№ 6399-2500-4к/1878
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 12 қараша
Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық
соттың құрамында:
– төрағалық етуші судья Е.Б. Тулеев, судьялар – Р.М. Айнакулова, Дуйсенбаев Г.Б.,
талапкер О.С.Касымова.,
жауапкер өкілі А.Б. Қаршимановтың қатысуларымен
ашық сот отырысында талап қоюшы Орынбике Сейткалиевна Касымованың жауапкер «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Тұрғын үй басқармасы) коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж адамдардың кезегін қалпына келтіру туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 3 сәуірдегі шешіміне, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 маусымдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы О.Қасымова жауапкер Тұрғын үй басқармасына жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 3 сәуірдегі шешімімен талапарыз қанағаттандырылып, Тұрғын үй басқарманың О.С. Касымованы коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар кезегінен шығару туралы 2024 жылғы 18 желтоқсандағы №03-06/269 бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Тұрғын үй басқармасына О.С.Касымованы коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайға мұқтаждардың тізіміне «зейнеткер» санаты бойынша 2024 жылғы 18 желтоқсаннан бастап қалпына келтіру міндеттелген.
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін, негіздемесінде тұрғын үй алу кезегінде 15 жылдан астам уақыт тұрғанын, жасының ұлғайғанын көрсете келе, іс бойынша қабылданған сот актілеріне өзгеріс енгізіп, тұрғынжайға мұқтаждардың тізіміне «зейнеткер» санаты бойынша 2010 жылғы 29 мамырдан бастап қалпына келтіру міндеттеуді сұраған.
Талап қоюшы О.С.Қасымованың 2010 жылы зейнет демалысына шыққаннан кейін жыл сайын Тұрғын үй басқармасына барап, кезектің қаншама қозғалғандығы жөнінде сол жердегі мамандардан ақпарат алып тұрғанын және шағым уәждерін қолдаған түсінігін тыңдап, жауапкер өкілі А.Б.Каршимановтың сот актілерімен келісетін уәждерін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 449-бабының екінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде кассациялық шағымның немесе наразылықтың шегiнен шығуға және шағым жасалған, наразылық келтірілген сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Даудың мәні бойынша шешім қабылданғанда мұндай кемшіліктер орын
алған.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 67-бабы 1-тармағына сәйкес коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайлар немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайлар осы елді мекенде тұрақты тұратын, тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарына пайдалануға беріледі.
Заңының 71-бабына сәйкес, астананың жергiлiктi атқарушы органдары коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайға мұқтаждар есебінде тұрған Қазақстан Республикасы азаматтарының кезектілік тізімдеріне, оның ішінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайға немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайға мұқтаж азаматтарды есепке қоюдың және кезектілігінің электрондық базасын пайдалана отырып, жыл сайын түгендеу жүргізеді (2011 жылғы 13 шілдеден бастап қолданысқа енді).
Осы баптың 5-тармағы бойынша Астананың жергiлiктi атқарушы органдары коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайға мұқтаждар есебінде тұрған Қазақстан Республикасы азаматтарының кезектілік тізімдеріне, оның ішінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайға немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайға мұқтаж азаматтарды есепке қоюдың және кезектілігінің электрондық базасын пайдалана отырып, жыл сайын түгендеу жүргізеді.
Істің мән-жайларына қарағанда, О.Касымова 2009 жылғы 31 наурыздан бастап Тұрғын үй басқармасында «бюджеттік ұйымның қызметкері» ретінде тұрғын үй алу қажеттілігі бар азаматтар қатарына тіркеліп, 2010 жылдың 29 мамырында зейнет демалысына шыққан. Тұрғын үй басқармасының 2024 жылғы 18 желтоқсандағы № 03-06/269 бұйрығымен О.Касымова тұрғын үй алу кезегінен «бюджет ұйымы қызметкері» санаты расталмауына байланысты шығарылған.
Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандыра отырып, О.Касымова 2009 жылы бюджеттік ұйымның қызметкері ретінде тіркеуге алынғаннан кейін 2010 жылы зейнет демалысына шыққанын, алайда Тұрғын үй басқармасы 14 жылдан астам уақыт бойы тұрғынжайға мұқтаж азаматтарды есепке қоюдың және кезектілігінің электрондық базасын пайдалана отырып, жыл сайын түгендеу жүргізбеген деп қорытындылай келе, даулы бұйрықтың күшін жойып, жауапкерге талап қоюшы О.Касымованы тұрғынжайға мұқтаждардың тізіміне «зейнеткер» санаты бойынша 2024 жылғы 18 желтоқсаннан бастап қалпына келтіру міндеттелген.
Сот алқасы жергілікті соттардың аталған тұжырымдарымен келіседі, себебі жауапкер уақытылы тексеру жүргізбеген, ешқандай шаралар қабылдамаған, тиісті мәліметтер сұратылмаған, соның ішінде электрондық база (мониторинг) қолданбаған.
Алайда, даулы сот актілерінің О.Касымованы тұрғынжайға мұқтаждардың тізіміне «зейнеткер» санаты бойынша 2024 жылғы 18 желтоқсаннан бастап қалпына келтіру міндеттелген бөлігіне өзгеріс енгізілуге жатады, себебі жоғарыда атап көрсетілгендей 2011 жылдың 13 шілдесінде заңды күшіне енген Заңның 71бабының талаптарын жауапкер тарапы мүлде орындамай, назардан тыс қалдырып, тұрғынжайға мұқтаж азаматтардың кезектілік тізімдеріне түгендеу жүргізу міндеттелгеніне тиісті құқықтық баға берілмеген.
ӘРПК-нің 13-бабының бірінші, үшінші бөліктеріне сәйкес әкімшілік рәсімге қатысушының әкімшілік органның, лауазымды адамның қызметіне сенімі Қазақстан Республикасының заңдарында қорғалады, әкімшілік органның, лауазымды адамның кінәсінен қабылданған заңсыз әкімшілік акт, сондай-ақ әкімшілік органның, лауазымды адамның кінәсінен жасалған заңсыз әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) әкімшілік рәсімге қатысушы үшін ауыртпалық салатын салдарға алып келмейді.
Қарастырылып отырған қатынастарға сенім құқығын қорғау қағидаты қолданылады, себебі жауапкердің әрекетсіздігі салдарынан талап қоюшы зейнет демалысына шыққанымен, 2011 жылдың шілде айынан бері тұрғын үйге мұқтаждар тізіміне түгендей жұмыстарын жүргізбеген.
Тұрғын үй басқармасына Заңның 74-ші бабының 2-ші тармағының екінші бөлігі бойынша кезектілік тізімдерін жүргізу міндеттелгенімен әрекетсіздік танытқан, сондықтанда заңсыз іс-әрекетсіздігі талап қоюшы үшін қолайсыз салдарға әкеп соға алмайды.
Істің мұндай тұрғысында, іс бойынша қабылданған сот актілеріне өзгеріс енгізіп, жауапкер уақытылы тексеру (түгендеу) бойынша ешқандай шаралар қабылдамағаны, көрсетілген мәліметтер сұратылмағаны, соның ішінде электрондық база (мониторинг) жүргізбеген әрекетсіздігі талап қоюшының коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу құқығын бұза алмайды, сондықтанда жауапкер Тұрғын үй басқармасына талапкер О.С. Касымованы тұрғынжайға мұқтаждар тізіміне «зейнеткер» санаты бойынша «2024 жылғы 18 желтоқсаннан» бастап қалпына келтіру міндеттелген бөлігі «2011 жылдың 13 шілдесі» деп өзгертілуге жатады. Мұндай жағдайларда талап қоюшының кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылуға жатады.
Қазақстан Республикасы ӘРПК-ның 169-бабы, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУ Л Ы ЕТТІ:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 3 сәуірдегі шешімі және Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 маусымдағы қаулысы өзгертілсін.
«Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне Орынбике Сейткалиевна Касымованы коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайға мұқтаждар тізіміне «зейнеткер» санаты бойынша «2024 жылғы 18 желтоқсаннан» бастап қалпына келтіру міндеттелген бөлігі «2011 жылдың 13 шілдесі» деп өзгертілсін.
Сот актілерінің басқа бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын.
Талап қоюшы Орынбеке Сейткалиевна Қасымованың кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Е. Тулеев
Р. Айнакулова
Судьялар
Г.Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.