Қ А У Л Ы
№6003-25-00-2к/599
2025 жылғы 6 қазан Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші - судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Айкенова, Д.Д. Махметова,
талап қоюшылардың өкілі - Е.С. Ұзақбайдың, жауапкерлер «Caspian Offshore Construction Realty» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Н.Б.Сихарулидзенің, «КӘСІБИ ТАҢДАУ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі О.С.Панкратенкованың,
үшінші тұлға - «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі А.А.Аристанбаеваның,
аудармашы А.Қазыбекқызының қатысуларымен,
бейнеконференц байланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшылар Айгуль Танатаровна Байкенованың, Дауит Кабсалимович Бекшоиновтың, Еркебулан Даулетиярович Даулетияровтың, Амантай Альмуханович Джакуповтың, Орын Агингалиевич Дюмбаевтың, Наурызбай Аккуанович Жалгасбаевтың, Медет Халиматович Кабделовтың, Аскар Айтбаевич Кузенбаевтың, Махамбет Магзамұлы Магилановтың, Халих Алшинович Макимовтың, Казбек Маратулының, Максот Уринбасарович Мухтаровтың, Нурсейт Адайбаевич Нуршаловтың, Марьям Жумабаевна Сагиндыкованың, Турсынгали Мухитович Таутеновтың, Жеткизген Бектлеуович Тулеубаевтың, Бекболат Куанышевич Уразовтың, Максот Сембаевич Джагалбаевтың, Мейрамбай Оразалыұлы Оразалының, Мингажетдин Тимергалиевич Исанбаевтің, Шапағат Ғаниұлы Ғаниевтың, Бауыржан Едигеевич Макимовтың, Алибек Жумахметович Умаровтың жауапкерлер «Caspian Offshore Construction Realty» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «КӘСІБИ ТАҢДАУ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 1) «Caspian Offshore Construction Realty» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысқа тарту мерзімінің аяқталуы туралы хабарламаларды негізсіз және заңсыз деп тану туралы;
«Caspian Offshore Construction Realty» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшыларының әрекеттерін еңбек қатынастарындағы қудалау деп тану туралы;
2021 жылғы 3 наурыздағы №002-2021 персонал беру жөніндегі қызметтер көрсетуге арналған шартының 6.3 тармағының талаптары сақталмаған және орындалмаған деп тану туралы;
Персонал беру жөніндегі қызметтер көрсетуге арналған шартында және «Кәсіби Таңдау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің талап қоюшылармен рәсімделген еңбек шарттарының 2.1-тармағында белгілі бір жұмысты орындау уақыты мен түрі заңға қайшы белгіленбеген деп тануды және оларды белгілеуді міндеттеу туралы;
Еңбек шарттарын тоқтату туралы бұйрықтарының күшін жою туралы;
Жұмысқа қайта алдырту туралы;
Мәжбүрлі түрде бос жүрген уақытқа еңбекақыны өндіру туралы; 8) Моральдық залал өтемақысын өндіру туралы іс бойынша қабылданған
Атырау қалалық сотының 2024 жылғы 09 қыркүйектегі шешімі мен ұйғарымына, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қаңтардағы қаулысына талап қоюшылардың кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Атырау қалалық сотының 2024 жылғы 09 қыркүйектегі шешімімен талап қоюшылардың жауапкерлер «Caspian Offshore Construction Realty» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (әрі қарай - ЖШС), «КӘСІБИ ТАҢДАУ» ЖШС-не, «Caspian Offshore Construction Realty» ЖШС-і басшыларының әрекеттерін еңбек қатынастарындағы қудалау деп тану, 2021 жылғы 3 наурыздағы персонал беру жөніндегі қызметтер көрсетуге арналған шартының 6.3 тармағының талаптары сақталмаған және орындалмаған деп тану, персонал беру жөніндегі қызметтер көрсетуге арналған шартында және «Кәсіби Таңдау» ЖШС-нің талап қоюшылармен рәсімделген еңбек шарттарының 2.1-тармағында белгілі бір жұмысты орындау уақыты мен түрі заңға қайшы белгіленбеген деп тануды және оларды белгілеуді міндеттеуді, еңбек шарттарын тоқтату туралы бұйрықтарының күшін жою, жұмысқа қайта алдырту, олардың пайдасына мәжбүрлі түрде бос жүрген уақытқа еңбекақыны және моральдық залал өтемақысын өндіру туралы талап қою д ы қанағаттандырудан бас тартылған.
Осы соттың 2024 жылғы 09 қыркүйектегі ұйғарымымен талап қоюшылардың жауапкерлер «Caspian Offshore Construction Realty» ЖШС-не, «КӘСІБИ ТАҢДАУ» ЖШС-не жұмысқа тарту мерзімінің аяқталуы туралы хабарламаларды негізсіз және заңсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша іс жүргізу тоқтатылған.
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қаңтардағы қаулысымен аталған сот шешіші мен ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымда талап қоюшылар қабылданған сот актілерімен келіспей, олардың күшін жойып, материалдық және процестік нормалары дұрыс қолданбағандығын, еңбек қатынастарын тоқтату тәртібінің сақталмауын, еңбек шартының мәнін қате бағалағанын, іс мән-жайларының толық зерттелмегенін көрсетіп, жаңа шешім қабылдап, талап қоюды толығымен қанағаттандырып, талап қоюшыларды бұрынғы жұмыстарына қайта орналастырып, жауапкерлерден моральдық зиян мен мәжбүрлі бос жүрген уақыт үшін жалақыны өндіруді сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушыларды тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі негіздерге байланысты сот актілері күшінде қалдыруға жатады деп санайды.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Соттар Заң талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мәнжайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге соттар заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
Анықталғандай, «КӘСІБИ ТАҢДАУ» ЖШС-нің әрекетіне қызметтің барлық түрлерін көрсету, соның ішінде ұлттық компаниялар құрған ұйымдарды қоспағанда, еңбек ресурстарымен (кадрлармен) қамтамасыз ету жөніндегі қызмет және тасымалдау мен жіберу кіреді.
2021 жылғы 3 наурызда «Caspian Offshore Construction Realty» ЖШС-гі (қабылдаушы тарап) мен «КӘСІБИ ТАҢДАУ» ЖШС-нің (жіберуші тарап) арасында персоналды ұсыну жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шарты жасалған. Осы шартқа сәйкес Жіберуші тарап Қабылдаушы тараптың мүддесінде, жұмысты орындау үшін өз қызметкерлерін (персоналын) жіберуге міндеттенген.
Персоналды ұсыну бойынша тараптардың аталған шарты аясында 2023 жылғы 3 наурызда қабылдаушыдан жіберушінің атына қызметкерлердің тізімі көрсетіле отырып, персоналды ұсынуға өтінім келіп түскен.
Өтінімнің негізінде талап қоюшылар мен «КӘСІБИ ТАҢДАУ» ЖШСнің арасында еңбек шарттары жасалған.
2024 жылғы сәуір мен мамыр айларында қабылдаушы тарап персоналды ұсыну бойынша қызметтер көрсетуге арналған шартының 6.2. тармағын негізге алып, жіберуші тарапқа тарту мерзімінің аяқталғаны туралы хабарламаларды жолдап, жұмысшылардың қызметінен бас тартқан.
«КӘСІБИ ТАҢДАУ» ЖШС-мен аталған хабарламалар назарға алына отырып, талап қоюшылармен еңбек шарттары мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатылған. Жауапкердің бұл әрекеттері Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (әрі қарай - Еңбек кодексі) 49-бабының 2)-тармақшасына, 51 - бабының 1,3 тармақтарына сай.
Соттармен анықталғандай талап қоюшылардың әрқайсысы Еңбек шарттарымен олар жасалған күні танысып, оған қолдарын қойған және көшірмелерін алған.
Еңбек шартының жекелеген тармақтарына келіспеген, сондай-ақ оған қол қоюға мәжбүрлеу жағдайлары орын алған болса, олардың мезгілінде тиісті органдарға (сот, прокуратура, еңбекті бақылау инспекциясы) шағым жасауға құқықтары мен мүмкіндіктері болған, алайда олардың тараптарынан бұл сипаттағы әрекеттер жасалмаған.
Аталған Еңбек шарттары жасалған күннен бастап бірнеше ай жіберілген жұмыстарды орындаумен айналысқан. «Кәсіби Таңдау» ЖШС-гі
мен жасалған Еңбек шарттарын тоқтату туралы бұйрықтар шығарылғаннан кейін ғана дау туындаған.
Еңбек шарттары мен 2021 жылғы 3 наурызда «Caspian Offshore Construction Realty» ЖШС-гі мен «КӘСІБИ ТАҢДАУ» ЖШС-нің арасында жасалған персоналды ұсыну жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шарты азаматтық және еңбек заңнамаларының талабына сай жасалғандықтан, талап қоюдан бас тарту туралы шешімі негізді.
Еңбек кодексінің 137-1-бабының 4-тармағы бойынша, қабылдаушы тарап жіберуші тарапқа жіберетін, жіберуші тараптың жұмыскерлерін қабылдаушы тараптың тарту мерзімінің аяқталғаны туралы хабарламада көрсетілген күн жіберуші тарап жұмыскерінің қабылдаушы тараптағы жұмысының аяқталған күні болып табылады.
Бұдан басқа, персоналды ұсыну жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шарты «Caspian Offshore Construction Realty» ЖШС-гі мен «КӘСІБИ ТАҢДАУ» ЖШС-нің арасында жасалғандықтан, талап қоюшылар ол шарттың тарабы болып келмейді. Сондықтан ол шарттың қандай-да болмасын тармағын жарамсыз деп тануды талап етуге заңды құқықтары жоқ.
Істің бұл мән-жайында талап қоюшылардың жауапкер «Caspian Offshore Construction Realty» ЖШС-гі оларға жұмыс беруші болмағандықтан, ол серіктестіктің әрекеттерін даулауға жеткілікті негіздер болмаған.
Сонымен қатар, Атырау облысының мемлекеттік еңбек инспекциясының «КӘСІБИ ТАҢДАУ» ЖШС-ін Еңбек кодексінің талаптарын сақтау бойынша жоспардан тыс тексеру нәтижесі туралы 2024 жылғы 24 мамырдағы актіге сәйкес еңбек шарттарын тоқтату тәртібі бөлігінде бұзушылық анықталмаған. Өз кезегінде, талап қоюшылар АПК-нің 72-бабына сәйкес жауапкерлердің уәждерін теріске шығаратын нақты дәлелдемелерді сотқа ұсынбаған.
Анықталған мән-жайларға байланысты кассациялық сот бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту және бірінші сатыдағы соттың талап қоюдың бөлігі бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы түйіндерімен келіседі.
Шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық баға берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерін жоюға немесе өзгертуге негіз болатын құқық нормаларын бұзу анықталмады. Сондықтан сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдыруға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Атырау қалалық сотының 2024 жылғы 9 қыркүйектегі шешімі мен ұйғарымы, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қаңтардағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.С.Джаппарова судьялар А.К.Айкенова
Д.Д. Махметова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.