КСАД РК - Постановление от 02.04.2026 по делу 6003-26-00-4к/7 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 2 сәуір № 6003-26-00-4к/7 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Ә.Ж.Назарова, судьялар – Г.М.Ыдырысова, Д.Н.Нұрлыбаева болып,

прокурор А.С.Камашевтың қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Тұлпар» шаруа қожалығының басшысы Н.Тұрашевтың жауапкер «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Маңғыстау облысының жер ресурстарын басқару департаменті» РММ-не 2025 жылғы 25 тамыздағы №143 нұсқамасын заңсыз деп танып, күшін жою туралы талабы бойынша қабылданған

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 14 қарашадағы ұйғарымы мен Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 желтоқсандағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымы бойынша келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы «Тұлпар» шаруа қожалығының басшысы Н.Тұрашев сотқа жүгінген талабында «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Маңғыстау облысының жер ресурстарын басқару департаменті» РММ-не (бұдан әрі Департамент) 2025 жылғы 25 тамыздағы №143 нұсқамасын заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 14 қарашадағы ұйғарымымен талап қоюшының талап қоюы Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік - процестік кодексінің (әрі қарай ӘРПК) 138-бабының 2-бөлігінің 4) тармағы негізінде қайтарылған.

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 желтоқсандағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Сот актілерімен келіспей, талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерінің күшін жойып, әкімшілік талапты негізінен қарау үшін бірінші саты сотына жолдауды сұраған.

Кассациялық сатыдағы сот іс құжаттарын, шағым уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі–АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Департаментке 2025 жылғы 24 маусымда «eOtinish» ақпараттық жүйесі арқылы NoЖТ-202502096468 болып тіркелген Ж.И. Нурмановтың арызы түскен.

Осы арыздың негізінде Департаменттің 2025 жылғы 18 тамыздағы №368 тексеру тағайындау туралы актісімен «Маңғыстау аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Бөлім) қатысты тексеру тағайындалған.

Тексеру нәтижелері бойынша 2025 жылғы 25 тамызда тексеру нәтижесі туралы акті мен №143 нұсқама қабылданған.

Талап қоюшымен дауланып отырған жауапкердің нұсқамасы Бөлімге қатысты жүргізілген тексеру нәтижесімен соңғыға қатысты қабылданған.

Сондықтан жауапкердің нұсқамасы шаруа қожалығына қатысты жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган қабылдаған әкімшілік акт немесе әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) болып танылмайды және оның Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асырмайды, құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін бұзбайды,

Жауапкермен қабылданған нұсқама жер қатынастар бөлімі үшін ауыртпалық түсіретін әкімшілік акт болып табылады.

Талап қоюшы бақылау мен қадағалау субъектісі болып табылмайды, нұсқамамен шаруа қожалыққа тікелей қандайда бір міндеттер жүктелмеген, құқығын іске асырудан бас тартылмаған, құқықтары шектелмеген, тоқтатылмаған.

ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігінің 4) тармағының талаптарына сәйкес талап қоюға оған қол қоюға немесе оны ұсынуға өкілеттіктері жоқ адам қол қойса талап қою қайтаруға жатады.

Сондықтан соттардың талап қою арызын қайтаруы аталған заң нормаларына сай келеді.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Жоғарыда келтірілгендердің негізінде жергілікті соттардың сот актілері өзгеріссіз, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 14 қарашадағы ұйғарымы мен Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 желтоқсандағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Ә. Назарова Г.Ыдырысова

Судьялар

Д. Нұрлыбаева

⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.