ВС РК - Постановление от 22.06.2021 по делу 6001-21-00-3гп/237 (Гражданское)

6001-21-00-3гп/237

Қ А У Л Ы

2021 жылғы 22 маусым Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында

төрағалық етуші судья Н.Қ. Сұлтанов, судьялар Б.Р. Ералиева, Р.А. Қуанышбаева, прокурор Д[...],

«Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілі Б[...], «АОВК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері К[...], С[...]

қатысуымен мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы ашық сот отырысында «АОВК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің А[...] облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 6 қазандағы шешімін, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 8 қаңтардағы қаулысын қайта қарау туралы өтінішхатымен талап қоюшы «Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкер «АОВК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ақшалай соманы бюджетке кері өндіру туралы талап қою арызымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

«Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Мекеме, тапсырыс беруші) жауапкер «АОВК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – Серіктестік, өнім беруші) 160 313 800 теңгені бюджетке кері өндіру туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 6 қазандағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылған.

Серіктестіктен мемлекет кірісіне 160 313 800 теңге ақшалай сома, 4 809 414 теңге сот шығындары өндірілген.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 8 қаңтардағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Серіктестік өтінішхатта істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанына сілтеме жасап, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, іс бойынша талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Сот алқасы іс бойынша жауапкер өкілдерінің өтінішхатты қолдаған түсінігін, талап қоюшы өкілінің өтінішхатты қанағаттандыруға қарсы екендігі туралы пікірін, прокурордың өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыру туралы қорытындысын тыңдап, өтінішхаттың уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерттеп, келесідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттар жол берген. Азаматтық іс құжаттарынан анықталғандай, 2018 жылғы 13 желтоқсанда Мекеме мен Серіктестік арасында Атырау облысының құрама командасын 2018 жылда волейболдан республикалық және халықаралық спорттық жарыстарына дайындау және қатыстыру қызметіне ақы төлеу туралы мемлекеттік сатып алу туралы №73 шарт (бұдан әрі - шарт) жасақталған.

Шарт бойынша Серіктестік (өнім беруші) аталған қызметті көрсетуге, ал Мекеме (тапсырыс беруші) көрсетілген қызметтерді қабылдап, оның ақысын төлеуге міндеттенген. Шарттың жалпы құны 160 313 800 теңге, міндеттемелерді орындау мерзімі 2018 жылдың 31 желтоқсанға дейін белгіленген.

2018 жылғы 26 қыркүйек – 12 желтоқсан аралығында көрсетілген қызметтер үшін 2018 жылғы 13 желтоқсандағы №4-ші жұмыстарды орындау актісі жасалып, тараптармен қол қойылған. Аталған актінің негізінде тапсырыс беруші 2018 жылғы 14 желтоқсандағы төлем шотымен өнім берушіге 160 313 800 теңгені төлеген.

Атырау қалалық прокуратурасының тапсырыс берушіге 2020 жылғы 13 қаңтарда жолданған ұсынуына сәйкес шарт бойынша тек 2018 жылдың 13-31 желтоқсаны аралығында көрсетілген қызмет үшін төлем жасауға міндетті болғандығына қарамастан, шарт жасалғанға дейінгі мерзімде істелінген қызметтерге 160 313 800 теңге заңсыз төленгендігін көрсетіп, қаржыны бюджет кірісіне қайта өндіруді сұрағандықтан, Мекеме осы талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Мекеменің талап арызын қанағаттандыру барысында жергілікті соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 272, 277баптарында белгіленгендей міндеттеме шарттар мен заң талаптарына сай тиісінше және мерзімінде орындалуға тиіс жөніндегі талаптарға сілтеме жасаған.

Шарттың 8.1-тармағы бойынша шарт тапсырыс беруші оны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің аумақтық қазынашылық органында тіркегеннен кейінгі күннен бастап күшіне енетіні, ал шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын 1-қосымшасында қызметтерді көрсету мерзімі 2018 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгіленгенін ескеріп, тараптардың

міндеттемелері 2018 жылғы 13 желтоқсанында басталып, 2018 жылғы 31 желтоқсанда аяқталуы тиіс болған деп тапқан.

АК-нің 386-бабының 1-тармағында көрсетілгендей шарт оны жасасқан кезден бастап күшiне енедi және тараптар үшiн мiндеттi болып табылады. Мекеменің сотқа ұсынған есебіне сәйкес жауапкерге талап қоюшы 2018 жылдың 13 - 31 желтоқсан аралығында көрсетілген қызметі үшін төлем жасауға міндетті болғанына қарамастан, 2018 жылғы 26 қыркүйек - 12 желтоқсан аралығында көрсетілген қызметтері үшін 160 313 800 теңге заңсыз төлеген деп негіздеген.

Алайда, жергілікті соттардың мұндай тұжырымдарымен келісуге болмайды.

АПК-нің 15-бабының 1-3-бөліктеріне сәйкес азаматтық сот ісін жүргізу тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы негізінде жүзеге асырылады. Азаматтық процеске қатысатын тараптарға осы Кодексте өзінің ұстанымын қорғауға тең мүмкіндіктер берілген.

Тараптар азаматтық сот ісін жүргізу барысында өз ұстанымын, оны қорғау тәсілдері мен құралдарын өз бетінше және соттан және іске қатысатын басқа да адамдардан тәуелсіз таңдайды.

Сот объективтілікті және бейтараптылықты сақтай отырып, процеске басшылықты жүзеге асырады, тараптардың істің мән-жайларын толық және объективті зерттеуге арналған процестік құқықтарын іске асыруы үшін қажетті жағдайлар жасайды.

«Сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының 5-тармағында АПК-нің 224-бабына сәйкес сот шешімі заңды және негізді болуға тиіс екендігі түсіндірілген.

Шешiм iс жүргiзу құқығының нормалары сақтала отырып және осы құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестiкте шығарылғанда немесе ұқсас қатынасты реттейтiн заңның қажеттi негiздерiн қолданғанда не азаматтық заңнаманың жалпы бастауларынан және мәнiнен, адалдық, парасаттылық пен әдiлдiк (АК-нің 5- бабы және АПК-нің 6-бабы) талаптарынан туындағанда, заңды болып табылады. Осы іс үшін маңызы бар фактілерден, олардың қатыстылығы, жол берілетіндігі және анықтығы туралы заңның талаптарын қанағаттандыратын сот зерттеген дәлелдемелермен расталған немесе дәлелдеуді қажет етпейтін және жиынтығында дауды шешу үшін жеткілікті жалпыға мәлім мәнжайлардан тұратын шешім негізді болып саналады.

Апелляциялық сатыдағы сот АПК-нің 412-бабына сәйкес апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты бойынша істе бар және осы Кодекстің 413бабы 2-бөлігінің талаптарына сәйкес ұсынылған материалдар бойынша істің нақты мән-жайларын анықтаудың, материалдық құқық нормаларын қолдану мен түсіндірудің дұрыстығын, сондай-ақ істі қарау және шешу кезінде азаматтық процестік заң нормаларының сақталуын тексереді.

Жергілікті соттармен жоғарыда келтірілген құқық нормалары сақталмаған. Соттардың талап қоюдың негізділігі туралы тұжырымдары мерзімінен бұрын жасалған болып табылады, себебі олар істің белгіленген мән-жайларына сәйкес келмейді, материалдық және процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанына негізделген.

АК-нің 7-бабының 1) тармақшысына сәйкес азаматтық құқықтар мен мiндеттер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негiздерден, сондай-ақ азаматтар мен заңды тұлғалардың әрекеттерiнен пайда болады, өзгереді және тоқтатылады, өйткенi, осы әрекеттер азаматтық заңнамада көзделмегенiмен, олардың жалпы бастаулары мен мәнiне байланысты азаматтық құқықтар мен мiндеттердi туындатады.

Осыған сәйкес азаматтық құқықтар мен мiндеттер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шарттардан және өзге де мәмiлелерден, сондай-ақ азаматтық заңнамада көзделмегенімен, бірақ Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн мәмiлелерден туындайды.

АК-нің 392-бабының 1-тармағымен қарастырылған сот шарт ережелерiн түсiндiрген кезде ондағы сөздер мен сөйлемдердiң сөзбе-сөз мәнi ескерiледi. Шарт ережесiнiң сөзбе-сөз мәнi түсiнiксiз болған ретте ол бүкiл шарттың басқа ережелерiмен және мағынасымен салыстыру арқылы анықталады.

Іс бойынша тараптардың даулы құқықтық қатынастары олардың арасында жасалған Шарттың ережелерінен туындайды.

Бұл мәміле өзінің құқықтық негізі және шарт ережелерiнің сөздер мен сөйлемдердiң сөзбе-сөз мәнi бойынша команданы жарысқа дайындау және қатыстыру қызметіне ақы төлеу шарты деп танылады.

Істің мән-жайы бойынша волейбол клубы 2018 жылғы маусымдағы волейболдан Қазақстан Республикасы чемпионатына және халықаралық Азия чемпионатына дайындалып қатысқаны анықталған.

Осыған орай Мекеме осы қызметтерге ақы төлеу мақсатында 2018 жылдың 12 шілдесінде Мекеме мен Серіктестік арасында жасақталған мемлекеттік сатып алу туралы №58 шарты бойынша 174 820 800 теңге төленген.

Төлеуге тараптармен қол қойылған 2018 жылғы 16 шілдедегі 88 636 800 теңге көлемінде жұмыстарды орындау туралы №1-ші актісі, 2018 жылғы 24 тамыздағы 47 047 000 теңге көлемінде жұмыстарды орындау туралы №2-ші актісі, 2018 жылғы 26 қыркүйектегі 39 137 000 теңге көлемінде жұмыстарды орындау туралы №3-ші актісі негіз болған.

Мемлекеттік сатып алу туралы №58 шартының мерзімі 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін болғанымен, Серіктестік міндеттемелерін 2018 жылдың 26 қыркүйегіне дейін толығымен орындап, Мекемеден тиесілі төлем ақысын қабылдап алған.

Алайда волейбол командасының 2018 жылғы маусымдық республикалық және халықаралық чемпионаттарына дайындалу және қатысу процесі жалғастырылған. Оның үзілісіне жол бермеу мақсатында Серіктестікпен сотқа ұсынылған құжаттар бойынша шығыстар (ойыншылардың жалақысы, көлік пен тамақтандыруға кететін шығындар) өз есебінен төленген.

Мекеме тарапынан осы жұмыстар бойынша алғашқы тек 2018 жылдың 23 қазанында жарияланған конкурс өткізілмеген деп танылып, 2018 жылдың 22 қарашасында хабарланған екінші конкурс та өткізілмеген болып танылған, тек 2018 жылғы 12 желтоқсандағы үшінші конкурс бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу жүзеге асырылған. Мекеме атқарылған жұмыс туралы актісіне қол қойып, қызметті қабылдап алған.

Жергілікті соттармен аталған мән-жайларға нақты құқықтық баға берілмеген, Мекеме мемлекеттік сатып алу туралы екінші конкурсты кешіктіріп жариялағаны туралы сұрақтар анықталып зерттелмеген.

Атап айтқанда, көрсетілген жұмыстарға мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспары бойынша қанша қаражат бөлінгені, сол жоспарда мемлекеттік сатып алу туралы №73 шартында белгіленген сома қарастырылғаны, егер қарастырылмаса жылдық жоспарға өзгерістер енгізілгені жөнінде зерттелмеген.

Мемлекеттік сатып алу туралы №73 шарты жасақталғанға дейін Серіктестіктің шығындарды өз есебінен төлегендігі туралы уәждер тексерілмеген

Жергілікті соттар тараптар арасында №73-ші шартпен жасалған төлем мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиімді жұмсау, мемлекеттік сатып алу процесінің ашықтығы мен айқындығы, сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу қағидаттарына қайшы келеді деп көрсеткен.

Алайда, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 4-бабында көрсетілген басқа да қағидаттарының, атап айтқанда мемлекеттік сатып алу процесінің ашықтығы мен айқындығы, мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігі туралы (бұл жағдайда – тапсырыс берушінің мемлекеттік сатып алудың жылдың жоспарында қажетті соманың белгілемеуі және дер кезінде конкурс жарияламауы) қағидаттары сақталғандығы тексерілмеген.

Сонымен қатар, осы азаматтық іс бойынша бірінші сатыдағы сот алғашқы қарауының нәтижесімен шығарған 2020 жылғы 11 мамырдағы шешімімен талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдырған.

Апелляциялық сот алқасы сол шешімнің 2020 жылғы 10 тамыздағы қаулысымен күшін жойып, істі ауданаралық экономикалық соттың қайта қарауына жолдағанда, жауапкер шартта көрсетілген жұмыстарды толық орындағанын анықтау үшін Серіктестікке әртүрлі қызмет көрсетушілермен (мысалы, «СВА[...]» ЖШС, «СM[...]» ЖШС, «Қазақстанның волейбол федерациясы» ҚБ және т.б.) көрсетілген қызметтерін жасау негіздерін анықтап, аталған тұлғалардың құқықтары мен міндеттеріне әсер етеді, сондықтан оларды іске тарту арқылы толық

көлемінде қарауды қамтамасыз ету және Серіктестік қандай қызметтер көрсеткенін анықтау үшін сараптама өткізу қажет деп көрсеткен. Бірінші сатыдағы сот істі қайта қарау барысында осы кемшіліктерді жоймаған.

Серіктестік өз тарапынан Сот сараптама институтына жүгініп, 2020 жылғы 6 қарашадағы №57 маманның қорытындысын ұсынған. Қорытынды бойынша Серіктестік 2018 жылдың 1 қыркүйек пен 31 желтоқсан аралығында өнім берушілерге және басқа да контрагенттерге 219 639 735,51 теңге аударғаны, Серіктестік ұсынған бухгалтерлік құжаттарының шеңберінде 177 553 310,43 теңге әкімшілік шығындары анықталған. Алайда, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы аталған қорытындыға нақты құқықтық баға бермеген.

Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы өтінішхатта көрсетілген мән-жайлар өз дәлелін тапты деп санайды. Жіберілген кемшіліктер елеулі болып табылады, өйткені бұл кемшіліктер істің дұрыс шешілмеуіне әкеп соққан.

Осыған орай, алқа осы іс бойынша апелляциялық алқа қабылдаған сот актісінің күшін жойып, істі жаңадан қарауға апелляциялық сатыдағы сотқа жіберу қажет деп санайды.

Істі жаңадан қарау барысында жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді жойып, істің мән-жайын толық, жан-жақты және объективті түрде тексеріп, жиналған дәлелдемелерге материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес дұрыс баға беріп, құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларын қолданып, заңды және негізді шешім қабылдау керек.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 8 қаңтардағы қаулысының күші жойылып, азаматтық іс Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына судьялардың басқа құрамында жаңадан қарауға жолдансын. «АОВК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Н. Сұлтанов

Судьялар

Б. Ералиева

Р. Қуанышбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.