Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 15.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/2822 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/2822

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 15 желтоқсан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов

талап қоюшылардың өкілдері Н.Т.Өсіптің, А.О.Абдуллаевтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшылар Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігі мемлекеттік мекемесінің, Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігі «65235 әскери бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер Игорь Васильевич Божиев пен Сержан Набибуллинович Канешевтен келтірілген материалдық залал сомасын өндіру туралы азаматтық іс бойынша Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 тамыздағы жеке ұйғарымына талап қоюшылар өкілі Н.Т.Өсіптің кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшылар сотқа талап қоюмен жүгініп, онда соттан Қазақстан Республикасы Аазаматтық кодесінің 917-бабының 1-тармағын басшылыққа алып, жауапкерлерден келтірілген залалды өндіруді сұраған.

Ақмола гарнизоны әскери сотының 2025 жылғы 19 маусымдағы шешімімен талап қоюшылардың талабы қанағаттандырудан бас тартылған.

Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 тамыздағы қаулысымен талап қоюшылар апелляциялық шағымнан бас тартуы негізінде апелляциялық іс жүргізу тоқтатылған.

Сонымен бірге талап қоюшылардың өкілі Н.Т.Өсіптің iс әрекетіне жеке ұйғарым шығарылған.

Талап қоюшы өкiлi Н.Т.Өсіп аталған жеке ұйғарымын заңсыз және негізсіз шығарылуына байланысты оның күшін жоюды сұраған. Себебі жеке ұйғарымда талап қоюшы өкілінің нақты қандай заң нормаларын бұзғаны жөнінде көрсетілмегінін, сонымен бірге апелляциялық шағымнан бас тарту талап қоюшының заңмен бекітілген құқығы болып табылатынын көрсеткен.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың азаматтық істер бойынша жеке ұйғарымдар шығару тәжірибесі туралы» 2010 жылғы 25

маусымдағы №1 Нормативтік қаулысының (бұдан әрі – Нормативтік қаулы) 2 тармағына сәйкес, сот отырысында анықталған заңдылықты бұзу жағдайлары жеке ұйғарымдар шығару үшін негіздер болып табылады. Нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес келмейтін іс-әрекеттерді заңдылықты бұзу деп түсінген жөн.

Нормативтік қаулының 5-тармағына сәйкес, жеке ұйғарымның уәждеу бөлігінде заңдылықты бұзуға жол берілгені туралы соттың түйін жасауына негіз болған дәлелдер жазылуы, жол берілген бұзушылықтардың мәні ашылуы, талаптары бұзылған нақты нормативтік құқықтық актілер, сондай-ақ әрекеттері (әрекетсіздіктері) заңдылықтың бұзылуына әкеп соққан адамдар көрсетілуге тиіс.

Апелляциялық сот жеке ұйғарымды талап қоюшының өкілі Н.Т.Өсіптің Қорғаныс министрлігінің мүддесін қорғаудан сәйкес келмейтін ұстанымына және істің екі жылдан астам қаралғанына қарамастан апелляциялық сатыда іс жүргізуді жалғастырудан бас тартуына негіздеген.

Кассациялық сот, апелляциялық сатыдағы сотымен бұл жеке ұйғарымды шығаруы қолданыстағы процестік заң талаптарына сәйкес келмейді деп санайды.

АПК 270-бабына сәйкес, сот жеке ұйғарымды істі қарау барысында анықталған заң бұзушылықтар болған жағдайда ғана шығарады. Бұл ретте жеке ұйғарымда нақты қай заң нормалары бұзылғаны, кімнің және қандай әрекеттерімен бұзушылыққа жол бергені көрсетілуге тиіс.

Алайда, жеке ұйғарымда талап қоюшы өкілінің нақты қай заң нормасын бұзғаны көрсетілмеген, материалдық немесе процестік құқық нормаларына сілтеме жасалмаған.

Алқа жеке ұйғарымды АПК-нің 270-бабының талаптарын бұза отырып шығарған.

Шағымнан бас тарту тараптың заңмен көзделген процестік құқығы болып табылады.

АПК-нің 409-бабының 1-бөлігіне сәйкес, апелляциялық шағым берген тұлға, оның ішінде іс бойынша тарап өздерінің процестік құқықтарын өз қалауы бойынша жүзеге асырады.

Іс құжаттарынан анықталғандай, шағымнан бас тарту талап қоюшы өкілімен тиісті сенімхат негізінде жасалған, алқа оны қабылдап, іс жүргізуді тоқтатқан. Шағымнан бас тартудың қайшылығы немесе өзге тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделері бұзылғандығы анықталмаған.

Демек апелляциялық сатыдағы сот шағымнан бас тартуды заңды деп танып, оны қабылдап, апелляциялық өндірісті тоқтатқанын, ал жеке ұйғарымда талап қоюшы өкілі тарапынан заң бұзушылыққа жол бергенін көрсете тұра, қарама қайшы тұжырым жасаған.

Сондықтан тараптың шағымнан бас тартуы қолданыстағы заңнаманың талаптарын бұзу болып табылмайды, керісінше АПК-де тікелей көзделген процестік құқықты жүзеге асыруы болып табылады.

Істің мұндай тұрғысында, апелляциялық сатыдағы соттың жеке ұйғарымының күші жойылуға, кассациялық шағым қанағаттандыруға жатады. АПК-нің 451-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 тамыздағы жеке ұйғарымының күші жойылсын. Кассациялық шағым қанағаттандырылсын.

Г.Джаппарова А.Есдаулетов

Н.Ормаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.