ҚАУЛЫ
2023 жылғы 18 шілде 6001-22-00-6ап/2702 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Ғ.Ө.Әлжанов болып, талап қоюшының өкілі Н[...],
жауапкер өкілі Т[...],
мүдделі тұлға «Д[...]» шаруа қожалығының (бұдан әрі –ШҚ) өкілі К[...] қатысуларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «А[...]» ШҚ-ның басшысы Х[...] жауапкер Казталов аудандық әкіміне 2022 жылғы 19 мамырдағы № 15 жер комиссиясының хаттамалық шешімінің № 8 лотына қатысты бөлігін заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 4 тамыздағы шешіміне, Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 10 қарашадағы қаулысына мүдделі тұлға «Д[...]» ШҚ-ның басшысы Т[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 4 тамыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Батыс Қазақстан облысы, [...] шаруа қожалығын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстық комиссия отырысының 2022 жылғы 19 мамырдағы № 8 лотына қатысты бөлігіндегі шешімі заңсыз деп танылған.
Сондай-ақ, іс бойынша бірінші сатыдағы сотпен анықталған бұзушылықтар бойынша жеке ұйғарым қабылданған.
Аталған жеке ұйғарым апелляциялық және кассациялық тәртіппен шағымдалмаған.
Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 10 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Мүдделі тұлға «Д[...]» ШҚ-ы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Мүдделі тұлға өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер өкілінің шағыммен келіскен, талап қоюшының өкілінің шағыммен келіспеген пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда 2022 жылғы 29 наурызда Казталов ауданының Бірік ауылдық округінде жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру бойынша конкурс өткізілген.
№ 8 лот бойынша жер комиссиясының шешімімен өтінім берушілерге берілген баллдардың тең түсуіне байланысты, ашық дауыс беру арқылы ең көп дауыс алған Т[...] жеңімпаз болып танылған (Т[...] – 9 дауыс, Ж[...] – 3 дауыс, Х[...] – 0 дауыс).
Х[...] жер комиссиясының хаттамасымен келіспей, заңсыздық орын алғанын көрсетіп, талап қоюын жер комиссиясының құрамында болған кейбір шаруа қожалығы, өзіне жер алғандығымен негіздеген.
Талап қою арызында басқа ешқандай негіздемелер келтірмеген.
Жергілікті соттар № 8 лот бойынша Т[...] жеңімпаз болуына мүдделі болған комиссия мүшелері анықталмаған деп дұрыс тұжырым жасаған.
Алайда, соттар талап қоюды қанағаттандырғанда жер комиссиясы шешім қабылдау кезінде «Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру мен өткізу қағидаларының» (бұдан әрі - Қағида) талаптарын бұзғандығын негізге алған.
Атап айтқанда, соттар жер комиссиясы отырысының аудан әкімдігінің ресми сайтында онлайн көрсетілімі арқылы өткізілмеген. Сонымен бірге, әрбір қатысушы олардың мазмұны туралы хабарланғаннан кейін ұсынған өтінімдер мен құжаттарды хатшы зерделеу үшін жер комиссиясының мүшелеріне бермей-ақ шет жаққа кейінге қалдырған деген негіздер келтірген. Соттардың бұл тұжырымдары қате болып табылады.
Жергілікті соттар құқық нормаларын дұрыс қолданбаған.
Даулы құқықтық қатынастар туындаған кезде қолданыста болған редакциясындағы Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 43-1-бабының 1-бөлігіне сай жер комиссиясының отырысы Жер кодексінің 43-бабының 2-тармағына сәйкес аудио-, бейнежазба құралдарының көмегімен міндетті түрде тіркеледі. Жер комиссиясының отырысын аудио-, бейнежазба құралдарымен тіркеуді аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады деп көрсетілген.
Жер комиссиясы Жер кодексінің бұл талаптарын сақтап, отырысты аудио-, бейнежазба құралдарын қолдану арқылы өткізген. - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 4 желтоқсандағы № 490 бұйрығымен бекітілген «Жер комиссиясы отырысының барысын тіркеуді қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-, бейнежазбаны сақтау қағидаларының» 2, 4 тармақтарына сәйкес жер комиссиясының әрбір отырысы барысында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының ресми интернет-ресурстарында онлайн трансляциялау режимінде жер комиссиясы отырысының аудио-, бейнежазбасы жүргізіледі.
Жер комиссиясы отырысының онлайн трансляциялау режимінде өткізілмеуін жауапкер техникалық мүмкіндіктер болмағандығымен негіздеген. Жауапкердің бұл уәжі де теріске шығарылмаған. Жер комиссиясы отырысының онлайн трансляциялау режимінде өткізілмеуі оның қабылдаған шешімін заңсыз деп тануға өздігінен негіз бола алмайды.
Сол сияқты, соттардың комиссия хатшысы әрбір қатысушының атауын, ұсынған өтінімдері мен құжаттардың мазмұнын хабарлағаннан кейін құжаттарды зерделеу үшін жер комиссиясының мүшелеріне бермей-ақ шет жаққа кейінге қалдырып, талап қоюшының құқықтарын бұзған деген тұжырымы да негізсіз болып табылады.
Қағиданың 20-тармағына сай жер комиссиясының хатшысы жер комиссиясының мүшелеріне әрбір қатысушының атауын, оның өтінімінің және конкурстық ұсынысының мазмұнын жариялайды.
Жер комиссиясының хатшысы бұл міндеттерін орындаған. Қағидалардың 22-тармағына сәйкес жер комиссиясы барлық өтінімдерді олардың сәйкестігі, толықтығы, есептемелердегі қателіктердің, құжаттардағы барлық қолтаңбалардың бары тұрғысынан зерделейді, сондай-ақ, жалпы рәсімдеудің дұрыстығын тексереді, конкурстық ұсыныста көсетілген бизнес-жоспар, оның ішінде, инвестициялардың болжамды көлемі бойынша балл беру жолымен өтінімдерді бағалайды, салыстырады. О[...] 24-тармағына сай ең жоғары балл алған қатысушы жеңімпаз болып танылады.
Екі және одан да көп конкурстық ұсыныстардың тартылатын инвестицияның ұсынылған көлемі бойынша балдары тең болған жағдайда конкурстың жеңімпазы комиссия мүшелерінің ашық дауыс беруі арқылы анықталады. Бұл жағдайда ең жоғары балл алған және комиссия мүшелерінің ең көп дауысын алған қатысушы жеңімпаз болып танылады.
Істің мән-жайларына қарағанда конкурсқа катысушылардың өтінімдерінің сәйкестігі, толықтығы, дұрыстығы туралы жер комиссиясының хатшысының баяндамасы бойынша жер комиссиясының мүшелері күмән келтірмеген.
Жер комиссиясының әрбір мүшесі конкурсқа қатысушылардың қайсысына дауыс беру құқығы өз еркінде. Жоғарыда айтылғандай Х[...] комиссия мүшелері дауыс бермеген.
Конкурстық комиссия шешімі заң талаптары сақталып қабылданғандықтан оны формальды негіздермен заңсыз деп тануға болмайды.
Сондықтан сот актілерінің күші жойылып, талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдануға жатады.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 4 тамыздағы шешімі мен Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 10 қарашадағы қаулысының күштері жойылсын.
Талап қоюшы «А[...]» шаруа қожалығының басшысы Х[...] талап қоюын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдансын.
Мүдделі тұлға «Д[...]» шаруа қожалығының басшысы Т[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова
Ғ. Әлжанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.