№ 6003-25-00-2к/2925 Қ А У Л Ы
2026 жылғы 19 қаңтар Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші - судья А.К.Рамазанова, судьялар Н.Б. Ормаханов, А.К.Айкенова, талап қоюшы М.М.Мамасериков, оның өкілі Ж.Б. Сариевтің, жауапкердің өкілі Б. Доскуловтың қатысуларымен,
бейнеконференц байланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы Медет Мейрамбекович Мамасериковтің жауапкер «QAZAQGAS AIMAQ» акционерлік қоғамына бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою, бұрыңғы лауазымына қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген уақытына жалақыны және моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюы бойынша
Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 наурыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
М.М.Мамасериков сотқа аталған талап қоюымен «QAZAQGAS AIMAQ» акционерлік қоғамына (бұдан әрі - АҚ) жүгінген.
Тараз қалалық сотының 2024 жылғы 2 желтоқсандағы шешімімен талап қоюы ішінара қанағаттандырылып, «QAZAQGAZ AIMAK» АҚ-ның Жамбыл өндірістік филиалының 2024 жылғы 7 маусымдағы №457-Ж/Қ «Еңбек шартын бұзу туралы» бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылған. Талап қоюшы бұрынғы лауазымына қайта орналастырылған. Жауапкерден талап қоюшының пайдасына лажсыз бос жүрген уақыты үшін 1 815 000 тенге жалақы, 50 000 теңге моральдық зиян және 1 846 теңге мемлекеттік баж алымы өндірілген. Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 наурыздағы қаулысымен сот шешімі өзгертілген.
Шешімнің талап қоюды қанағаттындыру бөлігінің күші жойылып, осы бөлікте талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.
Қалған бөлігінде шешім өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот алқасы заң нормаларын елемей, жауапкер тарапынан М.Мамасериковтің еңбек міндеттерін дәлелді себептерсіз қайталап орындамау немесе қайталап тиісінше орындамаудың нақты белгілері мен оны растайтын дәлелді құжаттары көрсетілмегеніне және мұндай құжаттар тіркелмегеніне қарамастан, ешбір заңға сілтеме жасамай, қарама қарсы шешім шығарғанын көрсетіп, алқа қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Жауапкердің өкілі жазбаша қарсы пікірінде кассациялық шағымды қанағаттандырусыз, сот алқасының қаулысын күшінде қалдыруды сұраған.
Кассациялық сот іске қатысушылардың түсіндірмелерін тыңдап, кассациялық шағым уәждері мен іс құжаттарын тексеріп, төмендегі тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Анықталғандай, М.М. Мамасериков 2022 жылғы 23 тамыздан бастап «ҚазТрансГазАймақ» Акционерлік қоғамы (бұдан әрі - АҚ) Жамбыл өндірістік филиалының (бұдан әрі - ЖӨФ) әкімшілік сұрақтар және менеджмент жүйелері бөлімінің бастығы қызметін атқарған.
«ҚазТрансГазАймақ» АҚ ЖӨФ-ның 2023 жылғы 15 желтоқсандағы Тәртіптік комиссия отырысының №6 Хаттамасына сәйкес, өз қызметтік міндеттерін тиісті орындамаған үшін «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ЖӨФ-ның директорына Әкімшілік сұрақтар және менеджмент жүйелері бөлімінің жұмыскерлеріне: бөлім бастығы М.М.Мамасериковке «қатаң сөгіс», жетекші мамандар И.Д.Адамбаевқа және Ж.К.Ермашовқа «сөгіс» түріндегі тәртіптік жауаптылыққа тарту ұсынылған.
«ҚазТрансГазАймақ» АҚ ЖӨФ директорының 2023 жылғы 15 желтоқсандағы №13-Д бұйрығымен бөлім бастығы М.М.Мамасериковке қатаң сөгіс, жетекші мамандар И.Д.Адамбаев пен Ж.К.Ермашовқа сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылған.
2024 жылғы 7 маусымдағы тәртіптік комиссия отырысының №4 хаттамасына сәйкес, Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің (бұдан әрі - Еңбек кодексі) 52-бабы 1-тармағының 16) тармақшасына сай талап қоюшыны еңбек шартын бұзу түріндегі жауаптылыққа тарту туралы шешім қабылданған. «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ЖӨФ-ның директорының 2024 жылғы 7 маусымдағы №457-Ж/Қ бұйрығымен бөлім бастығы М.М.Мамасериковпен жасалған Еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша 2024 жылдың 7 маусымынан бастап Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 16) тармақшасына сәйкес бұзылған.
2024 жылғы 2 шілдедегі Келісім комиссияның отырысының №4 хаттамасына сәйкес, талап қоюшының 2024 жылғы 7 маусымдағы №457-Ж/Қ «Еңбек шартын бұзу туралы» бұйрықтың күшін жою туралы өтініші қаралып, бұйрықты өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылдаған.
Бірінші сатыдағы сот Еңбек кодексінің 53-бабының 1-тармағына, 52бабының 1-тармағының 16) тармақшасына, 65-бабына, 161-бабының 1- бөлігіне, «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 6 қазандағы № 9 нормативтік қаулысының 16-тармағына сілтеме жасап, шешімін талап қоюшының әрекетінен еңбек міндеттерін дәлелді себептерсіз қайталап тиісінше орындамау, қайталап орындамау белгілері жоқтығымен негіздеген.
Апелляциялық сатыдағы сот, бірінші сатыдағы сот шешімімен келіспей, талап қоюшының тәртіптік жазасы болғанын, еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз қайталап жасамағанын негізге алып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан. Себебі талап қоюшыға 2023 жылғы 15 желтоқсандағы бұйрықпен «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған. Бұйрықтың негізі ретінде 2023 жылғы 15 желтоқсандағы тәртіптік комиссиясының шешімі көрсетілген, бұл бұйрық талап қоюшымен дауланбаған.
Талап қоюшы 2023 жылғы 15 желтоқсандағы түсініктемесінде мемлекеттік сатып алу жұмыстары өз уақытынан кеш жүргізілгендігін көрсетіп, кемшіліктерге жол бермеу үшін, жұмысты жандандыратыны жөнінде көрсеткен.
2024 жылғы 7 маусымдағы тәртіптік комиссия отырысының №4 Хаттамасына сәйкес талап қоюшымен 2024 жылғы 22 және 29 сәуірдегі хаттамалық шешімдері, яғни талап қоюшы атқарған бөлімге Филиалдың аумағына кіретін көліктердің тізімін жаңарту, әкімшілік ғимараттың тазалығын үнемі қадағалау, Филиалдың 2024 жылға арналған істер номенклатурасын жаңарту тапсырылғанымен, ол орындалмағанын және аталған тапсырмалар орындалғаны туралы сотқа дәлелдеме ұсынылмағанын көрсеткен.
Апелляциялық соттың бұл тұжырымымен төмендегі негіздермен кассациялық сот келіспейді.
Бұл ретте сот, жұмыскердің Еңбек кодексінің 65-бабында көзделген тәртіппен тәртіптік жауаптылыққа тартылған бұрын жасалған тәртіптік теріс қылығы болған кезде ғана еңбек шартын осы негіз бойынша бұзуға мүмкін болатынын назарда ұстауы тиіс.
Бірінші сатыдағы сот М.М.Мамасериковтың әрекетінен еңбек міндеттерін дәлелді себептерсіз қайталап тиісінше орындамау, қайталап орындамау белгісі алынып тасталуға жатады деген қорытындыға дұрыс келген. Өйткені келісім комиссиясының №4 хаттамасы уәжделмеген, тек бұйрықты өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылдансын деп шектелген. Жұмыс берушінің тарапынан талап қоюшыны лауазымынан босату туралы бұйрық шығару кезінде оны тәртіптік жауапкершілікке тарту заңнамасының бұзылуымен жүргізілген және заң талаптары сақталмаған.
Бірінші сатыдағы сотпен қабылданған шешімнің негіздері мен себептері істің мәні бойынша заң нормаларына сілтеме жасалып дұрыс қабылданған. Шағымда аталған уәждер толығымен зерделенген.
Сонымен қатар жауапкер тарапымен бірінші және апелляциялық сот сатыларына талап қоюшымен еңбек міндеттерін қайталап тиісінше орындамауын бекітетін нақты жазбаша дәлелдемелер ұсынылмаған. АПК-нің 451-бабы 4-бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы сот сот актілерінде көрсетілмеген не ол жоққа шығармаған мән-жайларды белгілеуге немесе дәлелденген деп есептеуге құқылы емес.
Мұндай жағдайда дау айтылған сот актінің күшін жоюға заңды негіз болғандықтан, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысының күшін жойып, шешім күшінде қалдыруға, кассациялық шағым қанағаттандыруға жатады деп санайды.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2)-тармақшасын басшылыққа алып, сот
Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 наурыздағы қаулысының күші жойылсын.
Тараз қалалық сотының 2024 жылғы 2 желтоқсандағы шешімі күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
«QAZAQGAS AIMAQ» акционерлік қоғамынан Медет Мейрамбекович Мамасериковтің пайдасына өкілдің көмегіне төленген 150000 (бір жүз елу мың) теңге шығындары өндірілсін.
Төрағалық етуші А.К.Рамазанова
судьялар Н.Б. Ормаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.