КСАД РК - Постановление от 30.09.2025 по делу 6003-25-00-4к/1304 (Административное)

ҚАУЛЫ

30 қыркүйек 2025 жыл №6003-25-00-4к/1304 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші Ж.А.Оспанова, судьялар – Н.Е.Нуралыева, М.А.Туғанбаев болып, прокурор О.С.Пернеевтің, талапкердің өкілі А.Т.Кырыкбаевтың, жауапкердің өкілдері Н.Т.Досмырзаеваның, А.С.Анкишеваның қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «КазСтрой-К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – талапкер, ЖШС) жауапкер «Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Алматы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – жауапкер, Басқарма) шешімдері мен әрекеттерін (әрекетсіздіктерін) заңсыз деп тану туралы талап арызы бойынша қабылданған

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылдың 21 қазанындағы шешімі мен Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылдың 25 желтоқсанындағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Басқарма 2024 жылдың мамыр айының 24-де ЖШС-ның атына камералдық бақылау нәтижелері бойынша мемлекеттік кіріс органдары анықтаған орташа тәуекел дәрежесі бар бұзушылықтарды жою туралы екі хабарлама шығарған:

  1. № 6202VM100001 – оған сәйкес талап қоюшының 300.00 нысанындағы салық есептілігі бойынша бұзушылықтар анықталған;

бақылау кезеңі: 2021 жылдың 1 сәуірі мен 2024 жылдың 31 наурызы аралығы;

бұзушылықтың мәні: «Қайта тіркеуі жарамсыз деп танылған салық төлеушімен өзара есеп айырысу бойынша қосылған құн салығының (ҚҚС) сомасын есепке заңсыз жатқызу, мұндай жағдайда Салық кодексінің 400бабының 1-тармағының 1-тармақшасы мен 403-бабының 4-тармағына сәйкес ҚҚС сомасы есептен алып тастауға жатады.»;

бұзушылық сомасы: 16 216 071 теңге;

  1. № 6202VM200001 – оған сәйкес талап қоюшының 100.00 нысанындағы салық есептілігі бойынша бұзушылықтар анықталған;

бақылау кезеңі: 2021 жылдың 1 қаңтары мен 2023 жылдың 31 желтоқсаны аралығы; бұзушылықтың мәні: «КТС/ЖТС бойынша шығыстарды шегерімге заңсыз жатқызу, Салық кодексінің 264-бабының 2-тармағына сәйкес қайта тіркеуі жарамсыз деп танылған салық төлеушімен өзара есеп айырысулар бойынша шығындар шегерімге жатпайды»;

бұзушылық сомасы: 27 026 786 теңге.

Аталған хабарламалар салық төлеушіге электрондық тәсілмен «Салық төлеушінің кабинеті» веб-қосымшасы арқылы жолданған және 2024 жылдың 16 сәуірінде заңды күшіне енген 2024 жылдың 15 наурыздағы Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының (бұдан әрі – МАЭС) шешіміне негізделген.

Бұл сот шешімімен Басқарманың талап қоюы қанағаттандырылып, 2023 жылдың 10 ақпанында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының № 3120 бұйрығының негізінде жүзеге асырылған талапкермен есеп айырысушы (контрагент) «Тарлан Строй Аспект» ЖШС-нің қайта тіркеуі жарамсыз деп танылған.

Басқарманың жолдаған хабарламаларымен келіспей, талапкер жоғарыда көрсетілген талап арызбен сотқа жүгінген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылдың 21 қазанындағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылып, Басқарманың 2024 жылдың 24 мамырындағы талапкерге жолдаған № 6202VM100001, № 6202VM200001 камералдық бақылау нәтижелері бойынша мемлекеттік кірістер органдары анықтаған тәуекел дәрежесі орташа бұзушылықтарды жою туралы хабарламалары заңсыз деп танылып, олардың күштері жойылған.

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылдың 25 желтоқсанындағы қаулысымен сот шешімі күшінде қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымда істі қарау барысында зерттелген дәлелдемелерге дұрыс баға берілмегендігін, материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмағандығын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, іс бойынша талап арызды қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім қабылдауды сұрайды.

Тараптар өкілдерінің түсініктерін, прокурордың сот актілерін күшінде қалдыру туралы қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Осы іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) Қазақстан Республикасының Кодексінің 94-бабына сәйкес салық төлеушi ұсынған салықтық есептілікті, уәкілетті мемлекеттік - органдардың мәліметтерін, сондай ақ салық төлеушінің қызметі туралы басқа да құжаттар мен мәліметтерді зерделеу және талдау негiзiнде салық органдары жүзеге асыратын бақылау камералдық бақылау болып табылады. Оның мақсаты – салық органдары камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықтаған бұзушылықтарды салық төлеушіге дербес жою құқығын беру.

Салық кодексінің 96-бабының 1-тармағына сәйкес камералдық бақылау нәтижелері бойынша тәуекел дәрежесі орташа бұзушылықтар анықталған жағдайда ол бұзушылықтардың сипаттамасы және олардың тәуекел дәрежесі қоса беріле отырып, камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама рәсімделеді.

Салық кодексінің 114-бабының 2-тармағының 10) тармақшасында камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламалар салық есептілігінде бұзушылықтар анықталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей салық төлеушіге (салық агентіне) жіберілуге тиіс деп белгіленген. Алайда осы іс бойынша соттар анықтағандай, Басқарма жоғарыда көрсетілген камералдық бақылау нәтижелері бойынша шығарылған хабарламаларды салық төлеушіге бұзушылықтар анықталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктіріп жолдаған. Аталған заңбұзушылық соттардың талап арызды қанағаттандыруға заңды түрде негіз болған, себебі камералдық бақылауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік органның салық заңнамасын елеулі түрде бұзуға жол беруі оның нәтижелері бойынша шығарылған хабарлама нысанындағы даулы әкімшілік актілерін заңсыз деп тануға және олардың күштерін жоюға әкеп соғады.

Өз кезегінде, соттар салық органы хабарламаларды жіберу мерзімін өткізіп алу себебтерінің дәлелділігі туралы қандай да бір негізді уәждер мен дәлелдерді сотқа ұсынбағанына дұрыс назар аударған, себебі ӘРПК-нің 129 бабына сәйкес дау айту жөніндегі талап қою бойынша дәлелдеу ауыртпалығын ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдаған жауапкер, яғни Басқарма көтереді.

Жоғарыда баяндалғандардың негізінде, кассациялық сот жергілікті соттардың дауланып отырылған камералдық бақылау нәтижелері бойынша шығарылған Басақарманың хабарламалары заңсыз, сол себепті олардың күші жойылуға жатады деген тұжырымдарымен келіседі және осы іс бойынша қабылданған соттардың шешімдерін заңды деп таниды.

АПК-тің 452, 426-шы бабтарына сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Жаңа дәлелдердің болмауына байланысты шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Мұндай жағдайда жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылдың 21 қазанындағы шешімі мен Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылдың 25 желтоқсанындағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Оспанова Ж.А.

Судьялар Нуралыева Н.Е.

Туғанбаев М.А.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.