Қ А У Л Ы
2026 жылғы 18 маусым №6003-26-00-2к/2305 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,
арыз беруші К[...], оның өкілі Б[...],
«Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамының өкілі К[...],
бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуымен, ашық сот отырысында арыз беруші К[...], мүдделі тұлғалар: «ForteBank» акционерлік қоғамына (бұдан әрі - АҚ), «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ы, сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арызы бойынша электрондық азаматтық істі Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 11 наурыздағы қаулысына арыз берушінің келтірген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Арыз беруші сотқа өзіне қатысты сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арызбен жүгініп, оны тұрақты табыс көзінің және несиелер бойынша қарызды төлеуге мүмкіндігінің жоқтығымен негіздеген.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 8 желтоқсандағы шешімімен арыз қанағаттандырылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 11 наурыздағы қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.
Арызданушы кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы соттың істің мән жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп, оның сот актісінің күшін жойып, бірінші саты сотының шешімін күшінде қалдыруды сұрайды.
Арызданушының және оның өкілінің кассациялық шағымды қолдаған пікірлерін, үшінші тұлғаның өкілінің қарсылығын тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі- АПК) 438 - бабының 5 - бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427 - бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434 - бабының 1- бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Апелляциялық сатыдағы сотпен мұндай заң бұзушылыққа жол берілмеген.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 4-бабына сай азаматтарға төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін, сондай-ақ соттан тыс және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану мынадай қағидаттарға негізделеді: 1) заңдылық; 2) әділдік; 3) жариялылық пен ашықтық; 4) мемлекеттік реттеу; 5) азаматтардың адалдығы; 6) салдардың басталуы.
Б[...] К[...] кредиторлар: «ForteBank», «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамдарының алдында несиелер бойынша жалпы қарызы 8 057 815 теңгені құрайды.
Қаржы басқарушысы қорытындысында арыз берушінің төлемге қабілетсіз және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға негіздер бар екенін көрсетіп, арыз берушінің жалпы берешек мөлшері 1600 айлық есептік көрсеткіштен асатынын, соңғы он екі айда арыз берушінің банктік шарттары бойынша қаражаттарының қозғалысы анықталмағанын негізге алған.
Апелляциялық сатыдағы сот арыз берушіге «ForteBank» АҚ-мен 2023 жылғы 18 қаңтардағы қарыз шартына сай берілген 4 952 573 теңге несие «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның, «Kaspi Bank» АҚ-ның, «Банк ЦентрКредит» АҚ-ның алдындағы берешегін қайта қаржыландыру мақсатында берілгенін, алайда, ол бұл несиемен берешегін жаппай, ол қаражатты белгісіз мақсатта жұмсағанын анықтаған.
Сонымен қатар, борышкер К[...] еңбекке қабілетті бола тұра, жұмыссыз ретінде тіркелмегенін, анасының атына рәсімделген «[...]» маркалы автокөлікті пайдаланып жүргенін, алайда қарызды қайтаруға ешқандай әрекет жасамағанын ескерген.
Мұндай жағдайда апелляциялық сатыдағы соттың арыз берушінің адалдық, парасаттылық және әдiлдік принциптерін сақтамай, қарызын жабудан жалтарып отырғаны туралы тұжырымы істің мән жайына және заң талаптарына сай келеді. Сондықтан соттың Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 8-бабына сай борышкердің құқығын қорғаудан бас тартқаны орынды.
Кассациялық шағымда келтірілген уәждер дәлелдемелерді қайта бағалауға бағытталған. Сотта іс бойынша маңызы бар дәлелдемелер тексерілген, дұрыс бағасы берілген, тиісті заң нормалары дұрыс қолданылған. Шағымдалған сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 11 наурыздағы қаулысы күшінде, арыз берушінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Ғ.Бастаубаев
Төрағалық етуші судья
Судьялар Н.Жумагулова
Н.Косанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.