6кп-62-20
ҚАУЛЫ
2020 жылғы 12 қараша Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші алқа төрағасы Қ[...], судьялар Г.Ж. Әлмағамбетова, М.Т. Балкен,
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Департаменті бөлімінің прокуроры Т[...],
əкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға Т[...] жəне оның қорғаушы адвокаты В[...] қатысуымен,
ашық сот отырысында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан əрі - ӘҚБтК) 610-бабының бірінші бөлігі бойынша Б[...] ұлы Т[...] қатысты,
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 10 ақпандағы қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты мамандандырылған сот алқасы төрағасының ұсынуы бойынша келіп түскен əкімшілік құқық бұзушылық туралы істі кассациялық тəртіппен қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Ақтау қаласының мамандандырылған əкімшілік сотының 2019 жылғы 17 сəуірдегі қаулысымен ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігі бойынша Т[...] қатысты əкімшілік құқық бұзушылық туралы іс оның əрекетінде əкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 26 маусымдағы қаулысымен аталған қаулының күші жойылған. Сот Т[...] ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігі бойынша 35 350 теңге мөлшерінде айыппұл сала отырып əкімшілік жауапқа тартқан.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы қаулысымен апелляциялық сатыдағы қаулысы бұзылып, істі қайта қарауға сол сотқа жолданған.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 10 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың аталған сот актісінің күші жойылып, Т[...] ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігі бойынша 35 350 теңге мөлшерінде айыппұл сала отырып əкімшілік жауапқа тартқан.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты мамандандырылған сот алқасы төрағасының ұсынуында құқық нормаларын түсіндіру мен қолдануда апелляциялық сатының біркелкілікті бұзуына байланысты сот қаулысын кассациялық тəртіппен қайта қарау ұсынылады. Ұсыну дəлелдерін қолдаған прокурор Т[...], Т[...] түсініктемелерін, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы келесі тұжырымға келді.
ӘҚБтК-нің 840-бабына сəйкес əкімшілік құқық бұзушылық туралы сот қаулысының күшін жоюға не оны өзгертуге мыналар: судьяның сот қаулысында жазылған iстiң нақты мəн-жайлары туралы түйіндерінің шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау кезiнде зерттелген дəлелдемелерге сəйкес келмеуi; əкiмшiлiк жауаптылық туралы заңның дұрыс қолданылмауы; осы Кодекстiң процестік нормаларының елеулi түрде бұзылуы; қаулымен қолданылған əкiмшiлiк жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кiнəлiнiң жеке басына немесе заңды тұлғаның мүлiктiк жағдайына сəйкес келмеуi негіздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай негіздер бар. Іс материалдарына қарай мынаны ескерген жөн, Т[...] қатысты əкімшілік құқық бұзушылық туралы істің қозғалуына Ақтау-Қаражанбас тас жолындағы жол-көлік оқиғасы фактісі негіз болған. 2019 жылғы 26 ақпанда Т[...] «Toyota Land Cruiser 200» автомашинасымен А[...] жылқысын қаққаны анықталған.
Бірінші сатыдағы соттың қаулысында Т[...] іс-əрекетінде ӘҚБтК 610-бабының 1-бөлігі бойынша əкімшілік құқық бұзушылық құрамының жоқтығы туралы қорытынды жасалған.
Бірінші сатыдағы соттың қаулысын жою жəне Т[...] əкімшілік жауапкершілікке тарта отырып, апелляциялық сатыдағы сот Қазақстан Республикасы Жол қозғалысы ережесінің (бұдан əрі - Ереже) 10.1-тармағын бұзғанын, жолға үй жануарларының шығу мүмкіндігін алдын ала болжауға жəне көлік құралы қозғалысының жылдамдығын төмендетуге тиіс болғандығын көрсеткен. Алайда апелляциялық соттың қаулысы негізсіз жəне заңсыз болып табылады.
Жол-көлік оқиғасының сызбасына сəйкес жолдың жиегінде қандай да бір «Мал өткізу» немесе басқа да жолдың ескерту белгілері қойылмаған. Іс бойынша көлік құралы түнгі мезгілде рұқсатты жылдамдықпен жүрген кезде жылқының тас жолға шыққаны анықталған. Апелляциялық сот өз шешімін Маңғыстау облысында ауыл шаруашылық саласында малдың тəуліктін бар уақытында бос жайылып жүретінімен, осы əдет баршаға мəлім екендігімен негіздеген. Осыған байланысты сот жүргізуші Т[...] көлікті рұқсат етілген жылдамдықпен жүргізгеніне қарамастан кінəлі деп тапқан. Алайда апелляциялық соттың бұл тұжырымы заңға қайшы келеді.
Ереженің 24-бөлімінің 9-тармағына сəйкес малдарды, əдетте, тəуліктің жарық уақытында айдап өту керек. Мал айдаушылар малдарды мүмкіндігінше жолдың оң жақ шетіне жақын бағыттауға тиіс. Тəуліктің қараңғы уақытында жəне жеткіліксіз көріну жағдайларында бір топ малды жол бойымен немесе ол арқылы айдаған кезде мал айдаушылар жолда малдың бар екенін ескерту үшін жүргізушілерге сигнал береді (Ереженің 24-бөлімінің 10-тармағы).
Ереженің 24-бөлімінің 10-тармағына ескертпеге сəйкес шырақпен немесе фонарьмен қолды шеңбер жасап қозғау сигнал болып табылады, бұл ретте сигнал беруші бір топ мал жақындап келе жатқан көлік құралдары жағынан он-он бес метр арақашықтықта болады.
Ереженің 24-бөлімінің 12-тармағымен жүк артылған, жегілген жəне мініс малдарының жəне малдардың иелеріне:
малдың жабыны қатты жолдарға шығып кетуі мүмкін жағдайларда оларды қадағалаусыз қалдыруға;
малдарды теміржолдар арқылы жəне арнайы бөлінген жерлерден тыс, сондай-ақ тəуліктің қараңғы уақытында жəне жеткіліксіз көріну жағдайларында (əртүрлі деңгейлердегі мал айдаудан басқа) айдап өтуге;
өзге жолдар болған кезде малдарды жабын асфальт жəне цементбетон жолдармен жетектеп жүруге жол берілмейді. «Соттардың Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Қазақстан Республикасы кодексінің Ерекше бөлігінің нормаларын қолданудың кейбір мəселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 06 қазандағы №7 нормативтік қаулысының 26-тармағына сəйкес егер жол-көлік оқиғасы кезінде мал мен үй жануарлары шығыны 1.24 «Мал өткізу» туралы ескерту жол белгілері қойылған аумақтардан тыс жерде орын алған болса, жылдамдық режимін немесе Жол жүрісі қағидаларының басқа да ережелерін бұзу болмаған жағдайда көлік құралын жүргізуші ӘҚтК-нің 610-бабының 1-бөлігі бойынша əкімшілік жауаптылыққа тартылуға жатпайды. Мұндай жағдайларда жол-көлік оқиғасының негізгі себебі мал иесінің жануарларды бақылауға қатысты Жол жүрісі қағидаларының 24-бөлімінің 12тармағының 1) тармақшасы бойынша өзіне жүктелетін міндеттемелерді орындамағандығы болып табылады, бұл мəн-жайларға қарай ӘҚтК-нің 615-бабының 2-бөлігі немесе 633-бабының 2-бөлігі бойынша жауаптылыққа алып келеді.
Аталған іс бойынша мал иесі тарапынан жоғарыда көрсетілген талаптардың орындалмағаны анықталған. Бұл заң бұзушылық жол-көлік оқиғасының орын алуына себеп болған. Мұндай жағдайда алқа осы іс бойынша көлік жүргізушісінің жауапкершілікке тартылуын негізсіз деп санайды.
Осыған байланысты алқа Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың қаулысын күшінде калдыру туралы тұжырымға келіп отыр. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты мамандандырылған сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандыруға жатады.
ӘҚтК-нің 851-бабын басшылыққа ала отырып сот алқасы,
ҚАУЛЫ ЕТТІ :
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 10 ақпандағы қаулысының күші жойылсын.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 610-бабы 1-бөлігі бойынша Т[...] қатысты қабылданған Ақтау қаласының мамандандырылған əкімшілік сотының 2019 жылғы 17 сəуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты мамандандырылған сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
| Төрағалық етуші | Қ[...] |
|---|---|
| Судьялар | Г. Әлмағамбетова |
| М. Балкен |
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.