ВС РК - Постановление от 05.12.2024 по делу 6001-24-00-6ап/1219 (Административное)

№6001-24-00-6ап/1219

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 5 желтоқсан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып,

талап қоюшының өкілі М.К.Менисбаевтың қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Айман Сапаргалиевна Базарованың жауапкер Шардара ауданы әкіміне жауапкердің іс-әрекетін заңсыз деп тану, қолайлы шешім қабылдауды міндеттеу, 2023 жылғы 6 қаңтардағы №3 қаулысын заңсыз деп танып күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 22 тамыздағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 ақпандағы қаулысына талап қоюшының өкілі М.К.Менисбаевтың келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

А.С.Базарова жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 22 тамыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен талап қоюшы өкілінің пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.

Соттармен анықталғандай, Шардара ауданы әкімдігінің 2006 жылғы 27 наурыздағы №186 және 2007 жылғы 30 мамырдағы №178 қаулыларымен кадастрлық №19-301-001-498, №19-301-013-1158, №19-301-013-1159 жер телімдері мүдделі тұлғалар Н.Серманизов пен А.Байсеитовадан уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен берілген.

2023 жылғы 2 наурыздағы №1022, №1024 және №1026 келісім-шарттар негізінде аталған жер телімдерінің уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы (жалға) жоғарыдағы мүдделі тұлғалардан талап қоюшы А.Базароваға сатылған.

Өз кезегінде, талап қоюшымен сатып алу келісім-шарттары уәкілетті органға тіркеліп, 2023 жылғы 29 наурызда Шардара ауданы әкіміне осы жер учаскелерге ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мақсатындағы уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын және қалған жалға алу мерзімін көрсетіп бекітіп беруді сұраған өтініш берілген.

Жауапкердің 2023 жылғы 18 сәуірдегі жауап хатымен Шардара ауданы әкімдігі тарапынан аталған жер телімдеріне қатысты 2006 жылғы 27 наурыздағы №186 және 2007 жылғы 30 мамырдағы №178 қаулылары шығарылмағанын көрсетіп, өтінішін қанағаттандырудан бас тартылған.

Шардара ауданы әкімінің 2023 жылғы 6 қаңтардағы №3 қаулысымен кадастрлық №19-301-013-1158, №19-301-013-1159 жер учаскелері Шардара ауданның арнайы жер қорына енгізілген.

Жауапкердің уақытша өтеулі жер пайдалану құқығына бас тарту әрекетімен келіспей, талап қоюшы сотқа талап қоюмен жүгінген.

Жергілікті соттар, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартып, келесі мән- жайларға назар аударылған.

«Жетісай өңірлік мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2023 жылғы 4 тамыздағы жауап хатында Шардара ауданы әкімімен 2006 жылдың 18 мамырында шығарылған №186 қаулысының мәтінінде «Шардара ауданындағы ірі және созылмалы өрттерді сөндіруге бағытталған шаралар жөніндегі штаб құру» туралы көрсетілген. Сонымен қатар, Шардара ауданы әкімімен 2007 жылдың 12 наурызында шығарылған №178 қаулысында «Камбаров Бадирдиннің «Анашбек» шаруа қожалығына жер учаскесін уақытша өтеулі ұзақ мерзімге жалға беру» туралы көрсетілген.

Бұдан бөлек, «Түркістан облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2023 жылғы 1 тамыздағы және «Шардара аудандық мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2023 жылғы 2 тамыздағы жауап хаттарында Шардара ауданы әкімдігінің 2006 жылғы 27 наурыздағы №186 және 2007 жылғы 30 мамырдағы №178 қаулылары сақтауға түспегенін хабарлаған.

Бұл мән-жайлар, жоғарыдағы қаулылардың шынайылығына күмән туғызады, сондықтан, мүдделі тұлғалардың атына рәсімделген даулы қаулылар, қандай да бір құқықтық мәнге ие емес және оған құжат ретінде баға берілуге жатпайды.

Аталған жағдайда, соттардың талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру жөніндегі тұжырымы заңды және негізді болып саналады.

Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.

Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.

Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 22 тамыздағы шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының өкілі М.К.Менисбаевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова Көшірмесі дұрыс. Судья

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.