Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 09.06.2026 по делу 6003-26-00-2к/1592 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

№6003-26-00-2к/1592 іс

2026 жылғы 9 маусым Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар Г.М.Даулеткалиева, А.К.Есдаулетов болып,

талап қоюшы А[...],

жауапкер өкілі У[...] қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы, ашық сот отырысында Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 24 желтоқсандағы шешімі мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 18 ақпандағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен,

талап қоюшы А[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Күзет қызметін бақылау комитетінің дипломатиялық өкілдіктерді күзету жөніндегі мамандандырылған күзет қызметі басқармасы» (бұрынғы атауы «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің дипломатиялық өкілдіктерді күзету жөніндегі мамандандырылған күзет қызметі басқармасы») мемлекеттік мекемесіне бала күтіміне байланысты демалыс беруден бас тарту әрекетін заңсыз деп танып, демалыс беруді міндеттеу туралы электрондық азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 18 ақпандағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған, Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 24 желтоқсандағы шешімімен А[...] талап қоюы қанағаттандырылған.

«Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Дипломатиялық өкілдіктерді күзету жөніндегі мамандандырылған күзет қызметі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі -Ө[...]) А[...] бала үш жасқа толғанға дейін ақысыз бала күтімі бойынша демалыс беруден бас тарту әрекеті заңсыз деп танылып, Ө[...] оған бала үш жасқа толғанға дейінгі кезеңге ақысыз демалыс беруге міндеттелген.

Сот шығындары бөлінген.

Талап қоюдың қанағаттандырылуына, Ө[...].А[...] аталған демалыс беру жөніндегі өтінішінің заңда көзделмеген негіздер бойынша қанағаттандырудан бас тартылуы себеп болған.

Жауапкер кассациялық шағымында, соттармен материалдық құқық нормаларының бұзылуына, сот түйіндерінің істің мән-жайларына сәйкес келмеуіне байланысты, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуды сұраған.

Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, оның уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 100-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес жұмыс беруші жұмыскерге ата-анасының таңдауы бойынша - баланың анасына не әкесіне бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс беруге міндетті.

Осы Кодекстің 144-бабына сәйкес әскери қызметтегі адамдардың, арнаулы мемлекеттік, құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары мен мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің еңбегі қызметке кірудің, оны өткеру мен тоқтатудың ерекше шарттары мен тәртібін, ерекше еңбек жағдайларын, еңбекке ақы төлеу жағдайларын, сондай-ақ қосымша жеңілдіктерді, артықшылықтар мен шектеулерді белгілейтін Қазақстан Республикасының арнайы заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген ерекшеліктермен бірге осы Кодекспен реттеледі.

«Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы № 380-IV Заңының 77-бабының 1-тармағына сәйкес жүктілігі және босануы бойынша демалыс, жаңа туылған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерлерге арналған демалыс, бала үш жасқа толғанға дейін бағып-күтуге арналған жалақысы сақталмайтын демалыс қызметкерлерге ақылы жыл сайынғы еңбек демалысынан тыс берiледi.

А[...] 2025 жылғы 21 наурыздан бастап Ө[...] бірінші батальонының инспекторы қызметін атқаруда.

Ж[...] некеде, 2025 жылғы 7 сәуірде балалары А[...] туылған.

Ж[...] Түркістан облысы, [...] жалпы білім беретін мектепте ағылшын тілі пәні мұғалімі болып жұмыс атқарады.

А[...] баласы үш жасқа толғанға дейін ақысыз бала күтімі бойынша демалыс беру туралы 2025 жылғы 31 қазандағы баянаты, Ө[...] 2025 жылғы 12 қарашада қаралып, қанағаттандырусыз қалдырылған.

Сондықтан жауапкердің талап қоюшыға бала күтімі бойынша демалыс беруден бас тартуы заң талаптарына қайшы болып табылады, заңнамаға негізделмеген.

Шағым берілген сот актілерін зерделеу соттардың ұстанымы іс үшін маңызы бар мән-жайларға және сот отырыстарында зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келетінін көрсетті.

Кассациялық шағымда келтірілген уәждер соттардың қарау нысаны болып, даулы сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілгендіктен, сот актілеріне өзгерістер енгізу не олардың күшін жоюға негіз жоқ.

Сондықтан кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 24 желтоқсандағы шешімі мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 18 ақпандағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Кассациялық сатыдағы сот қаулысы ол жарияланған күнінен бастап заңды күшiне енедi.

Төрағалық етуші

Г.Джаппарова

Судьялар

Г.Даулеткалиева

А.Есдаулетов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.