6001-21-00-6ап/199
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 14 сәуір Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья С.Ү. Баймаханов,
судьялар Б.Т. Нажмиденов, Ж.Б. Ермағамбетова болып, талап қоюшы А[...], оның өкілдері А[...], С[...] жауапкерлер:
жеке сот орындаушы Қ[...],
«Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамының (бұдан әрі - Банк) өкілі Қ[...],
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейне-конференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы А[...] жауапкерлер Қазақстан Республикасы жеке сот орындаушыларының Қызылорда облысы бойынша өңірлік палатасы жеке сот орындаушысы Қ[...], «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамына, «Б[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, Қазақстан Республикасы жеке сот орындаушыларының республикалық палатасына 2021 жылғы 10 тамыздағы электрондық аукцион қорытындысы туралы хаттаманы жарамсыз деп тану, жеке сот орындаушының 2021 жылғы 16 тамыздағы қаулысына дау айту және «Б[...]» есебін жарамсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 6 қазандағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 2 қарашадағы қаулысына жауапкер «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы А[...] талап қою арызында жеке сот орындаушы (бұдан әрі - ЖСО) Қ[...] 2021 жылғы 10 тамыздағы электрондық аукцион қорытындысы туралы хаттаманы жарамсыз деп тану, жеке сот орындаушының 2021 жылғы 16 тамыздағы қаулысына дау айту және «Б[...]» есебін жарамсыз деп тануды сұраған.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 6 қазандағы шешімімен талап қоюшы А[...] жауапкер ЖСО Қ[...] талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған. 2021 жылғы 10 тамыздағы электрондық аукцион қорытындысы туралы хаттамасы жарамсыз деп танылып, күші жойылған.
Жеке сот орындаушының 2021 жылғы 16 тамыздағы өндірілген ақша сомасын бөлу туралы қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Талап қоюдың «Б[...]» есебін жарамсыз деп тану туралы бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 2 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, талап қоюшы А[...], Банктың апелляциялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылған.
Жауапкер Банк кассациялық шағымында соттармен істің мән-жайларына дұрыс баға берілмегендігін, материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданылмағандығын көрсетіп, бірінші саты шешімі мен сот алқасының қаулысының күшін жоюды сұрайды.
Жауапкердің кассациялық шағымында қолдаған уәждерін, тараптардың пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты апелляциялық сатыдағы сот актісі күшінде қалдырылуға жатады деген тұжырымға келеді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процесстік кодексінің (әрі қарай - ӘРПК) 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым Қазақстан - Республикасы Азаматтық процесстік кодексінің (әрі қарай АПК) ережелерімен белгіленеді.
АПК-нің 427-бабының 1-бөлімі 1) тармағына сәйкес, апелляциялық тәртіппен сот шешімінің күшін жоюға не оны өзгертуге материалдық, процессуалдық құқық нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданбауы негіз болып табылады.
Осы іс бойынша аппеляциялық саты соты аталған заң бұзушылықтарға жол бермеген.
Іс материалдарына сәйкес, Қызылорда қалалық сотының 2021 жылғы 4 ақпандағы шешімімен банктік қарыз шарты бойынша Н[...] берешегін өтеу бойынша міндеттемелерді орындау есебіне 17 703 794 теңге мөлшерінде кепіл беруші А[...] жылжымайтын мүлкіне Қызылорда қаласындағы Хангелдин көшесіндегі №28 тұрғын үй түрінде өндіріп алу қолданылған. Кепілге салынған мүліктің бастапқы сату бағасы 14 474 000 теңге мөлшерінде анықталған.
ЖСО-ның 2021 жылғы 8 шілдедегі қаулысымен атқарушылық іс жүргізу қозғалған.
ЖСО-ның 2021 жылғы 24 маусымдағы қаулысымен тыйым салынған мүлік сатуға берілген.
Даулы мүлік 2021 жылғы 10 тамыздағы электрондық аукционда 9 697 580 теңгеге сатылып, аукцион жеңімпазы ретінде Банк танылған. Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы №100 бұйрығымен бекітілген Тыйым салынған мүлікті, оның ішінде электрондық аукцион нысанындағы сауда-саттықта өткізу қағидаларының (бұдан әрі -Қағида) 39-тармағында электрондық аукционың қорытындысы туралы хаттамада аукционның әрбір қатысушының атауы, олар ұсынған баға, сондай-ақ әрбір қатысушы ұсынылған лоттың бағасына шерту уақыты көрсетіле отырып, аукционның әрбір қадамының тарихы көрсетілуі тиіс екені бекітілген. Қағиданың 3-қосымшасында жоғарыда көрсетілген міндетті мәліметтерді қамтитын хаттаманың нысаны келтірілген.
Бұл талаптар электрондық сауда-саттықтың ашықтығын және әділдігін қамтамасыз ету үшін қойылған. Аукционың нәтижесіне мүдделі тұлғалардың (борышкердің, мүлік иесі үшінші тұлғаның) құқықтары бұзылмауын қамтамасыз ету үшін белгіленген.
Аукцион қорытындыларын жоя отырып, апелляциялық саты Қағида ережелерін басшылыққа ала отырып, 2021 жылғы 10 тамыздағы электрондық аукцион хаттамасында аукционға қатысушылардың атауы, олар ұсынған баға, сондай-ақ лоттың ұсынған бағасын ұсыну уақыты туралы ақпарат бар деген дұрыс қорытындыға келді. Алайда, аукционның басталу уақыты, өткізілген аукционның қадамдық тарихы хаттамада көрсетілмегендіктен, Қағидалардың 39-тармағының бұзылған.
Одан бөлек Қағиданың 38-2- тармағында: егер электрондық аукцион барысында лоттың бағасын төмендету әдісімен лоттың бағасын бір қадамға төмендету басталғаннан бастап бес минут ішінде екі немесе одан да көп қатысушылар лоттың ұсынылған бағасын растаса, аукционға қатысушыларға лоттың бағасын бір қадамға ұлғайту туралы ұсыныс жіберілетіні, аукционға қатысушылардың біреуі белгіленген қадамға ұлғайтылған лоттың бағасын растау кезінде электрондық аукцион арттыру әдісімен жалғасатыны жөнінде ереже қамтылған.
Көрсетілген талаптың сақталуы сауда-саттық қорытындылары туралы хаттамада да көрсетілмеген.
Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 8-бабының бесінші бөлігіне сәйкес азаматтар мен заңды тұлғалардың басқа адамға зиян келтіруге, құқықты өзге нысандарда теріс пайдалануға, сондай-ақ құқықты оның мақсатына қайшы келетіндей етіп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттеріне жол берілмейді.
Алқаның пікірінше, Банктің кепіл мүлкінің құнынан қарыз қаражатын қайтару құқығы кепіл берушілердің жылжымайтын мүлікті сатуға құқығын оның нарықтық сату құнын белгілей отырып бұзбауы тиіс.
Бұл қағидат тыйым салынған мүлікті сату тәртібін реттейтін заңнаманың келесі өзгерістерін көрсетеді.
2021 жылғы 31 желтоқсандағы жаңа редакциядағы Заңның 80-бабының 3-тармағына және ҚР Әділет министрінің 2022 жылғы 02 наурыздағы №177 бұйрығымен Қағидалардың 38-тармағына өзгерту енгізілгендіктен, өткізілетін мүліктің бастапқы бағасы қатысушылардың бірі мүлікті жарияланған бағамен сатып алуға келіскен кезге дейін белгіленген қадаммен төмендетіледі, жылжымайтын мүліктің бағасы электрондық аукционға шығарылған мүліктің «Б[...]» құнының жетпіс бес пайызынан төмен болмауы тиіс.
Заңға және Қағидалардың 38-тармағына көрсетілген өзгерістер атқарушылық құжаттар бойынша борышкер азаматтардың жағдайын жақсартады, сондықтан «Құқықтық актілер туралы» Заңның 43-бабының 2- бөлігі негізінде кері күшке ие болады. Аукционды өткізу қорытындыларын заңсыз деп тануына байланысты, 2021 жылғы 16 тамыздағы ақша қаражатын бөлу туралы ЖСО қаулысының да күші жойылған.
АПК-нің 76-бабының екінші бөлігі бойынша соттың бұрын қаралған азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген шешімімен немесе қаулысымен анықталған мән-жайлар сот үшін міндетті, сол тұлғалар қатысатын басқа да істерді талқылау кезінде қайта дәлелденбейді.
«Б[...]» туралы есепті даулау туралы талаптар бөлігіндегі дауды шеше отырып, соттар кепілдік мүліктің бастапқы сату бағасы күшіне енген сот актісімен белгіленгенін, оның шеңберінде 2020 жылғы 18 қыркүйектегі ««Б[...]»» ЖШС есебіне құқықтық баға берілгенін дұрыс негізге алды. Осыған байланысты сот актілері қайта қаралуға жатпайды.
Апелляциялық сатыдағы сот істің мән-жайын дұрыс анықтағандықтан, материалдық және іс жүргізу құқығының нормалары дұрыс қолданылғандықтан, сот актілерінің күшін жою үшін негіздер таппайды, мүдделі тұлғаның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігіне және АПК-нің 451-бабының 2- бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 6 қазандағы шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 2 қарашадағы қаулысы күшінде, жауапкер «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Б. Нажмиденов Ж. Ермағамбетова Көшірмесі дұрыс Судья
Ж. Ермагамбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.