6001-24-00-6ап/3092
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 14 ақпан
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Ғ.Ө.Әлжанов,
судьялар – Б.Т.Нажмиденов, Ж.Б.Ермагамбетова болып, прокурор Б.И.Саттыбаевтың, жауапкердің өкілідерi Е. К.Аубакиров, А.О. Жабаеваның,
ашық сот отырысында талап қоюшы Бекболат Шеримұлы Кылышбаевтың «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Байқоңыр ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Басқарма) қатысты камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны заңсыз деп тану туралы әкімшілік талап қоюы бойынша қабылданған,
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 маусымдағы шешіміне, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысына талап қоюшы келтірілген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды толығымен қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Кассациялық сот алқасының отырысына тиісінше хабарланған талап қоюшы мен оның заңды өкілі қатыспады. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы жауапкер өкілдерінің қарсы пікірін, прокурордың қорытындысын тыңдап, кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерделеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Сотта анықталғандай, талап қоюшы 2011 жылғы 7 қарашадан бастап 2020 жылғы 22 шілдеге дейін Астана қаласының атқарушы округінің жеке сот орындаушысы болып жұмыс істеген.
Заңды күшіне енген Нұр-сұлтан қаласы «Байқоңыр» ауданының сотының 2020 жылғы 28 сәуірдегі шешімімен, жеке сот орындаушы Б.Ш.Кылышбаев 2011 жылғы 7 қарашада берілген № 392 мемлекеттік лицензияның қолданысы тоқтатылған.
2023 жылғы 18 қазанда Басқарма салық есептілігінде анықталған бұзушылықтар туралы №07000002349 камералдық бақылау нәтижесінде мемлекеттік кіріс органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама шығарған.
Хабарлама шығаруға негіз болған «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес, сондай-ақ 200.00 салық есептілігінің нысаны салық есептілігінің деректері бойынша 2020 жылдың үшінші тоқсаны - 2023 жылдың үшінші тоқсаны үшін жеке практикамен айналысатын тұлғаларды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жарналары есептелмегені және төленбегені анықталған. Кассациялық шағымның уәждеріне сай талап қоюшы жеке сот орынаушысы ретіндегі қызметі сот шешімінің негізінде тоқтатылғандықтан, әлеуметтік медициналық төлемдерді төлеуді және салық есептілігін тапсыруға міндетті еместігін көрсетті.
Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің (әрі қарай- Салық кодексі) 1-бабы 1-тармағының 19) тармақшасына сәйкес жеке практикамен айналысатын адам – жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіпқой медиатор болып табылады. Салық кодексінің 66-бабы 2-тармағының 1) тармақшасымен сәйкес дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам қызметті тоқтату туралы шешім қабылданған жағдайда, орналасқан жеріндегі салық органына бір мезгілде қызметін тоқтату туралы салықтық өтінішті ұсыну көзделген.
Осы баптың 3 және 4-тармақтарына сәйкес таратудың салықтық есептілігі қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам салық төлеушілер (салық агенттері) болып табылатын салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің түрлері және әлеуметтік төлемдер бойынша қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш ұсынылған салықтық кезеңнің басынан бастап осындай өтініш ұсынылған күнге дейінгі кезең үшін жасалады.
Қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам таратудың салықтық есептілігінде көрсетілген салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді төлеуді салық органына таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей жүргізеді.
Сонымен, заңнамада белгіленген тәртіпті бұза отырып, талап қоюшы 2020 жылы жеке сот орындаушысы лицензиясынан айырылғаннан кейін Басқармаға қызметін тоқтату туралы салықтық өтінішпен жүгінбеген.
Жергілікті соттар талап қоюшы салық есебінде жеке практикамен айналысатын тұлға ретінде тіркеу есебінде тұрғандықтан, салық органы оның атына салық есептілігін ұсынбау туралы хабарламаны негізді шығарған деген тұжырымдары заңды және олармен кассация алқасы келіседі.
Соттардың келтірген басқа да негіздемелері сот актілерінде толық
көрсетілген.
Кассациялық шағым иесі келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Талап қоюшы Б.Ш.Кылышбаевтың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз болып табылмайды.
ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 маусымдағы шешімімен Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 11 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы Бекболат Шеримұлы Кылышбаевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Ғ. Әлжанов Б. Нажмиденов Ж. Ермағамбетова
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ж. Ермағамбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.