№6003-25-00-2к/701
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 6 қазан Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Н.Б.Ормаханов, судьялар А.А.Рамазанова, А.К.Есдаулетов, талап қоюшы А.Б.Наурызбаеваның және оның өкілі
Л.С.Сейдинованың, жауапкердің өкілі А.Ж.Жакиповтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Адина Байтулеевна Наурызбаеваның жауапкер Эльмира Усибаликызы Кансеитоваға материалдық шығын мен моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық ісі бойынша қабылданған Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 30 желтоқсандағы шешіміне, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 сәуірдегі қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
А.Б.Наурызбаева сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 30 желтоқсандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, жауапкерден талап қоюшының пайдасына 1 894 050 теңге материалдық шығын және 189 940 теңге мемлекеттік баж салығы өндірілген. Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 сәуірдегі қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылып, жауапкерден талап қоюшының пайдасына өндірілген мемлекеттік баж сомасы 189 940 теңгеден 18 941 теңгеге дейін азайтылған.
Кассациялық шағымда жауапкер сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Кассациялық сот жауапкер өкілінің шағымды қолдаған пікірін, талап қоюшы мен өкілінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы түсінігін тыңдап, электронды іс құжаттарын зерделеп, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Іс құжаттарынан және соттармен анықталғандай, талап қоюшы табыс табу мақсатында жауапкердің сөзіне сеніп ешқандай ақшалай табыс таппай тек жауапкердің «Каспий Банк» акционерлік қоғамындағы (бұдан әрі – «Каспий Банк» АҚ) есеп шотына ақша аударған.
Аталған мән-жай сотта зерттелген талап қоюшының «Каспий Банк» АҚ-ғы шотынан үзіндіге сәйкес А.Б.Наурызбаеваның Э.У.Кансеитоваға іс жүзінде ақша аударғаны расталып, яғни жауапкердің ақшаны негізсіз алу әрекеті салдарынан А.Б.Наурызбаеваға материалдық шығын келгені сотта дәлелін тапқан. Ал аталған ақша жауапкер тарапынан толығымен қайтарылғаны жөнінде жазбаша дәлел сотқа ұсынылмаған.
Сондықтан соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 9, 917-баптарын басшылыққа алып жауапкерден талап қоюшының пайдасына 1 894 050 теңге материалдық шығынды өндірген. Алайда кассациялық сот өндірілген соманың мөлшерімен келіспейді.
Себебі талап қоюшы келтірілген материалдық шығынның мөлшерін нақтылау талап қоюында жауапкердің «Каспий Банк» АҚ-ғы шотына 2021 жылдың қаңтар айының 7-нен бастап ақпан айының 25-не дейінгі арылықта ақша аударғанын көрсетіп, жауапкерден 2 021 950 теңгені өндіруді сұраған.
Талап қоюшының «Каспий Банк» АҚ-ғы шотынан үзіндіге сәйкес аталған мерзім ішінде талап қоюшымен жауапкерге аударылған ақшаның мөлшері 1 818 950 теңгені, ал жауапкермен талап қоюшыға қайтарылған ақшаның мөлшері 201 500 теңгені құраған, яғни жауапкермен талап қоюшыға нақты 1 617 450 (1 818 950 - 201 500) теңге қайтарылмағаны анықталған.
Талап қоюшының аталған ақша аударылымынан басқа 2021 жылы 23 ақпанда жауапкерге қосымша Kaspi терминал арқылы 200 000 теңге аудардым деген уәжі негізсіз, себебі талап қоюшымен сотқа ұсынылған түбіртекте жауапкерге 200 000 теңге кімнен және қандай мақсатта аударылғаны анықталмаған.
Талап қоюшының моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюы негізді түрде қанағаттандырудан бас тартылған, себебі АК-тің 951-бабының 4- тармағына сәйкес азаматтың мүлiктiк құқықтарын бұзатын әрекеттер (әрекетсiздiк) арқылы келтiрiлген моральдық зиян өтелуге жатпайды.
Істің мұндай тұрғысында, сот актілер өзгертіліп, жауапкерден талап қоюшының пайдасына өндірілген 1 894 050 теңгеден 1 617 450 теңгеге дейін және мемлекеттік баж сомасы 18 941 теңгеден 16 174 теңгеге дейін азайтылуға, шешім мен қаулының қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылуға, кассациялық шағым ішінара қанағаттандырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 30 желтоқсандағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 2 сәуірдегі қаулысы өзгертілсін.
Жауапкер Эльмира Усибаликызы Кансеитовадан талап қоюшы Адина Байтулеевна Наурызбаеваның пайдасына өндірілген 1 894 050 теңгеден 1 617 450 (бір миллион алты жүз он жеті мың төрт жүз елу) теңгеге дейін және мемлекеттік баж сомасы 18 941 теңгеден 16 174 (он алты мың бір жүз жетпіс төрт) теңгеге дейін азайтылсын.
Шешім мен қаулының қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын. Кассациялық шағым ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Н.Ормаханов
Судьялар
А.Рамазанова
А.Есдаулетов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.