылды немесе оларды жүзеге асыруда кедергілер тудырған.

Жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындаған, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған деп санайды.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағымында Заңның 51-бабына сәйкес Серіктестік атқарушы органсыз қызмет жасай алмайды деп көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдарымен келіспеуі сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, жауапкер өкілінің кассациялық шағымын қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

Қазақстан Республикасы ӘРПК-ның 169-бабы, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУ Л Ы ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 6 наурыздағы шешімі және Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 10 маусымдағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын.

Жауапкер өкілі АА..Қонақбаеваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Е.Б. Тулеев

Р.М. Айнакұлова

Судьялар

Г.Б.Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.