Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 02.04.2026 по делу 6003-25-00-2к/5750 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 2 сәуір №6003-25-00-2к/5750 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы А.Экинның және оның өкілі А.А.Жунусованың, жауапкер С.А.Омарованың және оның өкілі Н.Т.Мусакуловтың, үшінші тұлғалар С.Муралханның, Ж.А.Омарованың, А.Ю.Косжанованың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Акбилек Экин жауапкерлер Әмина Бектасқызы Оңғарбайға және Сейсенкуль Авасаевна Омароваға қарыз соманы өндіру туралы электрондық азаматтық істі талап қоюшының Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 12 мамырдағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 шілдедегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Талап қоюшы А.Экин сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны жауапкерлер қарыз ақшаларын қайтарудан бас тартып жүргенімен негіздеген.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Талап қоюшы А.Экин кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.

Жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

«Соттардың азаматтық процестік заңнаманың кейбір нормаларын қолдануы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 20 наурыздағы № 2 нормативтік қаулысының 9-тармағына сай істің заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиісті мән-жайы ешқандай да басқа дәлелдемелермен расталуға тиіс емес (мысалы, егер мәміленің нақты жағдайлары бойынша дау туындайтын болса, ол келісім-шартпен дәлелденеді).

2022 жылғы 1 қыркүйектегі Ж.А.Омарова мен А.Экиннің арасында 10 800 000 теңгені қарызға алу туралы нотариалды куәландырылған заем шарты жасалған.

2023 жылығы 2 қарашадағы қолхатқа сәйкес «А.Ю.Косжанова А.Экиннен Астана қаласы, Бөгенбай батыр, 54 үй, 260 пәтерде тұратын әйелге 7 200 000 теңгені Жібек Омарова үшін берген. Жоғарыда келтірілген сомаға кепіл ретінде Жібек Омарованың анасы Сейсенкүл Омарованың атындағы, Шымкент қаласы, «Самал» мөлтек ауданы, 1465 үйді аударып берді. Қарыз толық өтелгеннен кейін үйді, кері аударып беруге міндеттенеді».

2023 жылғы 8 желтоқсандағы А.Экиннің қолхатының мазмұнына қарағанда, С.А.Омаровадан 7 200 000 теңге қайтарылмаған соманы даулы тұрғын үйді банкке кепілге қойып, өзіне тиесілі соманы алып, қалған соманы апаға беруге және банктегі несие өтеліп біткен соң үйдің құжаттарын апаға рәсімдеп беруге міндеттенген.

Шымкент қаласы, Абай ауданы, «Самал-3» шағын ауданы, №1465 «А» мекенжайында орналасқан тұрғын үй жер телімімен бірге (бұдан әрі - тұрғын үй) С.А.Омароваға 2020 жылғы 7 ақпандағы №713 сатып алу-сату шарты негізінде меншік құқығымен тиесілі болған.

2023 жылғы 8 желтоқсанда нотариуспен куәландырылған сатып алу-сату шартына сәйкес сатушы С.А.Омарова тұрғын үйді сатып алушы С.Муралханға 28 000 000 теңгеге сатқан.

2023 жылғы 8 желтоқсандағы А.Экиннің қолхатының мазмұнына қарағанда, С.О.Омаровадан 7 200 000 теңге қайтарылмаған соманы даулы тұрғын үйді банкке кепілге қойып, өзіне тиесілі соманы алып, қалған соманы апаға беруге және банктегі несие өтеліп біткен соң үйдің құжаттарын апаға рәсімдеп беруге міндеттенеді.

2023 жылғы 25 желтоқсанда «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Банк) және С.Муралхан арасында №AF1/2023/F/L/213575 қосылу шартына өтініш беру арқылы соңғыға 12 500 000 теңге мөлшерінде 21,5% сыйақы мөлшермесімен 120 ай мерзімге несие берілген (бұдан әрі - банктік қарыз шарты).

2023 жылғы 25 желтоқсандағы Банк (кепіл ұстаушы) пен С.Муралхан (кепіл беруші) арасында жасалған №AF1/2023/W/P/01173 жылжымайтын мүлікті кепілге беру туралы шартына (бұдан әрі - кепіл шарты) сәйкес, С.Муралхан тұрғын үйді банкке кепілге қойған.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі шешімімен талап қоюшы С.А.Омарованың жауапкерлер С.Муралханға, А.Экинге, Банкке жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату шартын және кепілге беру шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы қанағаттандырылып, 2023 жылғы 8 желтоқсандағы сатушы С.А.Омарова мен сатып алушы С.Муралхан арасында жасалған тұрғын үйді сатып алу-сату шарты, 2023 жылғы 25 желтоқсандағы Банк пен С.Муралхан арасында

жасалған тұрғын үйді кепілге беру шарты жарамсыз деп танылған. Осы істі бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда қараған кезде тараптар арасында даулы сатып алу-сату шарты жасалғаны, алайда, талап қоюшы С.А.Омарова жауапкер С.Муралханға даулы мүлікті сату ниеті болмағаны, шын мәнінде талап қоюшының қызы Ж.А.Омарованың жауапкер А.Экинге қарыз шартының міндеттемесін қамтамасыз ету мақсатында кепіл орнына жалған жасалғаны анықталған.

Сот актілерімен талап қоюшы А.Экинге жауапкер С.А.Омарова қарыз еместігі, ақшаны қарызға оның қызы Ж.А.Омарова алғаны бекітілген, тиісінше АПК-тің 76-бабының 2-бөлігінің негізінде бұл мән-жайлар қайта дәлелденуге жатпайды.

Сонымен қатар, талап қоюшы А.Экинмен жауапкер Ә.Оңғарбайға аударылған ақша сомалары да Ж.А.Омароваға тиесілі және соңғысы бұл ақшаларды алғанын, қажет болған соң талап қоюшы А.Экиннен қарызға сұрап алғанын, алдағы уақытта қайтаратынын сотта растады.

АПК-тің 72-бабына сәйкес сотта талап қоюшы өз талаптарын растайтын мән-жайларды дәлелдей алмады және жауапкерлердің уәждерін теріске шығаратын немесе күмән туғызатын мәліметтерді ұсынбады.

Істің мұндай тұрғысында талап қоюды қанағаттандыруға құқықтық негіздер жоқ деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 шілдедегі қаулысы күшінде, талап қоюшы Акбилек Экиннің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Бастаубаев

Судьялар М.Кадырова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.