ҚАУЛЫ
2025 жылғы 6 мамыр 6001-25-00-6ап/595 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,
судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы жеке кәсіпкер Бибігүл Бауыржанқызы Әлімханованың (бұдан әрі – ЖК Б.Б.Әлімханова) жауапкерлер «Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма), Шымкент қаласы Білім басқармасының «№102 жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – №102 мектеп) қорытындылар туралы хаттаманы заңсыз деп танып, күшін жою, мемлекеттік сатып алу туралы шартын жарамсыз деп тану, конкурс қорытындыларын қайта қарауды міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 қыркүйектегі шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысына мүдделі тұлға «Мега Энерго Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – ЖШС) кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 қыркүйектегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.
2024 жылғы 1 шілдедегі №11950418-ОК1 қорытындылар туралы хаттама заңсыз деп танылып, күші жойылған.
№102 мектеп пен «Мега Энерго Сервис» ЖШС-гі арасындағы 2024 жылғы 14 тамыздағы №240049/00 шарт жарамсыз деп танылған.
Басқарма №11950418-ОК1 конкурстың қорытындыларын қайта қарауға міндеттелген.
Мүдделі тұлға «Мега Энерго Сервис» ЖШС-гі кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Мүдделі тұлға «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Шымкент қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) өкілі істі онлайн түрде мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Мүдделі тұлға Департамент өкілінің сотқа келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды.
Басқарманың өкілінен істі өзінің қатысуынсыз қарау туралы арызы түсті.
Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері сот алқасы отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Басқармамен №102 мектепте оқушыларды тамақтандыру қызметін сатып алу жөнінде №11950418-ОК1 электронды ашық конкурс өткізілген.
2024 жылғы 27 сәуірдегі қорытындылар туралы хаттамасына сәйкес конкурстың жеңімпазы «Мега Энерго Сервис» ЖШС-гі (14 балл), ЖК Г.Оралбаева екінші орын (14 балл), үшінші орын ЖК Ж.Игілік (13 балл), төртінші орынды иеленген ЖК Б.Әлімханова (13 балл) болып белгіленген.
Талап қоюшының шағымымен Департаменттің камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 2024 жылғы 22 мамырдағы №790000000-КпОПО-32-289275 хабарламасына сәйкес талап қоюшыға жалпы 18 балл тиесілі екені көрсетілген.
Ұйымдастырушы қарсылығы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі апелляциялық департаментінің (бұдан әрі - Апелляциялық департамент) 2024 жылғы 28 маусымдағы №13090 қорытындысымен қарсылық ішінара қанағаттандырылған, конкурс нәтижелері сол күйінде қалған.
2024 жылғы 1 шілдедегі №11950418-ОК1 қорытындылар туралы хаттамасы бойынша «Мега Энерго Сервис» ЖШС-і жеңімпаз болып айқындалған, екінші орында ЖК Г.Оралбаева, үшінші орында ЖК Ж.Игілік, төртінші орында ЖК Б.Әлімханова болып белгіленген. Бұл қорытындымен келіспеген ЖКБ.Әлімханова жоғарыдағы талаптармен сотқа жүгінген.
Сот актілеріне әкімшілік процесске қатысушы «Мега Энерго Сервис» ЖШС-нен басқасы кассациялық шағымдар бермеген. Сондықтан іс АПКнің 449-бабына сай «Мега Энерго Сервис» ЖШС-нің шағымы шегінде қаралады.
Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда «Мега Энерго Сервис» ЖШС-не қатысты мына мән-жайды негізге алған.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу қағидаларының» (бұдан әрі Қағида) үлгілік конкурстық құжаттамасының 7-қосымшасына сай конкурс өткізілетін тиісті аймақта ағымдағы жылдың өткен 7 жылдағы жұмыс тәжірибесінің болуы: басқа қоғамдық тамақтану объектілерінде тамақтандыруды ұйымдастыру кезінде әлеуетті өнім берушінің атына берілген объектінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыны қоса бере отырып, қоғамдық тамақтану объектісіне құқық белгілейтін құжаттардың көшірмелерімен (жекеменшік, (меншік құқығын растайтын құжаттар қоса берілсін), жалдау, өтеусіз пайдалану, сенімгерлік басқару және т.б. (жалға берушінің меншік құқығын растайтын құжаттар және т.б. қосымша қоса берілсін) расталады.
«Мега Энерго Сервис» ЖШС-гі конкурстық құжаттаманың 6-шы қосымшасына Оңтүстік Қазақстан облысы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының №20Р-17-4-67 санды 2017 жылғы 17 қаңтардағы санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысын тіркеген.
Алайда, 2024 жылғы 16 тамыздағы «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық-эпидемилогиялық бақылау комитеті Шымкент қаласының санитариялық-эпидемилогиялық бақылау Департаменті Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының санитариялықэпидемилогиялық бақылау басқармасы» РММ-сі №20Р-17-4-67 санды 2017 жылғы 17 қаңтардағы хатында санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды тіркелмегендігі туралы мәлімет берген.
Осыған байланысты жергілікті соттар «Мега Энерго Сервис» ЖШСне негізсіз балл қойылған деген тұжырымға келген. Бірақ сот алқасы жергілікті соттар істің мән-жайларын дұрыс анықтай тұра материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбаған деп есептейді. Бұл олқылық заңсыз сот актілерін қабылдауға әкеп соқтырған.
«Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 1-бабының 21) тармақшасында рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі – берілген, қайта ресімделген, тоқтатыла тұрған, күші жойылған, ұзартылған, қайта басталған және қолданысы тоқтатылған рұқсаттар және олардың телнұсқалары туралы, сондай-ақ алынған хабарламалар туралы мәліметтер қамтылған рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесінің құрауышы деген ұғым берілген.
Осы Заңның 13-бабының 4) тармақшасына сай рұқсат беру органдарының құзыретіне рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу жатады.
Яғни, Заңда және « Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі №543 бұйрығымен бекітілген «Рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу қағидаларында» ондай тізілімді жүргізу рұқсат иесіне емес, мемлекеттік органдарға жүктелген.
Уәкілетті органның жіберген кемшілігін рұқсат иесіне, қаралып отырған жағдайда «Мега Энерго Сервис» ЖШС-не, кінә ретінде тағуға болмайды.
«Мега Энерго Сервис» ЖШС-нің ұсынған санитарлықэпидемиологиялық қорытындының жарамсыздығы жөнінде жауапкерлер сотқа дәлелдемелер ұсынбаған.
Сондықтан аталған санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды жөнінде соттардың тұжырымы қате болып табылады.
Істің бұл тұрғысында іс бойынша қабылданған сот актілерінің күші жойылуы тиіс.
Сот алқасы істің мән-жайы толық және дұрыс анықтағанын, бірақ соттармен материалдық құқық нормаларын қолдануда қателік жіберілгенін ескере отырып, істі жаңадан қарауға жібермей талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауға жеткілікті негіздер бар деп санайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 қыркүйектегі шешімінің, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысының күші жойылсын.
Іс бойынша жаңа шешім қабылдансын. Талап қоюшы жеке кәсіпкер Бибігүл Бауыржанқызы Әлімханованың жауапкерлер «Шымкент қаласының мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, Шымкент қаласы Білім басқармасының «№102 жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қорытындылар туралы хаттаманы заңсыз деп танып, күшін жою, мемлекеттік сатып алу туралы шартын жарамсыз деп тану, конкурс қорытындыларын қайта қарауды міндеттеу туралы талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Мүдделі тұлға «Мега Энерго Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова
Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс
Судья С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.