6001-24-00-6ап/2101
Қ А У Л Ы
2025 жылғы 14 мамыр
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев, судьялар Г.К.Нұрбаев, Е.Д.Өміралиев, талап қоюшы М.С.Жунисбаеваның, оның өкілі А.Нұргүлдің
қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Макпал Сейдахановна Жунисбаеваның жауапкер мемлекеттік сот орындаушысы Ардақ Еркінұлы Әділханға іс жүргізуді қысқартудан бас тарту туралы іс-әрекетін заңсыз деп тану, 2024 жылғы 4 наурыздағы атқарушылық іс жүргізуді қысқартудан бас тарту туралы қаулының күшін жою арқылы, жіберілген құқықбұзушылықтарды жоюға міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша,
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 22 сәуірдегі шешіміне, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 маусымдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы М.С. Жунисбаева сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгініп мемлекеттік сот орындаушысы Ардақ Еркінұлы Әділханның (бұдан әрі - МСО) іс жүргізуді қысқартудан бас тарту туралы іс-әрекетін заңсыз деп танып, атқарушылық іс жүргізуді қысқартудан бас тарту туралы қаулының күшін жоюды, жіберілген құқықбұзушылықтарды жоюға міндеттеуді сұраған.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 22 сәуірдегі шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған. Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 6 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды қағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Талап қоюшы және оның өкілінің кассациялық шағымды қолдаған пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарынан анықталғандай, жауапкердің орындауында Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 7 қыркүйекте шығарған шешімі болған. Ол бойынша талап қоюшы борышкер ретінде «Алматы қаласы қала құрылысын бақылау басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің пайдасына жалпы көлемі 0,0101 га жер телімін, Алматы қаласы, Алатау ауданы, «Ақбұлақ» ықшам ауданы, 1- ші көшеде орналасқан дүңгіршектерді (киосктерді) бұзып, мемлекет пайдасына қайтаруы қажет болатын. Осы себеппен соттың шешімі мен өндіру туралы атқару құжаты түскендіктен, 2023 жылдың 11-сәуірінде атқару өндірісі қозғалған.
Атқару өндірісін жүргізу барысында, 2024 жылғы 27 ақпанда талап қоюшы (борышкер) «E-otynish» платформасы арқылы қозғалған атқару өндірісін қысқартуды жауапкерден сұраған. Жауапкердің 2024 жылғы 4 наурыздағы қаулысымен атқару құжаты орындалмағандықтан өтінішті қанағаттандырудан бас тартылған. Сондықтан да талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талаптарымен сотқа жүгінген.
«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 47-бабының 1-мармағының 7)мартмақшасына сәйкес атқарушылық iс жүргiзу, егер атқарушылық құжаттың өндiрiп алу немесе өзге де талабы толық көлемде орындалса, тоқтатылады.
Бірінші сатыдағы сот 2024 жылғы 18 сәуірдегі көшпелі сот отырысында анықтағандай, сот шешімі толық орындалмаған, дүңгіршектер алынбаған, бұл бағыттағы жұмыстар толықтай бітірілмеген, оның үстіне бұл жағдай іске тіркелген фотосуреттер мен бейнежазбалармен расталған.
Кассациялық шағым иесінің мемлекеттік меншіктегі жер тілімінің аумағы 0,0101 га емес, бар-жоғы 0,0056 га құрайды деген уәжін сот алқасы ескере алмайды, өйткені Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 7 қыркүйекте шығарған шешімінде жер телімінің аумағы нақты көрсетілген, бұл мәселе АПК-нің 237-бабына сәйкес шешімді түсіндіру туралы арыз беру арқылы шешілуі тиіс.
Мұндай жағдайда, жергілікті соттардың жауапкердің атқарушылық өндірісті қысқартпауы заңнама таплатарына қайшы келмейді деген тұжырымымен сот алқасы келіседі.
Сонымен қатар, сот алқасы талаптың іс жүргізуді қысқартудан бас тарту туралы іс-әрекетін заңсыз деп тану туралы бөлігі әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға келесі себептер бойынша жатпайды деп санайды.
ӘРПК-нің 4-бабы 1-бөлігінің 4), 5-тармақшаларына сәйкес, әкімшілік акт – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім.
Әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) – әкімшілік органның, лауазымды адамның жария-құқықтық қатынастардағы, әкімшілік акт болып табылмайтын әрекеті (әрекетсіздігі).
Яғни, қабылданған әкімшілік акт бар болған жағдайда оны қабылдау бойынша әрекеттер даулануға жатпайды, өйткені талап қоюшыға қолайсыз жағдай ауыртпалық салатын әкімшілік актінің салдарынан туындайды.
Алайда, мәні бойынша дұрыс шешім қабылданғандықтан бұл мәселе АПК-нің 427-бабының 3-бөлігіне сәйкес сот актілерін бұзуға негіз болып табыла алмайды.
АПК-нің 452-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін өзгертуге немесе олардың күшін жоюға негіз бола алмайды.
Мұндай жағдайда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1)тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 қыркүйектегі шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 22 қазандағы қаулысы өзгеріссіз, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Б.Дуйсенбаев Судьялар Г.К.Нұрбаев Е.Д.Өміралиев
Көшірмесі дұрыс: Судья Г.К.Нұрбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.