6001-24-00-3г/26
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 19 ақпан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ш.С.Иманиязова талап қоюшы С[...] жауапкерлер Түркістан қаласының әкімдігіне, Түркістан қаласы әкімдігінің «Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі» ММ-ге, «Түркістан қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» ММ-ге, «Түркістан облысы құрылыс басқармасы» ММге жер учаскесін мәжбүрлеп босату және жер учаскесінде орналасқан мүліктерді бұзуға міндеттеу туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 18 қазандағы шешімін және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы С[...] өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 18 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхатта арызданушы жергілікті соттардың қабылдаған шешімдерімен келіспей, тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін көрсетіп, дау сот актілерінің күшін жойып, азаматтық істі жаңадан қарауға жіберуді сұраған. Жергілікті соттар тарапынан мұндай заң бұзушылықтарға жол берілгені туралы өтінішхат иесінің уәждері кассациялық сатының сот отырысында зерттеліп қаралуға жатады.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 449-бабының 2-бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде өтiнiшхаттың шегiнен шығуға және шағым жасалған сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.
Іс құжаттарынан және сотта анықталғандай, 2014 жылғы 10 ақпандағы сыйға тарту шарты негізінде Түркістан қаласы, [...] мекенжайда орналасқан жер учаскесімен (кадастрлық №[...]), осы жер учаскесінде орналасқан ғимаратты (бұдан әрі – мүлік) Р[...] К[...] сыйға тартқан.
Аталған мүлік алаңы 0,32948 га жер учаскесімен 2017 жылғы 4 сәуірде С[...] сатылған.
2019 жылғы 22 қазандағы сатып алу-сату шартына сәйкес 2019 жылғы 10 қазанда С[...] атынан берілген сенімхат арқылы К[...] мүлікті жер учаскесімен О[...] сатқан, аталған шарт тіркеуден өткен.
2019 жылғы 26 желтоқсанда Түркістан қаласы әкімдігінің «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін және өзге де жылжымайтын мүліктерді мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы» қаулысына сәйкес 2020 жылғы 17 наурызда «Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі» ММ мен О[...] арасында жер учаскесінің және жер учаскесінде орналасқан құрылыс нысанының ақысын төлеу туралы шарт жасалып, осы шарт негізінде 2020 жылғы 19 наурызда О[...] 245 854 000 теңге төленген.
Түркістан қаласы әкімдігінің 2020 жылғы 28 сәуірдегі №779 қаулысымен аталған мүлік мемлекет мұқтажы үшін алынған.
Түркістан облыстық сотының 2020 жылғы 27 тамыздағы қаулысымен Түркістан қалалық сотының 2020 жылғы 25 мамырдағы шешімі өзгертіліп, С[...] берген сенімхаты заңсыз және сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылған.
Түркістан облыстық сотының 2021 жылғы 28 маусымдағы қаулысымен Инфрақұрылым бөлімі мен О[...] арасында жасалған жер учаскесінің және құрылыс нысанының құнын төлеу туралы шарт жарамсыз деп танылған.
Түркістан қалалық сотының 2021 жылғы 7 қазандағы шешімімен О[...] шарт негізінде төленген 245 854 000 теңгені кері қайтару міндеттелген.
«Түркістан облысының қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы» ММ-нің 2022 жылғы 12 сәуірдегі бұйрығына сәйкес Құрылыс басқармасының теңгеріміндегі: Түркістан қаласы, 020 квартал, 1406 участок мекенжайында орналасқан «Түркістан қаласында Рухани - мәдени орталық пен «Керуен - сарай» тұрғын үй алабы аумағында кварталішілік, алаңішілік инженерлік инфрақұрылым құрылысы және абаттандыру «2-ші кезең» нысандары Түркістан қаласының коммуналдық меншігіне берілген. Түркістан облысының әкімшілік сотының 2023 жылғы 6 ақпандағы ұйғарымымен С[...] Түркістан қаласы әкімдігінің 2020 жылғы 28 сәуірдегі № 779 қаулысының күшін жою, сәйкестендіру актіні жасаудан бас тарту әрекетін заңсыз деп тану, жер учаскесіне қатысты қолайлы акт қабылдауды міндеттеу туралы талап қоюы кері қайтарылған.
Түркістан облыстық сотының 2023 жылғы 22 мамырдағы ұйғарымымен аталған ұйғарым өзгеріссіз қалдырылған.
Аталған әкімшілік іс қазіргі уақытта С[...] кассациялық шағымымен Жоғарғы Соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасында қаралуда.
Түркістан қаласы, [...]«Б» мекенжайда орналасқан кадастрлық №[...] жер учаскесі мен осы жер учаскесінде орналасқан мүліктерге өлшеу жұмыстарын жүргізу туралы соттың ұйғарымына мамандар жер учаскесі әкімдіктің қаулысымен мемлекет меншігіне өткендіктен, жер учаскесінің нақты көлемін, онымен жапсарлас орналасқан жер учаскелерінің шекарасын, қандай құрылыс нысандары барын, құрылыс нысандарының көлемін, ұзындығын анықтауға мүмкіндік жоқ екені хабарлаған.
Жергілікті соттар, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 188, 244, 260-баптарының талаптарын ескере отырып, АПК-нің 225-бабының 2-тармағына сүйеніп, талап қоюшының талабын негізсіз деп санаған, өйткені даудың нысанасы әкімдіктің қаулысымен мемлекет мұқтажы үшін мемлекет меншігіне алынған және бұл қаулы бүгінгі таңда бұзылмаған деп тұжырымдаған.
Даулы мүлікке қатысты әкімдіктің қаулысының мәселесі шешілмей, талап қоюшының талабын қанағаттандыруға негіз жоқ деп сот тапқан. Арызданушы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ-ның 2023 жылғы 3 қарашадағы, яғни «қазіргі уақытта құрылыс нысандарының көлемін, ұзындығын анықтауға мүмкіндік бар екені туралы жауап хатын жергілікті соттар ескермеген, ол туралы сот актісінде көрсетпеген деп уәждеген. Алайда, жергілікті соттар Түркістан қаласы әкімдігінің 2020 жылғы 28 сәуірдегі № 779 қаулысының пайда болуына негіз болған құжаттың күші сот шешімімен жойылғанына назар аудармаған және бұл мәселелерді соттар зерттемегенін өтінішхатта арызданушы алға тартқан.
«Мәмілелер жарамсыздығының және олардың жарамсыздығының салдарларын соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 7 шілдедегі № 6 нормативтік қаулысының 22-тармағына және «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 33-бабына сәйкес құқықтық кадастрдың тіркеу парағындағы жазбалардың күшін жоюды соттың заңды күшіне енген шешімінің негізінде тіркеуші орган жүзеге асырады, ауыртпалықтар болған кезде жылжымайтын мүлікке құқықтың туындағанын тіркеу туралы жазбаның күші жойылған жағдайда тіркеуші орган сот актісі келіп түскен күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде кепіл ұстаушыны немесе шешімі бойынша шектеу қойылған тиісті уәкілетті органды құқықтық кадастрдың тіркеу парағындағы жазбаның күші жойылғаны туралы хабардар етуге тиіс.
Жергілікті соттар осы заң талаптарын және заңды күшіне енген шешімдерді ескермей, әкімнің № 779 қаулысын дәлелдемелер қатарына жатқызғаны негізсіз деп өтінішхаттың иесі назар аударған.
Іс материалдарын алдын ала зерделеу, арызданушының өтінішхатында келтірген уәждері және жоғарыда көрсетілген түйіндер дау айтылған сот актілерін қайта қарау үшін кассациялық сатының сот мәжілісінде қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді.
АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 18 қазандағы шешімін және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхатты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.
Судья Ш.Иманиязова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.