6001-24-00-3гп/214
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 29 мамыр Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші алқа төрағасы Н.К.Шәріпов, судьялар Г.Қ.Жүсіпбекова, Б.Ж.Тоқтарова, талап қоюшының өкілі Ш[...], жауапкер С[...] пен өкілі Т[...], үшінші тұлғалар Т[...],
«СТАС и К» өндірістік кооперативінің өкілі Б[...] қатысуымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ашық сот отырысында талап қоюшы А[...] жауапкерлер С[...], С[...], үшінші тұлғалар жеке нотариус А[...], Т[...] мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап қоюымен,
талап қоюшы С[...] жауапкерлер А[...], С[...], үшінші тұлға «СТАС и К» өндірістік кооперативіне (бұдан әрі – Кооператив) сатып алу-сату шартын кепіл шарты деп тану туралы қарсы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 қаңтардағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы А[...] келтірген өтінішхаты бойынша электрондық азаматтық іс материалдарын қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
А[...] сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, онда даулы тұрғын үйді сату ниеті болмағанын, жауапкер С[...] алдау және жаңылыстыру ықпалымен, ол бір ай ішінде оның атына үйді қайта рәсімдеп беруге уәде бергенін, жалған мәміленің салдарынан, өзіне тиесілі тұрғын үйдің меншік құқығынан айырылып қалғанын көрсетіп, араларында жасалған мәмілені жарамсыз деп тануды сұраған.
С[...] қарсы талап қоюмен жүгініп, оны шын мәнінде Кооператив директорының орынбасары Т[...] пен жауапкер С[...] арасында полиэтилен құбырларын жеткізу жөнінде келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде жеткізу шарты жасалғанымен, соңғының шарт бойынша тауар құнын төлеу міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында даулы тұрғын үй кепілге берілгенімен негіздеген.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2023 жылғы 24 қазандағы шешімімен А[...] талап қоюы қанағаттандырылған.
А[...] мен С[...] арасындағы нотариуспен куәландырылған 2023 жылғы 15 ақпандағы Шымкент қаласы, Самал-2 шағын ауданы, Қанағат көшесі, № [...] үйді сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылған.
С[...] қарсы талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген.
Шешімнің талап қоюшы А[...] талап қоюын қанағаттандыру туралы бөлігінің күші жойылып, осы бөлігінде талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылған. Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхатта арыз беруші апелляциялық соттың тұжырымдары істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылғанына сілтеме жасап, дау айтылған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Өтінішхатқа қарсы пікірінде жауапкер және үшінші тұлғалар апелляциялық сот алқасының қаулысын күшінде қалдыруды сұраған.
Сот алқасы іс бойынша тараптардың пікірлерін тыңдап, электрондық
іс құжаттарын зерделеп, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодекстінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Іс материалдарынан анықталғандай, Шымкент қаласы, Самал-2 шағын ауданы, Қанағат көшесі, № [...] үй (бұдан әрі - тұрғын үй) Г.[...] жылғы 15 мамырдағы сатып алу-сату шарты негізінде тиесілі болған.
2023 жылғы 15 ақпанда А[...] мен С[...] арасында жасалған нотариалды сатып алу-сату шартына сәйкес, тұрғын үй 45 000 000 теңгеге С[...] сатылған (бұдан әрі - даулы шарт).
«ССА[...]» ЖШС-нің (бұдан әрі – Серіктестік) басшысы С[...] пен Кооперативтің басшысы Т[...] арасында 2023 жылғы 16 ақпанда № 2307 санды өнімді жеткізу шарты жасалған.
Жеткізу шартына сәйкес, 45 707 600 теңгені құрайтын полиэтилен құбырлары Кооперативпен С[...] жеткізілген.
2023 жылғы 3 тамызда жеке нотариус Е[...] Серіктестіктен Кооперативтің пайдасына 45 707 600 теңге қарызды өндіру туралы атқарушылық жазба шығарылған.
А[...] сотқа талап қоюмен жүгініп, онда шын мәнінде тұрғын үйдің сатылмағанын, өзінің танысы С[...] айтумен даулы шарт жасалып, өзінің сатуға ниеті болмағанын көрсетіп, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 160-бабының 1- бөлігіне сәйкес араларында жасалған мәмілені жарамсыз деп тануды сұраған.
С[...] қарсы талап қоюымен жүгініп, онда А[...] тұрғын үйді сатып алмағанын, даулы шарт жеткізу шарты бойынша міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында жасалғанымен негіздеген. Бірінші сатыдағы сот даулы шарт заңдық салдарлар туғызу ниетiн көздемей, тек көз алдау үшiн ғана жасалғанын негізге алып, А[...] талабын қанағаттандыру туралы шешім шығарған. Сонымен катар, қарсы талап қоюшы С[...] талабын қанағаттандырудан бас тартқан, себебі тараптар А[...] мен С[...] арасында кепіл шарты жазбаша түрде жасалынбаған.
Қарсы талап қоюшы С[...] жеткізу шарты бойынша тарап болып табылмайды, ал Кооператив заң талаптарына сай кепіл шартын жасамай, өз еркімен жеткізу шартын жасаған. Сондықтан, жеткізу шартының бар болғандығының анықталуы сатып алу-сату шартын кепіл шарты деп тануына негіздеме болып табылмайды деген тұжырымға келген.
Апелляциялық сатыдағы сот, бірінші сатыдағы соттың шешімінің А[...] талабын қанағаттандырған бөлігімен келіспей, А[...] жауапкерлердің қасақана түрде алдауы және жаңылыстыруы салдарынан, өзіне тиесілі тұрғын үйдің меншік құқығынан айырылып қалуына байланысты құқық қорғау органдарына жүгінбегенін, бұл факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілмегенін және А[...] жәбірленуші деп танылмағанын көрсетіп, шешімнің осы бөлігінің күшін жойып, А[...] талабын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарған.
Ал қарсы талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру бөлігімен келісіп, шешімнің бұл бөлігін өзгеріссіз қалдырған. Себебі даулы шарттың тараптары жеке тұлғалар, яғни сатушы А[...], ал сатып алушы С[...] болып табылады. Заңды тұлғалар Кооператив пен Серіктестік даулы шарттың тараптары болмаған. С[...] Кооператив пен Серіктестіктің арасында нысаны мен мазмұны АК-нің 307-бабының талабына сай келетін кепіл шарты түріндегі мәміле жасалғаны туралы дәлелдеме ұсынбаған.
Сот актілердің С[...] қарсы талабы қанағаттандырусыз қалдырылған бөлігі тараптармен дауланбаған, сондықтан өзгеріссіз қалдыруға жатады. Сот алқасы, апелляциялық сот алқасының тұжырымдарын негіссіз деп санайды.
АК-нің 406-бабының 1-тармағына сәйкес, сатып алу-сату шарты бойынша бір тарап (сатушы) мүлікті (тауарды) екінші тараптың (сатып алушының) меншігіне, шаруашылық жүргізуіне немесе жедел басқаруына беруге міндеттенеді, ал сатып алушы бұл мүлікті (тауарды) қабылдауға және ол үшін белгілі бір сомасын (бағасын) төлеуге міндеттенеді.
Алайда тараптар арасында АК-тің 406-бабының талаптары орындалмаған, себебі даулы мүлік сатушымен сатып алушыға берілмеген, яғни бүгінгі күнге дейін А[...] иелігінде. Даулы шарт бойынша С[...] мүлікті алуға және иеленуге ешқандай әрекет жасамаған, жылжымайтын мүлікке байланысты ауыртпалықтарды көтермеген.
Керісінше, сот отырысында және қарсы талабында С[...] тұрғын үйді сатып алмағанын, ол үшін ақша төлемегенін, талап қоюшының мүлкін сатып алуға ниеті болмағанын растаған.
АК-нің 160-бабының 1-тармағына сәйкес оған тиісті құқықтық салдарлар жасау ниетінсіз, тек алдау үшін жасалған мәмілені (жалған мәмілені) сот мүдделі тұлғаның, тиісті мемлекеттік органның немесе прокурордың талап арызы бойынша жарамсыз деп таниды.
Істің мұндай тұрғысында бірінші сатыдағы сот А[...] талабын қанағаттандыру туралы дұрыс тұжырымға келген, себебі Г.[...] даулы мүлікті сату ниеті болмаған, даулы шарт заңдық салдарлар туғызу ниетiн көздемей, тек көз алдау үшiн ғана жасалғаны анықталған.
Бұл мән-жайлар сотта тараптармен жоққа шығарылмаған.
Апелляциялық сот алқасының А[...] мәмілеге қатысты қателеспегенін, С[...] азаматтық некеде тұратынын, олардың ортақ балалары бар екенін ескеріп, оның алдау ықпалында болмағаны туралы тұжырымдары негіссіз, себебі талап қоюдың мәміле жалған екені сотта зерттелген дәлелдемелермен, сонымен қатар сатып алушы С[...] түсініктемесімен расталады.
Сондықтан, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының А[...] талабын қанағаттандырусыз қалдыру бөлігінің күші
жойылып, осы бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға жатады.
АПК-нің 109-бабына сәйкес Г.[...] теңге мемлекеттік бажды төлеу бойынша шығындар өтелуге жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы,
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 қаңтардағы қаулысы өзгертілсін.
А[...] талабын қанағаттандырусыз қалдыру бөлігінде қаулының күші жойылып, осы бөлігінде Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2023 жылғы 24 қазандағы шешімі күшінде қалдырылсын.
Қаулының қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын.
Ж[...] С[...], С[...] талап қоюшы А[...] пайдасына мемлекеттік баж 225 000 (екі жүз жиырма бес мың) теңге өндірілсін.
Талап қоюшының өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Н. Шәріпов
Г. Жүсіпбекова
Судьялар
Б. Тоқтарова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.