ВС РК - Постановление от 26.11.2024 по делу 6001-24-00-3гп/451 (Гражданское)

6001-24-00-3гп/451

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 26-қараша Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші - төраға Н.К.Шәріповтің, судьялар М.Т.Балкеннің, Б.Р.Ералиеваның, прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшының өкілдері: Т.Б.Садуакасовтың, М.А.Джургенбаеваның,

жауапкерлердің өкілдері: дара кәсіпкер Б.Т.Нурлыбаевтың өкілі - С.А.Құлмұханның, «Строй модуль-Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі - А.Б.Маликованың қатысуымен,

талап қоюшы - «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер Комитеті Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінің Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Мекеме),

жауапкерлер - дара кәсіпкер (бұдан әрі - ДК) «Димаш» Берик Тлеумуратович Нурлыбаевқа, ДК «Умирзаков» Токтар Матыгулович Умирзаковқа, ДК «AliBestLevel» Әйгерім Әбілханқызы Сүлейменоваға, «Строй модуль-Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2-мамырдағы қаулысына Мекеменің келтірген өтінішхатын қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :

Мекеме жоғарыда көрсеткен талап қоюмен сотқа жүгінген. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 8-ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Даулы Шарттар жарамсыз деп танылған. Сот шығыстары өндірілген.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2-мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.

Мекеме өтінішхатта апелляциялық сатыдағы сотпен істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты даулы сот актінің күшін жойып, сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Сот алқасы арызданушының өтінішхатты қолдаған түсінігін, өтінішхат уәждерін талқылап, прокурордың қорытындысын тыңдап, электрондық іс-құжаттарын зерделеп, келесідей қорытындыға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық алқаның тарапынан жол берілген деген пікірге келуге болады.

Салық органы қаржылық-шаруашылық көрсеткіштеріне талдау жұмыстары нәтижесінде ДК «Димаш», ДК «Умирзаков», ДК «AliBestLevel» активтерінің, автокөлік құралдарының, жер, мүлік, тауар сақтайтын қоймаларының, салық жүктемесінің төмендігі қандай да бір қызмет көрсетуінің, тауар сатуының мүмкіндігінің болмауын, жауапкерлердің арасында ешқандай қызметтер көрсетілмегендігін, тауарлар сатылмағандығын көрсетіп, аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыруын даулы мәмілелер бойынша бухгалтерлік құжаттар толық ұсынылмағанымен, формальды құжат айналымы, салық міндеттемелерін азайту және бюджетке салық төлеуден жалтару мақсатында жасалған деген тұжырымдармен негіздеген.

Апелляцилялық сот алқасы сот шешімімен келіспей, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы қорытындысын даулы шарттар бойынша жауапкерлер барлық тиісті жұмыстарды іс жүзінде орындағанымен, белгіленген жұмыстарды жүзеге асырғанымен және қажетті техникалар жалдап, тиісті төлемдерді төлегенімен негіздеген.

Дегенмен, апелляциялық сатыдағы соттың мұндай тұжырымдарымен келісуге болмайды, себебі олар іс үшін маңызы бар мән-жайлардың дұрыс анықталмауы және материалдық құқық нормаларының бұзылуының негізінде жасалған.

Бірінші сатыдағы соттың Мекеме талабының негізділігі туралы қорытындылары жауапкерлердің міндеттемелерді орындағанын растайтын құжаттарды тиісінше ресімдемеуіне және тапсырыс жеткізушілердің мәмілелерді орындау үшін қажетті ресурстардың болмауына байланысты заңды деп тануға жатады.

Осылайша, бірінші сатыдағы соттың 2021 жылғы 28 мамырдағы «Строй Модуль-Астана» ЖШС мен ДК «Димаш» арасындағы көліктік қызмет көрсету шартының жасалған күні және 2021 жылғы 1 шілдедегі ДК «Димаш» мен Есқараев С.А. арасындағы жалға беру шартының сәйкессіздігіне байланысты жауапкерлердің қарсылықтарын қабылдамау туралы қорытындысы назар аударуға тұрарлық.

Сондай-ақ, жауапкерлер сотқа көлік құралдары мен оларды жүргізушілердің жүргізуіне қатысты құжаттардың түпнұсқасын ұсынбаған. ДК «Димаш» тарапынан зейнетақы жарналарын төлеу бойынша ұсынған құжаттары 2023 жылдың қарашасында жасалған, бұл даулы мәмілелердің 2021-2022 жылдардағы мерзіміне сәйкес келмейді.

Дәл осылай мердігерлік жұмыстарды орындау үшін ЭШФ беру мерзімі мен ДК «Умирзаков» мәлімдеген қызметкерлерге шегерім жасау мерзімінің арасында алшақтық бар, мердігерлік жұмыстарды орындауға

қажетті материалдарды сатып алу және пайдалану туралы іс бойынша құжаттар жоқ.

Азаматтық іс материалдары апелляциялық сот алқасының қорытындысын және жауапкерлердің «Строй Модул-Астана» ЖШС мен ДК «AliBestLevel» арасындағы мәміле бойынша жұмыстарды орындау туралы уәждерін растамайды, себебі ДК «AliBestLevel» жасаған мәміле бойынша материалды сатып алу, жиһаз өндірісі, өндірушіден жабдықтың немесе өндірістік үй-жайдың болуы туралы дәлелдер жоқ.

Осыған байланысты, бірінші сатыдағы соттың шешіміндегі Мекеме даулаған мәмілелердің Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 158-бабының 1, 4-тармақтарының ережелеріне сәйкес келмеуі туралы қорытындыларын негізді деп танылуға тиіс.

Апелляциялық сатыдағы сот істі қарау барысында осы жайттарды ескермеген деген қорытындыға келуге болады. АПК-нің 413-бабының 1-бөлігіне сай сот істi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде бiрiншi сатыдағы сот шешiмiнiң заңдылығы мен негiздiлiгiн толық көлемде тексередi. Алайда апелляциялық сатыдағы соттың түйіндері іс құжаттары мен материалдық құқық нормаларына сай келмейді.

Жоғарыдағылардың негізінде, сот алқасы апелляциялық сатыдағы сотпен осы істі қарау барысында АПК-нің 224-бабының талаптары сақталмай, іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындамауы және анықтамауы, қолдануға жататын материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауына және істің дұрыс шешілмеуіне әкеп соққан деген қорытындыға келе отырып, іс бойынша қабылданған даулы сот актісін заңды және негізді деп табуға болмайды. Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысында да заңды түсіндіру мен қолданудың біркелкілігі бұзылған.

Істің мұндай тұрғысында, іс бойынша қабылданған даулы сот актісін заңды және негізді деп табуға болмайды. Сондықтан сот алқасы апелляциялық сот алқасының қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыру туралы түйінге келді.

Алқа, іс бойынша дәлелдемелерді жинауды және қосымша тексеруді талап етпейтінін ескере отырып, даудың мән-жайы толық анықталғанын, алайда апелляциялық сатыдағы сот материалдық құқық нормаларын түсіндіру мен қолдануда қателік жібергенін анықтады.

АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы,

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2-мамырдағы қаулысының күші жойылсын. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 8-ақпандағы шешімі өз күшінде қалдырылсын. «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер Комитеті Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінің Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты қанағаттандырылсын.

«Строй Модуль - Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен, дара кәсіпкерлер «Димаш» Берик Тлеумуратович Нурлыбаевтан, Токтар Матыгулович Умирзаковтан, «AliBestLevel» Әйгерім Әбілханқызы Сүлейменовадан тең үлесте 2 769 (екі мың жеті жүз алпыс тоғыз) теңге мемлекеттік баж салығы өндірілсін.

Төрағалық етуші Н.К. Шәріпов Судьялар Б.Р. Ералиева М.Т. Балкен

Көшірмесі дұрыс

Судья М.Т. Балкен

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.