Қ А У Л Ы
2025 жылғы 8 қазан №6003-25-00-2к/318 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья А.Тоқсанбаев, судьялар М.Ибрагимова, А.Даненова, талап қоюшының өкілі А.Темірбаевтың қатысуымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының жауапкер Жұматай Мәдіұлы Мұхтаровқа несие қарызын кепілдегі мүліктен өндіру туралы талап қоюымен қабылданған Қызылорда облысы Шиелі аудандық сотының 2024 жылғы 20 желтоқсандағы шешіміне және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 ақпандағы қаулысына талап қоюшының
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
«Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік (бұдан әрі - Қоғам) жоғарыда көрсетілген талап қоюымен сотқа жүгінген. Қызылорда облысы Шиелі аудандық сотының 2024 жылғы 20 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған. Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 ақпандағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында, жергілікті соттар материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете келе, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған. Кассациялық сот шағым уәждерін және іс құжаттарын зерделеп, талап қоюшының өкілінің түсіндірмесін тыңдап, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Жергілікті соттар мұндай заң бұзушылыққа жол берген.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 317бабының 1-тармағының талабына сай, борышкер өзi жауап беретiн кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте кепiл ұстаушының (несие берушiнiң) талаптарын қанағаттандыру үшiн кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алуы мүмкiн.
Осы баптың 2-тармағына сәйкес, егер борышкердің кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi бұзуы болмашы болып және соның
салдарынан кепiл ұстаушы талаптарының мөлшерi кепiлге салынған мүлiктiң құнына көрiнеу сәйкес келмесе, кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алудан бас тартылуы мүмкiн.
Бір мезгілде мынадай жағдайлар болған кезде:
орындалмаған міндеттеменің сомасы (тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) есепке алынбастан) тараптар кепіл туралы шартта айқындаған, кепілге салынған мүлік құнының он пайызынан кемін құрағанда;
кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алу кезеңі үш айдан кем болғанда, кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені бұзу болмашы және кепіл ұстаушы талаптарының мөлшері кепiлге салынған мүлiктiң құнына анық мөлшерлес емес болып табылады.
АК-нің 318-бабының 1-тармағына сәйкес, кепіл ұстаушының талаптарын кепілге салынған мүліктің құнынан қанағаттандыру, егер осы Кодексте және басқа заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, сот тәртібімен жүзеге асырылады.
Іс құжаттарына қарағанда, қоғам және Жұматай Мәдіұлы Мұхтаровтың жұбайы жеке кәсіпкер «Әли» Сәулегүл Әбдіқияшқызы Төлегенованың арасында 2022 жылғы 21 қыркүйекте № 666-КЗ-ЕНБ несие беру шарты жасалып, соңғыға жылдық 6% үстеме пайызбен 2025 жылғы 19 қыркүйекке дейін 15 бас аналық ірі қара мал сатып алуға 5 000 000 теңге несие берілген.
Негізгі несие шартының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылғы 21 қыркүйекте Қоғам (кепіл ұстаушы), несие алушы және жауапкер (кепіл беруші) арасында үш жақты кепіл шарты №666-КЗ-ЕНБ-1 жасалып, жауапкердің Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Иіркөл ауылдық округі, Ыбрай Жахаев ауылы, Ибрагим Шохаев көшесі, №18 үй мекенжайында орналасқан жылжымайтын мүлкі кепілге салынған.
Кепіл шартының 4.2 тармағына сәйкес, талап қоюшы кепіл ұстаушы ретінде қарыз алушы тарапынан кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелер орындалмаған немесе тиісінше орындалмағанда қарызды кепіл нысанасының құнынан өндіруге құқылы.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының 2023 жылғы 28 тамыздағы және 2025 жылғы 7 қазандағы хаттарына сәйкес, М.Мухтаров пен С.Төлегенованың некелері Шиелі ауданының Алмалы ауыл советінде 1991 жылғы 12 ақпандағы тіркелген, 1990 жылы 21 қарашада туған Жасулан Жуматаевич Мухтаров және 1993 жылы 3 маусымда туған Гульзира Жуматайқызы Мухтарова есімді балалары бар. С.Төлегенованың 2023 жылғы 17 тамызда қайтыс болғаны тіркелген.
Жауапкерлер несиені қайтару міндеттемесін 2023 жылғы тамыздан бастап тиісінше орындамаған.
2024 жылғы 26 тамызда заңды күшіне енген Қызылорда облысының мамандандырылған экономикалық сотының 2024 жылғы 15 шілдедегі шешімімен жауапкерлер «Әли» С.Төлегенова және Ж.Мұхтаровтан
ортақтасқан түрде қоғамның пайдасына 4 349 128 теңге несие қарызы, мемлекет пайдасына тең үлесте 130 474 теңге мемлекеттік баж өндірілген. Қазіргі уақытқа жауапкер Ж.Мухтаровтың Қоғам алдындағы қарызы 4 422 459 теңге.
Бағалаушы «ADAL EXPERT» ЖШС-нің 2024 жылғы 31 шілдедегі бағалау есебіне сәйкес, кепілге салынған жылжымайтын мүліктің нарықтық құны 12 212 000 теңге.
Қоғам жауапкер қарызды қайтару міндеттемесін орындамағандықтан сотқа қарызды кепіл мүлкінен өндіру туралы талап қоюымен жүгінген.
Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы сот актілерін кепіл жылжымайтын мүліктің ½ бөлігіне С.Төлегенованың қайтыс болуына байланысты мұра ашылғаны, мұрагерлер осы бөлігінде құқықтарын қабылдап алмағаны, сот орындаушы қарызды жауапкер Ж.Мұхтаровтың меншігіндегі 7 000 000 теңгелік «LADA Largus» үлгісіндегі мемлекеттік белгісі 162AFT11 көліктен өндіру шараларын жасамағанын, кепілге салынған жылжымайтын мүлік жауапкердің жалғыз баспанасы екендігін және кепіл мүлкінің нарықтық құны екі жарым есе артық екенімен негіздеген.
Сот жергілікті соттардың аталған тұжырымдарын іс құжаттарына және материалдық құқық нормаларына сәйкес келмейді деп санайды. Себебі, жауапкер тарапынан қарызды қайтару міндеттемесі екі жылдан астам уақыттан бері тиісті түрде орындалмауда.
Бүгінгі күні даулы болып отырған берешек қарыз сомасы 4 422 459 теңге. Аталған берешек соманы несие алушыдан мәжбүрлеп өндіру мүмкін емес.
Кепілге салынған мүліктің нарықтық құны 12 212 000 теңге, берешек сомамен салыстырғанда, қарыздың мөлшері кепіл мүлкінің нарықтық құнының 10 пайызынан жоғары және міндеттеме алты айдан астам орындалмаған.
Осы ретте, АК-нің 317-бабы 2-тармағында көзделген кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алудан бас тарту негіздері жоқ.
АК-нің 272-бабына сәйкес міндеттеме - мiндеттеме шарттары мен заң талаптарына сәйкес тиiсiнше орындалуға тиiс.
Кепіл шартында жауапкер несие қарызын төлеу туралы міндеттеме орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда ақы кепілге салынған мүліктен өндіріліп алуға жататыны көрсетілген.
Мұндай жағдайда, кепіл ұстаушы АК-нің 317, 318-баптарының және шарттың талаптарына сәйкес кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алуы мүмкiн.
Жергілікті соттардың кепілге салынған жылжымайтын ½ бөлігіне мұра ашылғаны, ол қабылданбағаны туралы тұжырымы негізсіз, себебі жауапкер Ж.Мұхтаровтың жұбайы С.Төлегенованың қайтыс болғаннан кейін мұрагерлiктi iс жүзiнде қабылдап, мұраға алынған мүлiктi иеленіп, басқаруға кiрiскен.
Сондай-ақ, борышкер және кепіл берушінің ақысын кепілден басқа мүлкінен өндірілуі мүмкін екені туралы түйінімен де келісуге болмайды, себебі шарттың және жоғарыда көрсетілген материалдық құқық нормаларының талаптарында несие алушымен қарызды төлеу міндеттемесі орындалмаса немесе тиісті түрде орындалмаса ақы кепіл мүлкінен өндіретіні көзделген.
Қоғам кассациялық шағымында жауапкерге тиесілі автокөлік несиеге алынғанын, жауапкер ол қарызды толық төлемегенін көрсеткен. Жауапкер бұл уәжге қарсы пікір білдірмеді.
Сот көрсетілген мән-жайларды басшылыққа алып, несие алушы қоғам алдында қалыптасқан қарыз сомасын өтемегендігін, кепіл берушінің міндеттемені орындаудан босатуға негіз болып табылатын мән-жайлар анықталмағанын ескеріп, шарт және заң талаптарын негізге алып, талап қоюшының кепілге қойылған мүлік құнының есебінен қарыз сомасын өндіріп алу туралы талабы негізді деген қорытындыға келді.
Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттардың шешімінің және қаулысының күші жойылып, талап қоюшының талабы қанағаттандыруға, АПКнің 117-бабының 1-бөлігіне сәйкес жауапкерден мемлекет пайдасына сот шығындары өндірілуге, шағым қанағаттандыруға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2 бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, судья
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Қызылорда облысы Шиелі аудандық сотының 2024 жылғы 20 желтоқсандағы шешімінің және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 ақпандағы қаулысының күші жойылсын.
Талап қоюшы «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының жауапкер Жұматай Мәдіұлы Мұхтаровқа несие қарызын кепілдегі мүліктен өндіру туралы талап қоюын қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылсын.
Жеке кәсіпкер «Әли» Сәулегүл Әбдіқияшқызы 2022 жылғы 21 қыркүйектегі №666-КЗ-ЕНБ несие шарты бойынша барлығы 4 422 459 (төрт миллион төрт жүз жиырма екі мың төрт жүз елу тоғыз) теңге қарызын кепіл беруші Жұматай Мәдіұлы Мұхтаровтың меншік құқығы негізінде тиесілі тұрғын үй қосымшаларымен (Литер А, А1), жалпы ауданы 119,8 шаршы метр, тұрғын ауданы 49,9 шаршы метр, қора (Литер Г), ауданымен 22,4 шаршы метр, қора (Литер Г1), ауданымен 34,8 шаршы метр, көлікжай (Литер Г2), ауданымен 27 шаршы метр, асылма (Литер I), ауданымен 14,1 шаршы метр, асылма (Литер II), ауданымен 10,1 шаршы метр, кадастрлық №10-154-025-467 алаңы 0,15 га жер учаскесі бар, Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Иіркөл ауыл округі, Ы.Жақаев ауылы, Ибрагим Шохаев көшесі, 18 үй
жылжымайтын мүліктен, бастапқы сату бағасын 12 212 000 (он екі миллион екі жүз он екі мың) теңге белгілеп, өндірілсін.
- 2 829 (екі мың сегіз жүз жиырма тоғыз) теңге мемлекеттік баж өндірілсін. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші А.Тоқсанбаев Судьялар М.Ибрагимова
А.Даненова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.