ВС РК - Постановление от 10.10.2023 по делу 6001-23-00-6ап/88 (Административное)

ҚАУЛЫ

2023 жылы 10 қазан 6001-23-00-6ап/88 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Е.Ж.Өміралиев, Ғ.Ө.Әлжанов болып,

талап қоюшының өкілі адвокат С[...] қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Б[...] жауапкер Түркістан қаласының әкіміне, мұдделі тұлғалар «Түркістан қаласының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, Түркістан қаласы әкімдігінің «Сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалына, А[...], әкімнің қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюы бойынша әкімшілік істі

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 7 маусымдағы шешіміне және Түркістан облысының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 2 қарашадағы қаулысына мүдделі тұлға А[...] кассациялық шағымымен қарастырып,

АНЫҚТАДЫ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 7 маусымдағы шешімен талап қоюшының талабы қанағаттандырылған. Түркістан қаласының әкімдігінің 2005 жылғы 15 қыркүйектегі №2911 Ш[...] Түркістан қаласы, [...] мекен-жайда орналасқан тұрғын үй құрылысы үшін жалпы алаңы 0,1 га жер учаскесіне жеке меншік құқығын беру туралы қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған және сот шығындары өндірілген.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы 2022 жылғы 2 қарашасындағы қаулысымен шешім өзгеріссіз, мүдделі тұлғаның апелляциялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылған. Кассациялық шағымында мүдделі тұлға жергілікті соттардың шешімдерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, істі апелляциялық сатысына қайта қаралуына жолдауды сұраған.

Талап қоюшының өкілі адвокат С[...] түсініктемесін тыңдап, іс құжаттарын және кассациялық шағымында көрсетілген уәждерді зерттеп, сот алқасы келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша осындай заң бұзышылықтар орын алмаған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Түркістан қаласы әкімдігінің 2004 жылғы 21 қыркүйектегі №1898 қаулысымен Түркістан қаласы, [...] мекен-жайында орналасқан жалпы алаңы 0,1 га жер учаскесі Р[...] тұрғын үй құрылысы үшін жеке меншікке берілген.

Түркістан қаласы әкімдігінің 2005 жылғы 15 қыркүйектегі №2911 қаулысымен Түркістан қаласы, [...] мекен-жайда орналасқан жалпы алаңы 0,1 га жер учаскесі Ш[...] тұрғын үй құрылысы үшін жеке меншікке берілген.

Бұрын Р[...] берілген жер учаскесінің қазіргі меншік иесі 2018 жылғы 24 мамырындағы сатып алу-сату келісім шарты негізінде талап қоюшы Б[...] болып табылады.

Бұрын Ш[...] берілген жер учаскесінің қазіргі меншік иесі 2015 жылғы 22 маусымдағы Оңтүстік Қазақстан облысының нотариалдық округінің нотариусы Қ[...] берілген заң бойынша мұраға құқық туралы куәлігінің негізінде мүдделі тұлға А[...] болып табылады.

Сотта анықталғандай, Түркістан қаласы, [...] мекенжайда орналасқан жер учаскесі екі тұлғаға бірдей берілген.

Мемлекеттік мұрағаттың мәліметтеріне сәйкес Р[...] қатысты Түркістан қаласы әкімдігінің 2004 жылғы 21 қыркүйектегі №1898 қаулысының және Ш[...] қатысты Түркістан қаласы әкімдігінің 2005 жылғы 15 қыркүйектегі №2911 қаулысының түбірлері бар, құжаттар қорына қабылданған.

Далалық зерттеу актісіне сәйкес, талап қоюшы Б[...] №19307-032-563 жер учаскесі 2005 жылғы рәсімделген кадастрлық істе жер учаскесінің координат нүктелері алынбай, тапсырыс бланкісімен далалық өлшеу журналы негізінде жасақталған, далалық өлшем журналы (абрис) бойынша [...] метр қашықтықта орналасқан, Түркістан қаласы, Укаш-ата №58 мекен-жайындағы жер учаскесінен (даулы жер) ауытқып басқа жер учаскесінің үстіне беттесе орналасқан, ал мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің графикалық деректер базасында даулы жер учаскесіне түседі. Кадастрлық істегі тапсырыс беру бланкісінің жоспарында көршілес жер учаскелерінде азаматтар А[...], Керимбеков және И[...] жазылған.

Далалық зерттеу актісіне сәйкес, А[...] кадастрлық №19307-032-3541 жер учаскесі кадастрлық істегі далалық өлшем журналы (абрис) бойынша [...] метр қашықтықта орналасқан, яғни Түркістан қаласы, Укаш-ата №[...] учаскесінде орналасқан. Алайда абриспен тапсырыс бланкісінде Накипов [...] ақын көшесінің қиылысы көрсетілген. Ал Түркістан қаласы әкімшілігінің 2005 жылғы 15 қыркүйектегі №2911 қаулысы, Түркістан қалалық жер қатынастарының қаулыға қосымша сызбасы, «Сәулет және қала құрылысы» МКК кәсіпорнының жобасы және көрші жер телімдерімен келісім алған тапсырыс бланкісінің жоспарында Түркістан қаласы, Укаш-ата №58 деп көрсетілген. А[...] жер учаскесі бастапқы 2005 жылы берілген кадастрлық істегі бұрылыс координат нүктелері бойынша даулы жер учаскесіне оңтүстік шығыс жағында бөгде жер пайдаланушылардың жер учаскесіне түседі, мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің графикалық деректер базасында орналасқан жерге сай келмейді. Кадастрлық істегі мәліметтерге сәйкес даулы жер теліміндегі іргелес жатқан көршілер жер учаскелерінде азаматтар А[...], Ш[...] және И[...] жазылған.

Сотта кадастрлық істері зерделеніп, №[...] жер учаскесінің және №[...] жер учаскесінің абрис сызбалары қате жасалғаны анықталды.

№[...] кадастрлық істегі абрис сызбасында жер учаскесі Укаш-ата көшесінде, бірақ [...] метр қашықтықта орналасқан. Тапсырыс беру бланкісінде Укаш-ата көшесі, №58 деп көрсетілген. Көрші жер пайдаланушы ретінде азаматтар А[...], Керимбеков және И[...] жазылған.

№[...] кадастрлық істегі абрис сызбасында жер учаскесі Накипов [...] ақын [...] м қашықтықта орналасқан. Тапсырыс беру бланкісінде Накипова [...] ақын көшесінің қиылысы көрсетілген. Көрші жер пайдаланушы ретінде азаматтар А[...], Ш[...] және И[...] жазылған.

Түркістан қаласы әкімдігінің «Сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММнің сотқа ұсынған жер телімдерінің сызбаларының көшірме нұсқасында Түркістан қаласы, [...] мекен-жайында орналасқан жер учаскесінде Гаухар деген жазылуы көрсетілген, ал көрші жер пайдаланушы ретінде Укаш ата көшесі, №56-да - И[...], Укаш ата көшесі, №60-та - А[...] жазылған.

Бұл орайда талап қоюшы Б[...] даулы жерге құқықтары бұрын туындағандықтан мүдделі тұлға А[...] құқығынан басымдыққа ие болады.

Сонымен қатар, мүдделі тұлға А[...] даулы жер учаскесін пайдаланғаны, жер учаскесіне салық төлемін төлеп тұрғаны жөнінде қандай да бір құжаттарды дәлелдеме ретінде сотқа ұсынбады, керісінше талап қоюшы Б[...] даулы жер учаскесінде құрылыстар жүргізілгені, жер учаскесіне салық төлемдері төленіп тұрғаны анықталды. Бұл мән-жайды растайтын дәлелдемелерді, яғни төлем түбіртектері мен фото есепті талап қоюшының өкілі сотқа табыс етті. Сот алқасы, бір жер учаскесіне екі иелерінің меншік құқығының туындағанын, тіркеу хронологиясына сәйкес даулы жер учаскесіне Р[...] құқығы Ш[...] құқығынан бұрын тіркелгенін, талап қоюшы даулы жер учаскесін пайдаланып жатқанын ескере отырып, Түркістан қаласы әкімдігінің 2005 жылғы 15 қыркүйектегі №2911 қаулысының күшін жоюды жөнінде тұжырырымын дұрыс деп есептейді.

Кассациялық шағымда жаңа уәждер келтірілмеген, ал шағымда көрсетілген уәждеріне алдындағы сот сатыларында дұрыс құқықтық баға берілген. Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдау барысында материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданған, сондықтан сот шешімі негізді және заңды, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілерін күшін жоюға немесе өзгертуге негіз жоқ.

ӘРПК-тің 169-бабын және АПК-тің 451-бабы екінші бөлігінің 1- тармақшасына сәйкес, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 7 маусымдағы шешімі және Түркістан облысының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 2 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын

Мүдделі тұлға А[...] кассациялық шағымын қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С.Баймаханов

Судьялар: Е.Өміралиев

Ғ.Әлжанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.